Бұрынғы төтенше жағдайлар министрі, қазір мәжіліс депутатының креслосына жайғасқан Владимир Божко Украина саясаткері Ирина Фарионды салдақыға теңеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Депутат бұл мәлімдемесін Қарағандыда этно-мәдени орталықтар өкілдерімен кездесуде айтқан.
Депутат елдің оңтүстік өңірлерінде орыс тілінің қолданыс аясы тарылып, ол тілде оқытудың азайғанына алаңдаулы көрінеді. Ол бұл жағдайды кеңестік кезеңдегі қазақ тілінің тағдырымен ұқсататынын аңғартқан.
«Біреулер білер, біреулер білмес, 1991 жылы елде қазақша оқытатын жалғыз-ақ жоғары оқу орны болды. Ол – қыздар педаогикалық институты. Қалғандары түгел орыс тілінде оқытты. Мен мектепті Алматыда оқыдым, бізде қазақ тілі мұғалімі болмады. Яғни, қазақтар өз тілдерін жоғалтып ала жаздаған жағдай болған», - деген депутат мұндай жағдайдың енді орыс тілінің басында қайталанбау керектігін айтыпты.
Украина мен Ресейдің тіл мәселесіндегі келіспеушілігі қақтығысқа ұласқанын Божко тақырыпқа тұздық етіпті. Қызды-қыздымен өзара даулы мәселелері бар екі елдің ішкі жұмысына араласып, бірінің саясаткерін салдақы етіп тастапты.
«Мен тарихтың ана салдақы Фарионды (И. Фарион – Украинаның ұлттық бағыттағы саясаткері – ред.) орнына қойғанын қалаймын. Сіздер мені кешіріңіздер, әрине, ол Украинада халықтың 30-40 пайызы орыс тілінде сөйлейді дейді, негізі онда барлығы орысша сөйлейді. Ол орыс тілінде сөйлейтіндерді адам санамайды, орысша сөйлеуге құқық бермеуді, орысша ән тыңдаған таксишілерге айып пұл салу керек дейді. Мұндайды жоғары заң шығарушы органда айту үшін қандай нақұрыс болу керек?», - деген Божко өзінің бұл төтенше мәлімдемесі бөтен елдің ішкі саясатына араласу екенін аңғармай қалған секілді.
Аңғармағаны болса керек, Украина қоғамындағы тіл мәселесіне «мемлекеттік басқару органдарының жұмысындағы олқылық» деп баға да беріп тастапты.
Депутат Қазақстанның бұл мәселедегі «жетістіктеріне» тоқталуды да ұмытпаған.
«Құжат айналымы екі тілде жүргізіледі. Хат қай тілде келсе, сол тілде жауап жазылады. Бұл қоғамдағы шиеленіс ошақтарын жоюға көмектеседі», - депті В. Божко.
Біздегі билік өкілдерінің халықаралық мәселеде дөрекілік танытуы бір бұл емес. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да мамыр айында Мәскеу қонақ үйлерінде дәретхана жуатын қырғыз қыздарын сөз етемін деп, көрші елдің Сыртқы істер министрлігі наразылық нота жіберуіне себеп болғаны бар.