Полицейдің туысы Алматыдағы терактінің жай-жапсарын айтып берді

/uploads/thumbnail/20170709052620197_small.jpg

Алматы қаласы Алмалы аудындық ішкі істер басқармасы қызметкерінің туысы 18 шілде күні полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылдың жай-жапсарын айтып берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz «Шын» порталына сілтеме жасап.

Портал редакциясына атын атамауды сұрап хат жазған ол сол күнгі оқиғаның қалай болғанын баяндапты.

«Менің інім – полиция қызметкері. Қылмыскер шабуыл жасаған Алмалы аудандық ішкі істер бөлімшесінде жұмыс істейді. Дәл сол күні ол бір тапсырмалармен қалада жүрген. Теракт туралы алғашқы хабар WatsApp-пен тарай бастады. Зәреміз ұшып ініміздің амандығын тіледік. Өзі қаны қызбалау, ұрыншақтау еді. Әйтеуір, Құдай сақтады.

Қаза болған жігіттердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Әрине, мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деп тілейсің ғой. Ендеше, мұндай қайғылы жайттар болашақта қайталанбас үшін бес қаруды серік еткен сақшыларымыз қалайша оп-оңай оққа ұшып, жалғыз қылмыскерді тоқтату үшін қаншама боздақ жан қиды деген мәселеге ойланып көрсек. Мен ішкі істер органдарындағы ахуалды жақсы білемін. Құдай өзі кешірсін, дегенмен, әлгі марқұм болған жігіттердің көпшілігі жол-патрулдік полиция жасағына 5 мың доллар пара беріп кірген. Көптеген полиция қызметкерлері мылтық ата білмейді. Полигонға жылына бір-екі рет барса, соған да шүкір. Бөлімшеде отырып тергеуші болып жұмыс істейтін жігіттердің ішінде қолына мылтық ұстап көрмегендер бар.

Әлгі қылмыскер Руслан есік алдындағы өткізу-тексеру пунктіндегі полицияны атып, оның қаруын алып ғимаратқа кіруге жүгіріп келген. Тек кіре берісте сыртқа шығып бара жатқан адаммен бетпе-бет келіп қалады. Анау оны өткізіп жіберемін дегенше магниті бар темір есік жабылып үлгеріп, кезекші болып отырған полиция қызметкері есікті құлыптайтын кнопканы баса салып, төрт аяқтап қашқан. Абырой болғанда магниті бар бұл есіктің орнатылғанына да бір-екі-ақ жыл болған. Сол есікті аша алмайтынын түсінген қылмыскер ғимараттың ішіне бей-берекет оқ жаудырып сыртқа шығып кеткен. Інімнің айтуынша, ғимаратта болған терегушілері бар, басқалары бар, толып жүрген қызметкерлердің біреуі дәлізге шыға алмаған. Бәрі кабинеттерінде тығылып отырған. Себебі, көпшілігінде қару болмаған. Ана магнитті есік болмағанда қылмыскер бүкіл бөлімшені жайратып тастар еді. Осы орайда, қылмыскерді бірден тоқтатудың алғашқы мүмкіндігін кезекші болып отырған қызметкер жіберіп алғанын ескеріп қойыңыз. Оның әлде қаруы болмаған, әлде ол жедел шешім қабылдап үлгермеген.

Қылмыскерді залалсыздандырудың келесі мүмкіндігі оны артынан қуып барған  екі полицияда болды. Алайды, өкінішке орай, әрқайсысы тапаншаларындағы 6 оқты түгесе атып, 12 оқтың бірін де (ІІО қызметкерлері қолданатын Макаров тапаншасы 8 оқпен оқталады - ред.) дарыта алмаған. Ал, қылмыскер екеуін де жайратып кеткен. Онан соң Төле би-Абылай хан көшелерінің қиылысына жақын жерде оққа ұшқан жол-патрульдік полициясының екі қызметкері қылмыскер қастарына келгенде көліктерінде ұйықтап жатқан. Қызметте жүрген кезде ұйықтаудың қандай қауіпті екенін осыдан көруге болады. Сол машинада болған үшінші қызметкер бұл кезде дәретханада жүреді. Сөйтіп ол аман қалады. Ол да Русланды тоқтата алмаған. Себебі, көліктегілердің де, оның да кабуралары бос болған көрінеді әріптестерінің айтуынша. Яғни, қарусыз жүрген», - деген ол ел аумағында лаңкестік қауіптің «сары деңгейі» енгізілген уақытта полиция қызметкерлерінің жайбарақат жүргеніне қынжылады.

Сондай-ақ, хат авторы соңғы уақытта ішкі істер органдарын парақорлық пен салғырттық жаулап алғанын айтады.

«Енді ойлап қараңыздаршы, елімізде Ақтөбедегі терактіден кейін террорлық қауіптің сары деңгейі еңгізіліп, сақшылардың сақтығы күшейтіліп, бес қарулары түгенделіп, көшеде сауыт киіп жүруі тиіс кезде соншама қызметкердің қырылып қалуы ненің белгісі?

Бұл полиция орындарын парақорлық пен салғырттық жайлап алғанын көрсетпей ме! Жалпы, Қасымов мырза министр болып келгелі ішкі істер органдарын берекетсіздік жайлап алды. Тәртіп жоқ. Қадағалау жоқ. Полиция қызметкерлерінің тұрақты дене шынықтырумен айналысып, үнемі қару атып жаттығуы деген ұмыт болғалы қашан. Жемқорлық жайлап біткен», - дейді полиция қызметкерінің туысы.

Қанды оқиғаның қалай болғанын баяндаған ол хатын: «Міне, мені ашындыратын осы мәселе. Інімнің ел-жұрттың тыныштығын қорғап сақшы болып жүргенін мақтан тұтамын. Бірақ, оның басына төнуі мүмкін қауіпті ойласам ұйқым қашады. Менің жанайқайымды түсініңіздер. Полициямыз бекем болмаса, қауіпсіздігіміз қыл үстінде тұрады ғой», - деп қорытындылайды.

Естеріңізге салсақ, қолға түскен күдікті Р. Күлікбаев тергеушілерге "Полиция ғимаратында темір есік болмағанда, құрбандар саны әлдеқайда көп болар еді" деп айтқанын бұған дейін де жазған болатынбыз. 

Связанные Статьи