Жәнібектің қарсыласы бұрынғы қазақстандық боксшы болмақ, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Қазақстандық бокс мектебінің түлегі, әзербайжан спортшысы Камран Шахсуварлы рингте ширекфиналдық жекпе-жекте Жәнібек Әлімханұлына қарсы шығады.
Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы алжирлық Ильяс Аббадиды жеңіп, ширек фианлға шыққан болатын.
«Мен қазақ бокс мектебінің түлегімін және бүкіл әлемге біздің боксты паш еткім келеді», - деген Жәнібек кез келген қарсыласпен жекпе-жекке әзір екенін атап өтті.
Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылдың 1-сәуірінде Алматы облысына қарасты Алакөл ауданының Жыланды ауылында дүниеге келген. 8 жасынан бастап бокспен шұғылданады.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Алматыда өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы, Инчхонадғы Азия ойындарының жеңімпазы, Амманда өткен Бокстан Азия чемпионатының жеңімпазы.
Ал оның қарсыласы Камран Шахсуварлы 1990 жылы Қазақстанда дүниеге келген. 2011 жылы КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Бокстан Ақтөбе құрамасының сапында ұрыс салды (75 келіге дейінгі салмақта). Қазақстан атынан кәсіби рингте Шахсуварлы бес кездесу өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті.
2013 жылы Әзербайжан азаматтығын алған. 2014 жылы Камран Шахсуварлы Әзербайжан чемпионы болды және Юградағы (Ресей) мұнайлы елдер кубогында екінші орынға ие болды. Бакуде өткен «Ұлы Жібек жолы» жарыстарында Шахсуварлы Қазақстан боксшысы Сапарбай Айдановты жеңді және турнирдің жеңімпазы атанды. 2015 жылы Әзербайжан чемпионатында екінші орын алған. Қазіргі кезде Шахсуварлы Әзербайжан құрамасының құрамында жаттығуда.