Оңтүстік Қазақстан облысынан 300 тоннадан астам бау-бақша өнімдерін тиеген 24 автокөлік жолға шықты.
Олар еліміздің Батыс және Солтүстік өңірлеріне дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз бен көкөніс жеткізеді. «Жасыл өнімге-Жасыл жол» акциясының аясында көліктерді діттеген жеріне дейін жол сақшылары шығарып салады. Яғни жолай кедергі болмайды. Бұл жолы Шардара, Мақтарал, Сарыағаш және Қазығұрт ауданы диқандарының өнімдері жөнелтілді. Күні бүгінге дейін диқандар бір жарым миллион тоннадан астам бау-бақша мен көкөніс жинап үлгерген. Тамызда басталған дәстүрлі жасыл керуен акциясы қазан айына дейін жалғасады.
Тұрғанбек Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Барлық теңгерім бойынша 2 миллион 900 мың халыққа өзімізге жергілікті қажеттілікке қарағанда мысалы бақшадан 19 есе, пияз бен помидордан 8 есе, қияр 5 есе артық өндіреміз. Осы өндірілген өнімдер Солтүстік өңірлерге жіберіліп отыр.
Әмірәлі Раев, диқан:
- Бізге өте тиімді. Осы акцияға бола келдік. Бізге барлық жол ашылған ешқандай кедергі жоқ. Өнімімізді қалаған бағамен базарға сатамыз. Бәрінен бұрын халыққа сапалы өнім ұсынуымызды мақсат санаймыз