Мамандар 1200 орындық 10 мектепті алып, әрбір аймақта жобасы бірдей мектеп құрылысына кететін шығынды салыстырып көрді. Сонда ол шығындарының айырмашылығы 900 млн.теңгеден 2 млрд. теңгеге дейін жеткен. Мектептерді салған он мердігердің ішінде 8 құрылыс компаниясында салықтан жалтару сxемалары байқалды. Осындай сxемалардың салдарынан ел бюджетіне 1 трлн. теңгенің салығы төленбей қалған, деп xабарлайды Qamshy.kz Baq.kz - ке сілтеме жасап.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша бюджеттен қыруар қаржы бөлініп отырады. Осыған байланысты экономикалық тергеу қызметі мемлекеттік сатып алуларға қатысатын кәсіпорындардың салық төлеу қызметін тексеріп шықты. Мәселен, осы уақытқа дейін "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша игерілген ақшаның соммасы 400 млрд. теңгеден асты. Сол сияқты "Өңірлерді дамыту" мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 159 млрд. теңге бар. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қоры бойынша берілген қаржы аз емес.
"Біз өзіміздің ақпараттық жүйелерімізді пайдалана отырып, аталған санаттар бойынша тауар мен қызметтерді жеткізіп жүрген кәсіпорындардың салық төлеу қызметіне мониторинг өткіздік. Бюджет қаражатын игерудің барлық санаттары бойынша салықтан жалтарудың "сұр", яғни заңсыз сxемалары анықталды. Онда жалған кәсіпкерлік нысандарды құру және тағы басқа әрекеттерді пайдаланған. Осындай күдік туғызатын кәсіпорындардың есеп-қисабы 3 триллион теңгені құрады. Алдын ала болжам бойынша бюджетке 1 трлн. теңгенің салығы төленбей қалды",-дейді ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті экономикалық тергеу қызметінің басқарма басшысының орынбасары Абзал Байманов.
Оның сөзіне қарағанда, тексеріс кезінде мамандар 1200 орындық 10 мектепті алып, әрбір аймақта бір мектептің құрылысына кететін шығынды салыстырып көрді. Сонда бірдей мектепті салу шығындарының айырмашылығы 900 млн.теңгеден 2 млрд. теңгеге дейін жеткен.
"Сол он мектепті салғандардың ішінде 8 мердігердің салық жүктемесі төмен болды. Бұл дегеніміз, ол компанияларда салықтан жалтару сxемалары болған",- дейді А.Байманов.
Оның айтуынша, бүгінгі заңнамаға сәйкес, тапсырыс беруші орындаушы үшін жауап бермейді. Сол себепті экономикалық тергеу қызметі жергілікті биліктің арасында түсіндіру жұмыстарын өткізумен шектелді.
Оставить комментарий