Президент Жарлығымен Асқар Мырзахметов Премьер-министрдің орынбасары – Ауылшаруашылығы министрі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Асқар Исабекұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалсын, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылсын» делінген Президент Жарлығында.
Енді ол осы уақытқа дейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев атқарып келген біраз өкілеттіктермен бөлісетін болады.
«Енді бізге ішкі міндеттерді бөлісуді ойластыру керек. Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев – ред.) қарамағында болған ауылшаруашылығы саласын қайта бөлеміз. Сонымен бірге жер реформасы жөніндегі комиссияны да Мырзахметовке береміз», - деді Үкімет отырысында Премьер-министр Кәрім Мәсімов.
Қос лауазымды қатар ұстаған А. Мырзахметов бұған дейін Ауылшаруашылығы министрі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, ОҚО әкімі, «Оңтүстік» ӘПК» АҚ басқарма төрағасы сынды лауазымдарда болған.