ШҚО әкімі Даниал Ахметов жерлестері атынан Ольга Рыпаковаға Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі мен 50 мың АҚШ долларын сыйға тартты. Ауыр атлетші Денис Улановқа екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Бүгін Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясы Күні аясында Рио қаласында өткен Олимпиада ойындарының қатысушылары марапатталды.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов спортшыларды құттықтап, шығысқазақстандықтардың атынан сыйлықтар берді. Олимпиадада үш қарғып секіруде қола жүлдегер атанған Ольга Рыпаковаға автокөлік кілті мен 50 мың АҚШ долларын табыс етті.
Олимпиадада ауыр атлетикадан төртінші орын иеленген Денис Улановқа Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер кілтін берді.
Шығысқазақстандық өзге спортшыларға – диск лақтырушы Евгений Лабутовқа, марафондық қашықтыққа жүгіретін жеңіл атлетші Ирина Смольниковаға, 400 м жүгіруден жеңіл атлетші Элина Михинаға және ескек есуден Екатерина Смирноваға облыс әкімінің жылдық шәкіртақысы табыс етілді.