Кәсіби журналистиканың қыр-сыры сөз болды

/uploads/thumbnail/20170709020533186_small.jpg

Кеше Алматыда экономикалық сарапшы-мамандар мен экономика тақырыбын қаузап жүрген журналист-майталмандар бас қосты. Talk форматында өтетін шарада журналистиканың осы саласындағы негізгі проблемалары талқыланды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Экономиканың бірнеше салалары бар: Қазақстандағы биржа, ақша, валюта, жерасты байлық мәселелері, олардың игерілуі, агроөнекәсіптің дамуы, инновациялық жобалар және тағысын тағылары. Сарапшы мамандар: «Экономикалық тақырыптарды оқырманға түсіндірмегеннен кейін, мемлекеттің де экономикасына елеулі зиян келуде, оның алдыға жылжымайтынының бір себебі осында» дегенді алға тартады. Ал, экономика саласына қалам тартатын қазақтілді журналистердің қатары тіптен аз. Дәстүрлі БАҚ майталмандары: «орыстілді журналистикада экономиканың банк пен қаржы, биржа, мұнай-газ, өндіріс, тағы басқа салаларының әрқайсысына бейімделген журналистер бар. Бізде жалпылама жазу үрдісі байқалады. Яки, қазақ журналистері солардың ой-пікірін, көзқарасын ана тілімізде өз оқырманына түсінікті етіп жеткізу, соларды мемлекеттік тілде сөйлету функциясын мойнына жүктеп жүр. Экономика – жеңіл сала емес. Сондықтан, салалық журналистерге шеберлік сыныптарын ұйымдастыру артықтық етпейді» дейді. 

Айта кетейік, осы мақсатта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен аймақтық басылымдардағы экономика саласына жазатын қазақтілді журналистерге «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында семинар-тренинг өткізген болатын. Қызылорда, ОҚО, Жамбыл облысының редакторлары мен журналистерін қамтыған бұл жобаның мақсаты − аймақтық басылымдардағы экономика тақырыбына жазатын қазақтілді журналистерге мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы, облыстар мен аудандарға бөліну критерийлері және т.б. мәліметтерді түсіндіруге бағыттылған. Тренинг аясында мемлекеттік мекемелер дайындайтын қорытынды есеп және өзге бюджет үдерісіне қатысты мәліметтерді халыққа түсінікті етіп жеткізуде сараптамалық мақалалар мен зерттеулер дайындау жолы көрсетілді.

Экономика саласына жазатын журналистерді ынталандыру және мемлекеттік бюджет мәселелерінің бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуын қолдау мақсатында жобасы аясында «Мемлекеттік ашық бюджет» тақырыбына арналған үздік зерттеу мақалаларға байқау жарияланды. Шара барысында сол байқаудың жеңімпаздары марапатталады.

Айта кетейік, Оңтүстіктегі сапарын сәтті аяқтаған «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» жобасы алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан аймағындағы қазақтілді журналистерге жол тартпақ. Жоба ұйымдастырушылары talk форматындағы шараға жиналған мамандардан жобаға қатысты ұсыныс-тілектерін білуге ниет танытып отыр.

Асқар Көшкінбаев, Сорос-Қазақстан қорының «Жергілікті бюджет» бастамасының үйлестірушісі:

– Еліміздегі қазақтілді басылымдарда бюджеттік ашықтық және есептілік тақырыбына аз көңіл бөлінуде. Оқырман қауымның аталған тақырыптағы ақпарат, зерттеу мақалаларға деген қызығушылығы жоғары. Демек, бұл мәселеге халықтың назарын аудару үшін осы салада берілетін кез келген мәлімет түсінікті болуы шарт. Жобамыздың мақсаты да ашықтық мәселелерінде емін-еркін жаза алатын қазақтілді журналистер қатарының артуына атсалысу.

Өмірзақ Айтбайұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик:

– Бүгінгі ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін оқырманға ұсынылатын кез келген мәлімет жан-жақты зерттелген, сарапталған, замана талабына сай өңделген болуы аса маңызды. Экономика саласына қалам тербейтін журналистерге арналып түрлі семинар-тренингтер өткізіліп жатады. Сондай айтар ақпары бар, ұсынар мәліметі мол жобаны қазақ тілді журналистер арасында өткізуді жөн санадық. Себебі, бұқараның мұң-мұқтажын көтеруде қазақы басылымдардың орны бөлек. Оның үстіне, қазақ тіліне қатысты кез келген жоба әрқашан «Қазақ тілі» қоғамының қолдауына ие.

Связанные Статьи