«Жұмысқа тұр, дипломды сосын беремiз...»

/uploads/thumbnail/20170709050540921_small.jpg

Жуырда туысқан iнiм Шымкенттегi жекеменшiк институтты тәмамдады. Дипломын қорғап, емтихандарын түгел тапсырды. Бар қызық диплом алар кезде басталды. Кез келген жоғары оқу орнында бiтiрушi түлектер кету қағазын (обходной лист) толтыратынын бiлесiздер ғой. Мiне, осы кету қағазына куратордың, кiтапханашының, деканат пен кафедрадағы жауапты адамдардың қолын қойдыру әжептәуiр машақаты бар жұмыс. Ең қиындау әрi түсiнiксiздеу шарты – кез келген түлек дипломын алмай тұрып, жұмысқа тұрғаны немесе жұмысқа қабылданатыны жөнiнде деканатқа анықтама әкелуге мiндеттi. Бiр аңғарғанымыз, бұл үрдiс Шымкенттегi жоғары оқу орындарының бәрiнде бар екен. Тiптi, мемлекеттiк бiлiм ордалары да түлектерiнен осы сұраныс хатты талап етедi.

Жаз ортасында мұғалiмдердiң еңбек демалысына кететiнi рас. Түлектердi шығарып салу үшiн кейбiреулерi түске дейiн жұмыс iстейдi. Егер түскi үзiлiске дейiн қол қойдырып, тиiстi құжаттарды реттеп үлгермесеңiз, диплом алуыңыз келесi күнге шегерiле бередi. Ал, нағыз жұмыс iздейтiн шақта бос сенделу тиiмсiз. Мұғалiмдер мен кiтапханашылардың беделi көтерiлетiн сәт – осы. Бұл күндерi «апай, кабинетiңiзге келiп тұр едiм, қол қойып берiңiзшi» деген мағынадағы өтiнiштердi жиi естисiз. Кiтап қарыз болмақ түгiлi, университет кiтапханасына кiрiп көрмеген кейбiр жiгiттердiң кiтапханашы апайды ерiксiз күтiп тұрған кездерiн де көрдiк. Өйткенi, кету қағазында кiтапханашының да қол қоятын орны бар. Куратор да оқу орны ғимаратын жөндеу жұмыстарына деп тиын-тебен алған соң қолын қойып бередi.

Жә, бұлар түк емес. Әлi дипломына қол жеткiзбеген студент жұмысқа қабылданғаны туралы анықтаманы қалай алады? Қазiр дипломы, еңбек өтiлi бар азаматтардың өздерi жұмыс таппай сандалып жүргенде оң-солын ендi тани бастаған бозбаланың бәрi жұмысқа тұруы мүмкiн бе? Амалы таусылған студент тамыр-таныстары жұмыс iстейтiн мекемелердi жағалап, жалған сұраныс қағазын алады. Кейбiреулерi өзгеше жол табуы да мүмкiн. Шай-пұлын берiп дегендей... Сонда бiз кiмдi алдап жүрмiз? Әрине, «пәленбай түлегiмiз жұмыспен қамтылды» деп жалған есеп беру оқу орындарының имиджi үшiн өте қажет шығар. Қазiр қай оқу орнына хабарлассаңыз да сол университет немесе институттың түлектерiне көптеген мекемелердiң «таласып жүргенiн» естисiз. Түлектерiнiң осалы жоқ. Колледжерде де сол жағдай. Алайда, шын мәнiнде жас мамандардың бәрi жұмысқа орналасты ма? Мәселе осында. Егер түлектердiң бәрi бiрден еңбекпен қамтылып кетсе, «ана директор 500 мың сұрады», «анау бас дәрiгер 400 мың сұрады» дейтiн сыпсың әңгiмелер айтылмайтын едi ғой.

Қарапайым мұғалiмдiктен бастап еден жуушы болып жұмысқа тұрудың өзi қиын екенiн, кейбiр басшылардың сыйақы дәмететiнiн жұрттың көпшiлiгi бiледi. Ендеше, оқуын ендi бiтiргелi тұрған жас мамандардың 100 пайызын мекемелердiң бәрi құшақ жая қарсы алады дегенге сену қиын. Әрине, түрлi меморандумдар арқылы өз студенттерiне қамқорлық көрсетiп, жұмысқа жолдайтын оқу орындары бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, ОҚМПИ-дiң кәсiптiк бағдар және бiтiрушiлердi жұмыспен қамту басқармасының басшысы Шолпан Арзымбетованың айтуынша, бұл оқу орнында түлектердi жұмыспен қамту көрсеткiшi өте жақсы.

