РЕСЕЙЛІК ҚАЙРАТКЕР ҚАЗАҚСТАНДЫ «ЕКІНШІ УКРАИНА» ЕТУ НИЕТІН АШЫҚ АЙТТЫ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709024003606_small.jpg

Ресей тарапынан еліміздің егемендігі мен территориялық тұтастығына күмән келтіретін тағы бір мәлімдеме жасалды. Кеше «Русь православная» талдау агенттігінің директоры Константин Душеновтың мәлімдемесі ресейлік БАҚ-та таралуда.

Константин Душенов өзінің жеке сайтында Ақтөбе қаласында 5 маусымда болған қанды оқиғаға «Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп баға бере келе, «Қазақстан тек қазақтардың елі емес. Қазақстанды мемлекет деп айтуға мүлдем болмайды. Ол Ресейдің көмегімен хат таныған тайпалардың бірлестігі» екендігін айтып отыр.

Ақтөбедегі оқиға діни фанатизмге бой алдырғандардың ісі дей келе, ол оқиғаның «Ресейге, Қазақстандағы орыс диаспорасына қауіп төндіретінін, жергілікті ұлтшылдардың Украина, Балтық елдеріндегідей антиорыстық шу шығаруға пайдаланатынын» болжап отыр.

«Мәселе, біздің Қазақстанда да Украинадағыдай бомба көріп отырғанымызда. Назарбаев ақылды, қу. Ол Қазақстанды Ресейден бөліп алса, барлығы құритынын біледі. (...) Ол қазір қартайды. 1986 жылдан бері билікте отыр. Өзі де ұлтшылдардың көтерілуі нәтижесінде басшылыққа келген. Содан бері 30 жыл Қазақстанды басқарып отыр. Қазір қартайды. Теледидардан оның әрең жүріп жүргенін көруге болады. Ол кеткен соң не болады? Орнына келген азиаттар Қазақстанды қай бағытқа қарай бағыттайды. Бұл бейқам қарайтын мәселе емес. Бұл біздің де ұлттық қауіпсіздігіміздің мәселесі. Өйткені, оның орнына келген азиаттар банерашылардан да асып түсіп, қырғын жасауы мүмкін. (...) Сол үшін біз ресми түрде, мемлекеттік деңгейде орыс халқы бір мемлекет құрамында өмір сүруге құқы барын бекітуіміз керек. Осындай бағытта Қазақстандағы орыстарға қолдау жасау керекпіз. Ол бірінші кезекте Қазақстандағы орыстардың Ресеймен байланысын үзбеуіне көмек көрсету керек. (...) Сонда ғана Назарбаевтың орнына болашақта кім келсе де, 1991 жылы заңсыз алынған, орыстар қоныстанған Ресей территориясы Қазақстаннан қайтарылып, Ресей құрамына өтуі керек!», - дейді К. Душенов.

Көріп отырғанымыздай, ресейлік саясаткерлер мен небір қайраткерлер осы уақытқа дейін мемлекеттік деңгейдегі өздерінің империялық пиғылдарын еш бүкпесіз ашып айтып келеді. Қазір қазақ қоғамы В. Жириновский бастаған ресейлік саясаткерлердің шовинстік ұстанымдағы мәлімдемелеріне еш таң қалмайтын деңгейге жетті. Осының алдында, сәуір айында «Другая Россия» партиясының жетекшісі, орыс жазушысы Э. Лимонов «Қазақстанның солтүстігі мен шығысындағы, батысындағы орыс қалалары Назарбаев биліктен кеткен соң толықтай Ресей құрамына өтуі керек» деген болатын. Э. Лимоновтың ол сөздеріне де Қазақстанның ресми органдары тарапынан ешқандай реакция байқалмады. Наразылық нотасын жіберу былай тұрсын, ақпараттық алаңда мемлекеттік идеологияға жауапты тұлғалар пікір білдіруге жарамады.

Бір өкініштісі, Лимоновтың да, Душеновтың да айтып отырғаны ол «қайраткерлердің» жеке пікірі емес. Ресейдің мемлекеттік деңгейдегі ұстанымы. Солтүстік көршіміздің «Отандастар» бағдарламасы бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің ғана емес, әлемнің кез келген мемлекетіндегі орыстар мен Ресейде өмір сүруді қалайтын азаматтарды түгелдей «отандастар» деп санайды. Оларға Ресей азаматтығын беру, материалдық жәрдем көрсету мәселелері мемлекеттік деңгейде қарастырылып, нақты тетіктері белгіленген. Украинаның Қырым автономиясын аннексиялаған Ресей онымен шектеліп қалмай, Донецк пен Луганск облыстарында «Жаңа Ресей» жобасын жүзеге асырып, қарулы қақтығыстар жасады. Бір елдің территориялық тұтастығына қауіп төндіріп қана қоймай, мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығын ойыншық етті. Әлемдік қауымдастық Ресейдің бұл ұстанымын ашық сынап, түрлі санкциялар жарияласа да көршіміз бастапқы пиғылынан қайтар емес. Душеновтің сөзіне қарасақ, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалды жіті бақылап отырған Ресей Украинадағы жағдайды Қазақстанда жасауға шындап кіріскен сыңайлы...

Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи