Төлеген Меллат: Қызыл қамшы

/uploads/thumbnail/20170708151950940_small.jpg
Төлеген МЕЛЛАТ - 1983 жылы, Қытайдың Баркөл ауданында дүниеге келген. «Қыраулы көктем» , «Іңір»  жыр жинақтары  жарық көрген. Ол Халқаралық, Республикалық жыр додаларының жүлдегері. Қазіргі уақытта Алматы облысы Іле ауданына қарасты №29 орта мектебінде ұстаздық қызмет атқаруда.   Аппақ балам!

Ақ маңдайымды ақ сәждеге сүйдіріп, Алпыс екі тамырымды идіріп, Қос өкпемді дұға тілеп күйдіріп, Қос қолымды күнәлардан тыйдырып, Сосын бәрін құрсағыма сыйдырып, Есесіне алдым сені сый қылып.   Алғы үніңнен тылсым даусын тыңдадым, Түйсінгендей тіршіліктің тың мәнін. Ағылғанда алғаш рет нұрландым, Ақ емшектен әбілхаят тұз дәмің.   Балам менің бақытымның басы сен, Һәм соңы да өзіңсің. Кеудемдегі менің жүрек –жанарым, Бақытыңды көрсін дағы көз ілсін.   Қаз тұрғаның қабырғамды тік етті, Қаз басқаның қадамымды үдетті. Менің тағдыр тереземе бал тілің, «Ана» дейтін алтын тәжді гүл екті. Өс құлыным, өрле биік түспегін, Сен татпастан тірлік нәрін ішпедім. Қаламаймын «Хан басыңа» құс түгіл, Көбелектің көлеңкесі түскенін.   Өс құлыным, өрле көңіл мақтаным, Сенен өзге өмірді іздеп таппадым. Қаламаймын табаныңа тас түгіл, Топырақтың тозаңының батқанын.   Балам менің бақытымның басы сен, Һәм соңы да өзіңсің. Кеудемдегі менің жүрек –жанарым, Бақытыңды көрсін дағы көз ілсін.  

Оралу

Бұл шеткері бақта, Тыныға алар ма екем. Бұлтсыздық сірә, қай жақта, Ей, бағзы мекен!   Ауама аңқытты кімдер, Бейтаныс әпсаналарын. Мінеу бір шешексіз гүлдер, Менің бастамаларым.   Қолына ап қара ноқтасын, Біреулер желігуде ме. Кеміріп қара ағаш басын, Жалғыз жүр елігім неге.   Қуыма қоспапты қосақ, Қанатын қалай ол жайсын. Сүйектен сыбызғы жасап, Баурымды езген бұл қайсың.   Ей, Ауыл! сенбісің әлде, Миымды мазалай берген. Сөнді ішім, көнді ішім әлде, Тек сенің ырқыңа ерген.   Қаңғырған бұлттардан оқып, Өзіңді отырмын неге. Қаңбақтан жіберген тоқып, Мен дағы жетім бір кеме.   Мендікке сызылған сызу – Әлі де көп жерге барам. Бағымнан жел тұрса түзу, Түбінде оралам саған. Ей, Ауыл! Бетін тырнап қанатты да бұлттың күн, Ыршып таудың желкесіне бұғынды. Ышқынып бұлт демін қайта үргенде, Ысқырып күн таудан құлап жығылды.   Қарақшы түн шатырына жасырып, Ұрлап алған жақұттарын санап тұр. Ал есіктен бір шекесін қылтитып, Ай ұрланып қарап тұр.   Үлек боздап, Қой маңырап тынды маң, Жануар ғой жақұт оған не керек. Қара аспанға біреу отыр телміріп, “ Бұл асылдар менікі емес неге ” деп. Іңір ...  

Дос

Әйтеуір батады мақұл күн, Айтарың осы ма, ақылдым. Жанында жалпиып түн отыр, Жұбату тілеген ақынның.   Ертең деп екеуі сырласар, Біреуі мүлгиді мұңға  сәл. Ойында өзгенің өкпесі, Өзінің өксігін кім басар.   Түн сүйеп ақынға, Ай басын, Қайғылас қылмаған қай ғасыр. Жердегі жалғанның жарлысы, Аспанда бақидың айнасы.   Қара түн қасында түнеген, Жарыққа етпейді кім елең. Жұлдызға жабысып жарық етті, Парақтан бусанған бір өлең.  

Қызыл қамшы

Жылқыда жүзден бір, мыңнан бір, Тұқымы тұлпардың. Ал адам жүзден жүз, мыңнан мың, Сұңқар кіл. Туада тұлпарсың, Тұяғың жаншылса кейіннен жаншылды. Жоғалтқан шығарсың, Қызыл қамшыңды.. *** Алдымен жанатын жұлдыздар, Сәулесі төменге созылған. Шайырдың ойларын оқиды, Іңірдің тілімен жазылған.   Оқылған ойлардан парлап нұр, Жанғанда төрінде аспанның, Қараңғы атымен жоғалар, Жоғалар ол сәуле шашқан күн.   Тарих жарқырап сол нұрмен, Шайырдың еншісі бөлінер. Бүгін мен ертеңнің арасы, Іңірдің көзіне көрінер.

  Тамшы үні  

Ақ жаңбыр айыққан сәтте, Жапыраққа тұндым. Кәрі көз суалған сәтте, Топыраққа сіңдім.   Найзаның ұшынан сырғып, Қына боп қалдым. Сәбидің көзінен ырғып, Күнә боп қалдым.   Қамсыздар қасірет құшып , Омырауын жудым. Жаралы жатырға түсіп, Жадыгой тудым.   Дірілдеп ақынның қолы, Қаламға қаттым. Теңізге толқыған долы, Қосылмай жаттым...

 

Связанные Статьи