Алматыда жалған ақша жасаушылардың қылмыстық әрекетіне тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласының ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің Көлеңкелі экономикаға қарсы тұру басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, «Кедергі» жоспары аясында Медеу ауданының «Думан» шағын ауданында жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында «Nissan Cefiro» автокөлігін ұстады. Автокөліктің салонында үш ер азамат болған. Олардың екеуі бұған дейін бөгденің мүлкін ұрлау және бұзақылық әрекеттері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
«Автокөлікті тексеру барысында қолдан жасалғандық нышаны бар 46 дана 2 000 теңгелік банкноттар табылып, тәркіленді. Олардың жалпы сомасы - 92 000 теңге. Бұдан кейін, күдіктінің бірінің тұратын баспанасын тінту барысында «IBM» маркалы компьютер, қолдан жасалғандық нышаны бар жалпы саны - 359, ал жалпы сомасы - 718 мың теңге болатын 2 000 теңгелік банкноттар, сондай-ақ, атаулы құны 2 000 теңгелік банкноттар басылған және қағаз ақшалардың жыртылған, кесілген бөліктері салынған А4 форматындағы 90 дана қағаз табылды», - деді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оралбеков.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері жалған ақша жасау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғандығын хабарлады. Күдіктілер ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, уақытша тергеу абақтысына жеткізілді.