ТӘКПІРШІЛЕР ТӨҢКЕРІС ЖАСАМАҚ БОЛҒАН БА?

/uploads/thumbnail/20170709024729378_small.jpg

Ақтөбедегі қанды қырғынға ертең 10 күн болады. Қарулы қылмыскерлер қолынан 7 адам қаза тауып, 38 адам жарақаттанды. Бір аптаға созылған антитеррорлық операция барысында полиция мен арнайы жасақ содырларды да оңдырмады. 18-і ажал құшып, бірнешеуі жарақат алып, қолға түсті.

10 маусым күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қарулы қылмыскерлерді қатаң айыптап, мұның қандай діни ұстанымдағы ағым өкілдеріне қатысы барын ашық айтты.

«Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының  террористік шабуылы екенін біз қазір біліп отырмыз. Республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, біз діннің атын жамылып елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру ниетіндеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше рет терракт болып, адам шығыны, үлкенді-кішілі жарылыстар орын алды. Діни ағымдардың жетегіндегі ондаған адамның Ақтау түрмесінен қашып, қанды қырғын жасағаны және бар. Алайда, сол терактілер кезінде адасқандардың ісі деп бағаланғанымен нақты мына ағымға ерушілер деп ешкімді қолмен көрсетпеген болатын арнаулы органдар. Ал, бұл жолы жоғарғы билік қанды қырғынға бірауыздан «теракт» деп баға беріп қана қоймай, Президенттің өзі бұл бүліктің артында қандай ағым тұрғанын айтып берді. Теріс ағымдарды тыю, алда мұндай қантөгістердің қайталанбауы үшін құқықтық-заңнамалық жүйені қайта қарауды, екі ай ішінде тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды құзырлы органдарға.

Енді Ақтөбедегі оқиғаға қайта оралсақ. 45 адам (министр Қ. Қасымов осылай деп отыр) не үшін қолына қару алып, қылмысқа барды? Қылмыс неге басқа күні емес дәл 5 маусымда (Оразаның бастауынан бір күн бұрын) жасалды? Терактілердің негізгі мақсаты қорқыту, бүлік шығару дейміз. Бүлік, қорқыту керек болса ондай әрекетке баруға жалпыреспубликалық митинг өтеді делінген 21 мамыр таптырмас мүмкіндік емес пе еді? Қылмыс орны үшін неге Ақтөбе таңдап алынды? Лаңкестердің серкесі кім? Дайындыққа қанша уақыт кеткен? Осы секілді сандаған сұраққа антитеррористік операция (АТО) қорытындысы шыққанда жауап та табылады деп сенеміз.

Ал, әзірге діни ұйымдар (ҚМДБ, мешіт, діни оқу орындары) өкілдері, дінтанушылар мен әлеуметтенушылар, құзырлы мемлекеттік органдардың мамандары берген түрлі баға мен ұсыныстарды қанағат тұтуға мәжбүрміз. Құқық қорғау, күштік құрылымдардың кей әрекеттеріне қатысты пікір алшақтығы болмаса, қоғам мүшелерінің бұл қанды қырғынға қатысты ойы бір жерден шығып отыр. Бірді-екілі дін айналасында жүрген азаматтар Ақтөбедегі қырғынның ертесіне «Бұның дінге еш қатысы жоқ. Діннен бөлек қарау керек» деген мәлімдеме жасағанымен, терактінің адасқан болса да діни ағымның өкілдері жасағанын бүгінде ешкім жоққа шығармайды. Ал, Президенттің өзі «Бұл – салафизм ағымына ерушілердің ісі» деген баға берген соң оқиғаның «дінге қатысы барына» ешкімнің күмәні де қалмаған сияқты. Тек, салафизмді ақтап, батыстағы бүлікшілерге «тәкпірші» деп ат қойғандар болды.

Ашық діни талап қоймаса да лаңкестер бұл әрекетке өздерінің діни көсемдерінің айтуымен баруы мүмкін. Ол көсем мүриттерін Қазақстанда отырып басқара ма, сырт елдерде отырыпайдап салды ма, ол басқа әңгіме.

Бүгін ІІМ Қ. Қасымов лаңкестердің бір имамның шығарған пәтуасына орай осы әрекетке барғанын айтты.

«Бұл (лаңкестікке шақыратын уағыз айтқан – ред.) имам Сириядан үндеу жасаған. Оны тергеу дәлелдейді деп ойлаймын. Оларға үнтаспаға жазылған үндеу жеткені, онда «қасиетті жиһад жасау» керктігі жазылған. Лаңкестер соны тыңдап, осындай әрекетке барған», - дейді министр.

Қарақшылардың дем берушілері мен қолдаушыларын сырттан емес іштен іздейтінін және олардың тек діни мақсаттар ғана емес, белгілі бір саяси мүдделерді де көздейтінін айтатындар бар.

Бір топ дінтанушылар мен заңгерлер жоғары билікке жазған үндеу хатта елдегі радикалдық діни ағымдардың бүгінде момақан күй кешіп, «қалыпты» топ аталып жүргендерден келетін қауіпті жіпке тізген.

Қайрат Жолдыбайұлы, Досай Кенжетай, Мұхан Исахан, Сайд Абдунайым сынды бірнеше дінтанушы, исламтанушылар мен бірқатар заңгерлер:

«Бүгінде бұл ағым өкілдерінің тұмсық сұқпаған жері қалмады. Қара халыққа, қоғамдық пікірге ықпал ете алатын көптеген өнер иелерін, спортшыларды, журналистерді, ақын-жазушыларды, ірі кәсіпкерлерді, тіпті кейбір молдаларды да осы ағымның сапынан көруге болады. Олар көбіне қоғамға сөзі өтетін, белді-беделді тұлғаларды көздейді. Сондай өкілдерді бірнеше мәрте ұмра мен қажылыққа апарып, сол жерде отырған өздерінің уағызшыларына саналарын улап келеді. Олармен қажылыққа барып келгендердің көзқарасы көз алдымызда өзгеріп шыға келгеніне талай мәрте куә болып та жүрміз.

Міне, осылайша түрлі тәсілдермен қоғамға еніп, түрлі тармақтармен идеологиясын жайып келе жатқан сәләфизм ағымының ендігі аңсары еліміздің діни басқармасы мен мемлекеттің тізгінін қолдарына алу», - деп отыр.

«Қоғамдық пікірге ықпал ете алатын» өнер адамдары, журналистер, кәсіпкерлер мен қыл-аяғы спортшыларға дейін осындай теріс ағымның жетегінде кеткені рас болса ойлантпай қоймайды. Өзін сыйлайтын өнер адамы, ел алдында жүрген журналист «Сондай өкілдерді бірнеше мәрте ұмра мен қажылыққа апарып, сол жерде отырған өздерінің уағызшыларына саналарын улап келеді» деген айыпқа жауап қатуы, басын арашалап алуы тиіс. Ал, «түрлі тармақтармен идеологиясын жайып келе жатқан сәләфизм ағымының ендігі аңсары – еліміздің діни басқармасы мен мемлекеттің тізгінін қолдарына алу» екені рас болса, ол азаматтардың халі біршама мүшкіл және ендігі ууақытта халық алдында емес, «төңкерісшіл Төлешовті» тергеп жатқан органдарда ақталатын сияқты.

Жомарт Абдоллаұлы

Связанные Статьи