Елімізде лаңкестік әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты әскери бөлімдер тіпті иттердің де дайындығын күшейтіп жатыр. Шымкент түбінде «Оңтүстік» аймақтық әскери басқармасы төбеттер арасында тығылған адамдарды тауып қана қоймай, тіпті алғаш рет жасырылған жарылғыш затты табудан да жарыс ұйымдастырды, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Көп құдықтың ішінен лаңкесті санаулы уақытта табу, бірнеше жәшіктің ішінен қас-қағым сәтте есірткіні анықтау үшін 27 төбет тартылған. Дені неміс овчаркасы болып келетін иттердің ең жасы 1-де болса, кейбірі талай қылмыстың бетін ашып жүрген әккілері екен. Бүгін басталған байқауға тіпті балалар үйінің тәрбиеленушілері де қарауға мүмкіндік алды. Бір апта ішінде бірнеше әскери бөлімнің қызметкерлері тәжірибе алмасып, түрлі оқыс оқиғалардың алдын алуды үйренеміз деп отыр.
-Соңғы уақытта елімізде оқыс жағдайлар жиілеп кетті. Соған байланысты із кесуші иттердің жаттығуын да күшейтіп жатырмыз. Мысалы, тәжірибемізде алғаш рет төбеттерге жарылғыш заттарды табу айласын үйретіп жүрміз, - дейді байқаудың бас төрешісі Максим Попов.