– Студенттердiң көбi өзi өндiрiстiк практикадан өткен мектептерге жұмысқа орналасады. Бiз жұмыспен қамту орталықтарымен, бiлiм ұяларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Әрбiр түлегiмiздiң жұмысқа орналасуын қадағалаймыз. Егер жұмыс таба алмай жүрсе бағыт-бағдар беремiз. Бұл мектепке емес, басқа мектепке барайыншы деп өтiнетiндер де бар. Барлық өтiнiштi жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. «Серпiн» бағдарламасы арқылы да жастарды жұмыспен қамтудамыз. Жалған сұраныс хаттар қабылданбайды. Ондай көзбояушылыққа жол жоқ. Егер көз жеткiзгiлерiңiз келсе, бiздiң мамандар жұмыс iстейтiн мекемелерге түгел хабарласып шығуларыңызға болады. Институт ұжымының мақсаты – тек бiлiм берiп қана қоймай, жастарды өздерi қалаған мекемелерге қызметке орналастыру, – дейдi ол.

Рас, бiлiмдi жас ешқашан жерде қалмайды. Егер әрбiр оқу орны көзбояушылық үшiн емес, өз абыройы мен беделi, жастардың болашағы үшiн жұмыс iстесе құба-құп. Iсiне адал ұжым ғана осылай ашық ой бөлiсе алады. Ал, өңiрдегi қаптаған оқу орындары осылай шынайы есеп бере ала ма? Түлектерiнiң қаншауы жұмыс тапқанын бiлген, сараптама жүргiзген дұрыс-ақ. Бiрақ, бұл мәлiметтi жас маман жұмысқа кiрiскен бiрнеше айдан кейiн сұраса да болмай ма? Өйткенi, түлектердiң арасында қайда барарын ойланып немесе әлiптiң артын бағатындары да бар ғой. Солардан күштеп алдын ала жұмысқа тұратыны туралы сұраныс хат алдыру қаншалықты дұрыс?

Қызық мұнымен бiтпейдi. Кейбiр оқу орындарында ендi диплом алғалы тұрған түлектерден тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама сұраса, тағы бiреулерi студенттен зейнетақы есепшотын ашуды талап еткен. Төрт жыл бойы оқып, дипломына әрең қол жеткiзген түлектердi осындай түрлi сылтаулармен сандалтудың астарында не жатыр? Пара дәмету ме, әлде... Мұндай «майда-шүйдеге» жүгiргiсi келмейтiн кейбiр түлектердiң «басқа жол» iздейтiнi де түсiнiктi.

Ең қынжылтатыны және алаңдататыны – бiз жастарды қазiрден бастап жалған есеп беруге үйретудемiз. Әйтпесе, жұмыс табу қиын заманда студенттен жұмысқа орналасқаны немесе орналасатыны туралы анықтама талап ету мазақ қой!

Бiз осы мәселе бойынша Шымкенттегi бiрқатар оқу орындарына хабарластық. Басым бөлiгi бұл деректi жоққа шығармады, тиiсiнше, бiз шынымен жұмысқа орналасқан түлектердi ғана тiркедiк деп ақталды. Мардан Сапарбаев атындағы институт, Шымкент университетi және өзге де оқу орындарындағы жағдайлар бiр-бiрiне қарайлас.

Қызық. Жұрт «жемiсiн жеймiн ғой» деген ниетпен дипломын күтiп жүрсе, оқу орындары басшыларының әрекеттерi «алдымен жұмысқа тұр, дипломды сосын аласың» дегенге ұқсайды.

«Гарант» аялдамасы маңында оқу орындарын жарнамалап тұрған қызметкерлермен сөйлестiм. Солардың бiрiнен «кейiн төртiншi курста iнiмнен сұраныс хат сұрап жүрмейсiздер ме?» деп сұрап едiм, естiгенiм «әуелi оқуын бiтiрсiн. Жұмысқа орналасқаны туралы анықтаманы былайша ала салуға болады ғой» деген жауап болды.

Иә, былайша ала салуға болады. Көптеген әкiмдер, басшылар жылына мыңдаған адам жұмыспен қамтылды деп есеп берiп жатады. Бiрақ, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жауапты мекемелер оқу орындарының жалған деректерiне сүйенiп жүрмегенiне кiм кепiл? Сiз қалай ойлайсыз, ағайын?

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстiк Қазақстан»

Связанные Статьи