Оңтүстік Қазақстан облысында мақсары дақылын ору қызу жүріп жатыр. Диқандар ала жаздайғы еңбегінің арқасында өсірген дәнді дақылды төкпей-шашпай дер кезінде жинап алуға тырысуда. Биыл ауа райының қолайлы болуы мен агротехникалық талаптардың сақталуынан өнім бітік шыққан. Түсім де жоғары. Мақсары дәнін былтыр шетелге шикізат күйінде жөнелткен шаруалар сұраныс болса, оны өңдеп, өсімдік майын экспорттамақ ниетте, - деп хабарлайды Qamshy.kz 24.kz - ке сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің егістік алқабындағы сақылдаған техникалар күндіз-түні тоқтаусыз еңбек етуде. Соңғы үлгідегі комбайндар тәулігіне 40 гектарға дейін егін орады. 20 жылға жуық темір тұлпардың тізгінімен алысып келе жатқан Зайыр Мұстафаев көліктің ішінде жүргізушге қажетті жағдайдың барлығы жасалған дейді.
Зафар Мұстафаев, механизатор:
- Өнімнің жақсы болуын басындағы бүршігіне қарап, білуге болады. Биыл өнім жақсы. «Нива», «Енисей» комбайны бір айналғанда бұл екі рет жүріп өтеді. Одан кейін дестелегіші – 6 метр. Жинаған кезде бұнда шығын өте аз болады. Бұл таза жинайды.
Қатарынан екі жыл құрғақшылыққа ұрынып, салдары суға кеткен диқандардың биыл көңілдері тоқ. Өйткені биыл егін бітік шықты. Оған агротехникалық талаптардың қатаң сақталуы төмен тұқымның жергілікті түрін себу сеп болған.
Мақсары өзге дәнді дақылдарға қарағанда көп күтімді қажет етпейді. Бұған ерте көктемде мол жауын шашын мен аптапты ыстық болса, жетіп жатыр. Дегенмен шаруалар былтырғыға қарағанда биыл мол өнім алып отырмыз дейді. Қазірдің өзінде әр гектардан орта есеппен 15 центнерден дән алып жатыр екен.
Копператив биыл ерте көктемде құрылыпты. Жалпы 60-қа тарта үлескері бар. Ұжымдағылардың басты мақсаты – Мақсары кластерін құру. Осы бағытта арнайы жобаларын да әзірлеп қойыпты. Дәнді дақылды егуден бастап, оны терең өңдеу жағы да қарастырылған. Қажетті диірмендері мен май сығатын құрылғылары да бар. Қалдығынан сабын жасалады екен. Топаны малға азық. Бір сөзбен айтқанда, өнім қалдықсыз өңделеді. «Тек Үкіметтен қолдау болса, Мақсары өнімі де оңтүстіктің бренді болар еді», - деп отыр диқандар.
Хали Сарманов, «Сайрам – Агро» АШӨК төрағасы:
- Енді бұдан ары қарай өнімді 20 центнерге дейін көтерсек деген ойымыз бар. Ол үшін бізге тыңайтқыш беру керек. Қазіргі таңда ешқандай шаруа мақсарыға тыңайтқыш бермейді. Соны қолға алу керек. Одан кейін қайта өңдеуді қолға алу керек. Үкімет тарапынан көмек болса, Мақсары дәнін бүкіл дүние жүзіне белгілі брендпен – «Оңтүстік Қазақстанда шығарылған» деген атаумен шығарсақ деген мақсат бар.
Шаруалар былтыр өнімді дәндей шетелге жөнелткен.Сұраныс болса, оны өңдеп өсімдік майын да экспорттауды көздеп отыр. Себебі табысы мол. Адам ағзасына өте пайдалы және дәрумендік қасиеті бар Мақсары майына Қытай мен Түркия сияқты жалпы әлемнің алпауыт елдерінен сұраныс көп екен. Соған қарай облыста Мақсары егісінің көлемі де артып келеді, дейді мамандар.
Айдос Абиханов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауылшаруашылық егіс көлемі 12 мың 800 гектарға артып, 788 600 гектарды құрап отыр. Оның ішінде, атап айтқанда, Мақсары көлемі 74 мың гектар жерге егілген. Оның бүгінгі таңда 28 мың гектары орылып, одан 20 мың тонна өнім алынды. Жалпы орташа есеппен алғанда көрсеткіш 1 гектардан 8,5 центнерден түседі деп күтілуде.
Шаруалар ендігі кезекте мақсары зиянкестеріне қарсы күресті күшейтпек. Себебі бұған дейін қалта көтермейтін. Бағаның өсуі жағдайды жақсартып қана қоймай, жерге де күтім жасауға мүмкіндік берді, дейді диқан. 26 жылдан астам осы салада еңбек етіп келе жатқан шаруа облыста шығыны аз, пайдасы көп мақсары алқабын ұлғайтуды ұсынып отыр. Өйткені оңтүстіктің аптап ыстығы өсімдіктің бұл түріне өте қолайлы, дейді ол.