Бұдан былай шетелдік азаматтар мен ұйымдардың қаражатын пайдаланып, заңдық қызмет көрсететін, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін және ақпаратты жинақтап, талдап, тарататындар арнайы есеп беретін болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қазақстанның Салық кодексіне шетелдік қаржыландыру туралы түзету енгізілді. Осыған сәйкес, еліміздегі шетелдіктердің қаржылық қызметін Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері қадағалап отырады.
Атап айтарлығы, бұл түзетудің кәсіпкерлерге қатысы жоқ. Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин осы өзгерісті былай түсіндірді: «Заңға енгізілген түзетуге сәйкес, шетелден қаржы алатын азаматтық және заңды тұлғалар бұдан былай мемлекеттік кіріс органдарына есеп беруге міндеттеледі. Алайда бұл түзетудің кәсіпкерлерге қатысы жоқ. Анығында түзетулер бұрын реттелмеген үш қызмет түріне қолданылады. Қазіргі кезде мемлекетке есеп беретін кәсіпкерлерге бұл заңның құзыры жүрмейді».
Мемлекеттік кірістер комитетінің есептеуі бойынша, еліміздегі салық төлеушілердің 99,9 пайызына да бұл түзетудің қатысы жоқ. Тек шетелдік азаматтар мен ұйымдардың қаражатын пайдаланып, заңдық қызмет көрсететін, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін және ақпаратты жинақтап, талдап, тарататын 0,1 пайыз тұлғалар арнайы есеп береді. Д. Ерғожин қолға алынған іс-шаралардың хабарламалық сипатқа ие екенін және салық төлеушілердің құқықтары ешқандай шектелмейтінін мәлімдеді. – Бұл шаралар қаражат алу мен жұмсау тәртібінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мұндай есеп беретін тұлғаларға мемлекеттік кірістер органдарына келіп, тіркелудің қажеті жоқ. Бар болғаны, тиісті ақпаратты салық төлеушінің электрондық кабинеті бойынша немесе хат формасында құзыретті органға жолдауға болады,- деп түсіндірді ол.
Ендігі кезекте: «Шетелдік қаражат туралы мәлімет қанша уақытта берілуі керек?», «Салық органдарына хабарлама жіберу міндетті ме?», «Шетелден ақша алғаны жөнінде салық органдарына хабарлама жіберуге барлық азаматтар мен заңды тұлғалар міндеттеле ме?» деген сауалдарға тікелей жауап берелік. Құзыретті мемлекеттік органдардың түсіндіруінше, шетелдік көздерден ақша және мүлік алғаны жөнінде келісім жасалғаннан кейін, 10 күн ішінде азаматтар мен заңды тұлғалар салық органдарына бекітілген формада хабарлама жібереді. Есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін салық органына алынған ақша мен оның жұмсалғаны туралы есеп жіберіледі. Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің (Салық кодексі) 14-інші бабында азаматтық және заңды тұлғалардың салық органдарын хабардар етуі міндетті екені анық жазылған. Мұндай міндетті орындамаған жағдайда заң шеңберінде жауапкершілік бекітілген.
Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің (Салық кодексі) 14-інші бабы бойынша, салық органдарын хабардар етуге міндеттілердің нақты критерийлері бекітілген. Осыны тарқатап айтсақ, біріншіден, заңдық қызмет көрсететіндер міндеттеледі. Бұл қызмет түріне азаматтар мен ұйымдарды құқықтық ақпараттандыру, өкілеттік ету және мүддесін қорғау, сондай-ақ оларға заңдық кеңес беру жатады. Екіншіден, қоғамдық пікірге зерттеу жүргізетін азаматтар мен ұйымдар есеп беруге міндеттеледі. Социологиялық зерттеу (коммерциялық мақсаттағы қоғамдық пікірді зерттеу мен социологиялық сауалнама жүргізуді қоспағанда) жүргізіп, оның қорытындыларын халыққа таратушылар, сонымен қатар, ақпаратты жинақтап, талдап және тарататындар (аталған қызмет коммерциялық мақсатпен жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда) да осыған жатады.
Әмірлан Әлімжан