Алматыдағы «Таугүл» ықшам ауданының тұрғындары қала әкімдігі баспасөз қызметінің өтірігін әшкереледі, - деп хабарлайды Qamshy.kz informburo.kz – ке сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, 2015 жылдың күзінде ықшам аудандағы бір аулада газ құбырын тарту жұмыстары жүрген. Мердігер «Тараз-Агро-Пром-Сервис» компаниясы құбыр жүргізген соң, қазылған жерден алынған топырақты аулаға шашып кеткен. Осыған байланысты тұрғындар әкімнің атына хат жазады. Мердігер компания болса, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге міндеттеледі. Алайда, жарты жылдан астам уақыт өтсе де ол жұмыс атқарылмаған. Ал, 27 мамыр күні екі азамат қазылған топырақты күрекпен аула ішіне жайып кеткен.

Осы «қалпына келтіру» жұмыстары туралы әкімдіктің Фейсбук желісіндегі парақшасында кеше пост жарияланған. Онда «Спецгрупп монтаж» ЖШС ауланы абаттандыру жұмысы қалпына келтірілді», - деп жазылып, бірнеше сурет жарияланған. Тұрғындар ол суреттер басқа аулада түсірілгенін, ал, өздері дабыл қаққан аудандағы жағдай әлі сол қалпында екенін айтып отыр.
