Алға, «Астана»!

/uploads/thumbnail/20170709050407012_small.jpg

Бүгінгі түнде, тамыздың 3-нен 4-не қараған түні, сағат 00.45-те Қазақстанның спорттық өміріне қатысты тарихи оқиға болады. Шотландияның Глазго қаласындағы «Селтик Парк» стадионында УЕФА чемпиондар лигасының үшінші біліктілік раунды аясында «Астана» мен «Селтик» командалары бақ сынасады. Футбол тамашасын «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Жасыратыны жоқ, бұл ойын бұрынғы ойындардан өзгерек. Өйткені, екі елдің жанкүйерлері жүректері лүпілдеп, осы футбол тойының боладысын тағатсыздана күтіп отыр. Бұл Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне қай команданың шығатынын анықтайтын сәт. Олай болса, милиондаған қазақстандықтар бүгінгі түнде теледидар экранына телміріп, өз командасының жеңісін тілейтін болады. Қазақша айтқанда, үйде отырып, «тақым қысатын», «бөркімізді аспанға ататын» кез.

Жаратқанға жалбарынып, бүгінгі ойында «Астанаға» сондай рухымызды асқақтатын жеңіс тілейміз! Кешегі «Астана-Арена» төріндегі екі команданың шаршы алаңда кездескені әлі есімізде. Есеп 1:1 болып, ойын тең аяқталды. Тұманды Альбионнан келген жігіттер де, астаналық футбол арландары да бір-бірімен беріспеді. Біздің ойымызша, бүгінгі ойын да қызық пен қуанышқа, үміт пен күдікке толы болары сөзсіз. Әрине, шотландтықтар өз алаңында сәл де болса басымдыққа ие болар. Бірақ бап шаппайды, бақ шабады. Бәлкім, біздің «Астананың» бағым басым түсер. Қалай боларын, уақыт пен ойын көрсетеді.

Енді ойынның барысына өзімізше аз-маз болжам жасап көрейік. Бұл жолы Брендан Роджерс те, Станимир Стойлов та ойынның тактикалық тәсілін өзгеше құратыны анық. Шотландтықтар көбінесе шабуылға көңіл бөлсе, астаналықтар қорғанысты берік қылуға тырысып бағады. Алайда ойынның өрнегі басқаша да түзілуі әбден мүмкін. Ең бастысы, астаналықтар шотланд жанкүйерлерінің шуылынан, ысқырығынан бәсеңсіп қалмауы қажет. Себебі, «Селтик» өз алаңында, өз жанкүйерлерінің алдында айбарланып ойнайтыны анық. Қысқасы, біздің команда ахуалдың қандай сценариймен өрбитініне де дайын болуы тиіс.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді қазақ. Бүгінгі ойында «Астана» «Селтикті» 2:0 немесе 1:0 есебімен ұтады деп болжапты букмекерлер. Қазақ мұндайда «аузыңа май, астыңа тай» демей ме?!. Егер алда-жалда ойын осындай есеппен аяқталатын болса, «Астана» Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіне өтеді. Бұл қиял емес, ақталатын үміт. Мұндай үмітті біз тек чемпионымыз – «Астанаға» ғана арта аламыз. Біздің чемпионымыз чемпиондар лигасында нағыз чемпиондарша ойнауы тиіс! Басқаша болуы мүмкін емес. Ол үшін әр футболшымыздың жүрегінде жеңіске деген үміт пен сенім болуы қажет. Сонда ғана жеңістің тәтті дәмін татамыз.

Неліктен біздің команда жеңіске жетуі керек? Мұның бірнеше себептері бар. Бірінші себеп – «Селтик» УЕФА чемпиондар лигасының қорғаны берік, темір қамалы іспеттес команда. Егер бүгін бұл қамалды бұза алмасақ, әрі қарай жолымыз жабылады. Қалай болғанда да, біздің футболшыларымыз не 1:0 немесе 2:0 есебімен жеңіске жетіп, тіпті болмағанда тең ойынмен үйлеріне қайтқаны абзал. Екінші себеп – «Селтик» - оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл клуб еуро кубоктарының тарихында ерекше, беделді орын алатыны баршаға мәлім. Оған қоса, Шотландияның чемпионы деген абыройлы атақты 47 рет иеленген команда. 36 рет кубокты жеңіп алыпты. «Астаналықтардың» бапкері Станимир Стойлов айтқандай, «бұл қандай да бір ауылдан шыққан елеусіз команда емес».

Жеңіске үміт артуымыздың тағы бір себебі бар. Үшінші іріктеу раундына жол тартқан «Астананың» құрамына Эрич, Шомко, Логвиненко, Шитов, Бейсебеков, Аничич, Каньянс, Тағыберген, Нұрғалиев, Твумаси, Кабананга сияқты ойыншылар енді. Ойынды осы құраммен бастаймыз. Әрине, «Манчестер Ситиден» келген жас талант Дима Шомкоға, Ненад Эричке ерекше үміт артамыз. Ең бастысы, біздің ойыншылар да шетінен «сен тұр, мен атайын». Олай болса, жеңісті қолдан бермейтіні айдан анық. Олар «Селтик Паркте» жаттығу ойынын өткізіп үлгерді. Айта кетелік, бұл стадион байырғы ғимараттардың бірі. 1892 жылы салынған. 60 мыңнан астам адам сыйғыза алады. Артқа шегініс жасасақ, бұл стадионға қазақстандық футболшылар 2013 жылы табан тигізді. Қарағандылық «Шахтер» мен глазголық «Селтиктің» шаршы алаңдағы айқасы осы жерде өткен болатын. Бірақ, ол кезде «Шахтердің» сағы сынып, шотланд командасынан 0:3 есебімен ұтылды. Ол ойын басқа, бүгінгі ойын бір басқа.

Бүгінгі ойында біздің футболшыларға жеңіске деген сенім мен мұқалмас рух қажет. Ол үшін спортшыларымызды бүкіл ел, ұлт болып қолдауымыз керек. Спорт – бірлікті нығайтатын керемет күшке ие. Ендеше, бірлігіміз бен тұтастығымызды шыңдайтын сәт туып отыр. «Астананың» жеңісіне жанкүйер болсақ, еліміздің спорттағы жетістіктеріне тілеулес болғанымыз. Сондықтан, барша қазақстандықтарға айтарымыз: бір сәтке күйбең тірлікті ұмытып, өз командамыздың жеңісіне тілеулестік танытайық! Ең бастысы, осы ойынды көріп отырып, өзіміздің ұлттық рухымызды, күш-қайратымызды асқақтатайық! Әр отбасында ұлтқа, елге деген сүйіспеншілік, патриотизм сезімі ұлғайсын! Сол арқылы Отанымыздың әр жетістігіне қуанайық! Сол кезде елдігіміз мәңгілік, тұтастығымыз тұғырлы, ұрпағымыз ғұмырлы болады. Олай болса, бүгінгі түнде барша отандастарымыз «Астананың» рухы асқақтап, Еуропаның төрінде көк байрағымыздың желбірегенін көруге жазсын!

Алға, «Астана»! Алға, Қазақстан!

Әмірлан Әлімжан

Связанные Статьи