Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, тамыздың 12-13 күндері Ұлттық ұланның Алматыда орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5571 әскери бөлімінің базасында Алматы қаласы және Алматы облысынан әскерге шақырылған сарбаздардың ата-аналарымен ашық есік күндері өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бұл шара «Конституция және құқық тәртібі күзетінде» атты акция аясында «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» деген ұранмен ұйымдастырылып отыр.
Аталған шараны алғысөзімен ашқан Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов жиналған сарбаздардың ата-аналарына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету әскерінің жауынгерлік қызметі мен атқаратын міндеттері туралы әңгімелеп, көптеген ата-аналардың сұрақтарына жауап берді. Бір қызығарлығы, Отан алдындағы борышын өтеуге Атамекенге оралған қандастарымыздың да баршылығы. Туған мекенін аңсап елге оралған Телемесов Қанат ағамыз Отан алдындағы борышын өтеп жатқан ұлының келісімшарт негізінде қызметте қалғысы келетінін айтып, оған қандай құжаттар керек екенін сұраса, көптеген ата-аналар ұлдарының Ұлттық ұлан университетіне түсу мүмкіндіктері туралы сұрап жатты. Жиналған көпшіліктің көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап берген соң, Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі қызметте үздік шыққан сарбаздардың ата-аналарын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан грамоталармен марапаттады.
Бұнымен қоса осы іс-шараға арнайы келген Алматы қаласы Ішкі істер департаменті кадрлық жұмыстар жөніндегі басқарма бастығының орынбасары полиция полковнигі Закир Багиев ата-аналарға Ұлттық ұлан қатарында борышын өткерген сарбаздардың Ішкі істер органдарында да қызметке тұру мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтіп, құжаттарды қалай рәсімдеу, қай жерлерге барып хабарласу реттерін түсіндірді.
Ұлттық ұлан әскері туралы жалпы мәлімет алған соң, көпшілік назарына балаларының сәлемдемесі жолданған бейнежазбалар ұсынылып, перзенттері қызмет атқарып жатқан әскери бөлімнен тікелей байланыста хабарласуға мүмкіндік туды. Ең алғаш болып ата-аналарымен видеобайланысқа Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінде міндеттерін атқарып жүрген Алматы облысының сарбаздары шықты. Өз ұлдарын көре сала үлкен экранға телмірген аналар қауымы балаларының аман-есен екенін көріп дауыстарын естігенде, кейбірі қуаныштан көз жастарына да ерік берді.
Осылай жалғасқан шара барысында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Ұлттық ұланның 23 әскери бөлімдерімен тікелей байланыс ұйымдастырылып, ата-аналар балаларының амандығын көріп көзайым болды.
Айта кетерлігі, осы күні Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде құрылған Әйелдер кеңесінің контактілері сарбаздардың жақындарына берілді, осы нөмірлер арқылы ата-аналар алдағы уақытта ұлдарының қызметі қалай өтіп жатқанын өздерінен біле алады. Мұнан бөлек, ата-аналарға әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырылды, яғни олар бөлім аумағын, сарбаздардың жатын орнын, асханасын, медициналық лазаретін көріп, қару-жарақ және техникасын тамашалады.
Аталған шараға жоғарыда аталған лауазымды тұлғалардан бөлек Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бөлім бастығының орынбасары – әскери қызметшілерді шақырылым және келісімшарт негізінде жинақтау басқармасының бастығы полковник Фархат Құрманғожинов, Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының өкілі Рита Ерманова, сонымен қатар өңірлік қолбасшылық офицерлері мен 5571 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары қатысты.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың маусым айында қарулы топ лаңкестік шабуыл жасаған Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінде борыштарын өткеріп жүрген Алматы өңірінің сарбаздары да онлайн-байланысқа шықты. Оқиға болған күні олар да бір жеңнен қол шығарып, лаңкестердің басқыншылығына табандылықпен төтеп берген еді.
Аталмыш шара ата-аналардың сарбаздармен байланысының Қазақстан Қарулы Күштері арасында алғаш рет ұйымдастырылып отырған жаңа форматы. Мұндай кездесулер бұған дейін Ұлттық ұланның Қостанай және Ақмола облыстарындағы әскери бөлімдерде өткізілген болатын. Жылдың соңына дейін осы тектес шараларды ҚР Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде өткізу жоспарланған.