Атырау облысында карантин жарияланды. Бөгде адамдарға уақытша кіріп-шығуға рұқсат жоқ. Себебі, қаланың кіреберісінде қатаң тексеріс басталып кетті. Шеттен мал сатылып алынбайды, іштен шығарылмайтын болды. Алайда, қауіпті вирустың таралуына байланысты жарияланған карантиннің қанша уақытқа дейін созылары әлі белгісіз, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Атыраудағы қазіргі жағдай осындай. Қалаға кірер бетте әр көлік, әр адам қатаң тексерістен өтеді. Беттерін тұмшалаған мамандардың бұл әрекеті өңірде жарияланған карантинге тікелей қатысты. Өйткені Атырау облысында ауру малдың саны үш мыңнан асып жығылған. Мәселен, қала іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округіне қарасты шаруашылықтарда бір күнде жалпы саны 51 бас мүйізді ірі қараның ауру екені анықталған. Ал, мамандар дерттің алдын алу үшін арнайы екпе жұмыстарын жүргізуде.
- Барлығы да оқшауланып, мал басы. Емдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Кеңөзек ауылдық округі бойынша барлық бас бүгінгі күнге 51 бас болып тіркеліп тұр, - дейді мал дәрігері Айгүл Құрманова.
Өңірде туындаған жағдайға байланысты жиын өткізген мамандар мүйізді ірі қараның ауруы алыстан келді деп отыр. Айтуларынша Атырауға келген мал ауруы Астраханнан таралған. Мұны мамандар мәлім етті.
- Астрахань облысының малдарынан жұққаны анықталды. Нодулярный дерматит екенін былай жалпы, біздің дәрігерлер білді. Бірақ, арнайы референтный центрден қорытынды болмағандықтан ол айтыла қойған жоқ, - дейді Атырау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрбай Абдырахманов.
Облыс бойынша қазірдің өзінде үш мыңнан астам мүйізді ірі қара ауруға шалдығып, 250 басы өлген. Мал ауруына нодулярлы дерматит, яғни ірі қаралардың терілерінде ісіктер пайда болып, бөртпелер қаптаған диагнозы қойылған. Мамандар енді сырттан ет, сүт өнімдері кіргізілмейтіндігін, сыртқа шығарылмайтынын айтады. Осыған орай қала бойынша санитарлық бес бекет жұмыс істеп тұр.
Атырауда мүйізді ірі қаралардың ауруына байланысты карантин жарияланған болатын. Соған орай сырттан қалаға кіретін көліктердің барлығына дезинфекция жасалып жатыр. Ал, карантиннің қай уақытқа созылатыны белгісіз.