Бірнеше күннен бері "Аңыз адам" төңірегі ду-ду болды. Екіге жарылған азаматтардың пікірлерін оқып отырып біраз сұрақ туындады:
1. Адамзаттың қарғысына ұшыраған қанішерлер, тарихта қарабет болып қалғандар "аңызға айналған адам" дегенге лайық па?
2. Егер түпкі мақсат Путиннің қанқұйлы әрекеттерін әшкерлеу болса неге мұқабаға соның Путлер деген коллажын басып, ой ашық айтылмады? Күллі Еуропа солай істеді ғой... (Путиннің фашистке айналғанын қазір барлық басылымдар жазып жатыр. Сондықтан мәселе тек сонда дегенге сеніңкіремеймін)
3. Біз АДАМ мен НАДАННЫҢ ара-жігін ажыратудан қалғанбыз ба?
4. Ресей фашизміне қарсы ауыз аша алмайтын қазақ шенеуніктері неге белсенді бола қалды? Егер Қазақстан Үкіметі фашизммен талмай күресіп келе жатқан "Қаһарман" болса бір игі... Шалыс басқан Бас редакторды 12 жылға соттатамыз деу "өзгеге әлі келмеген бейбақ өз баласын оңдырмай сабайды"ның кері секілді. Айыппұлдан асар айып көріп тұрған жоқпын.
5. "Гитлер -фашист емес" дегендерді қорғасам, ең әуелі әкемнің Екінші дүние жүзілік соғыста опат болған қос ағасының әруағы атады, екіншіден бұл дұрыс емес. Ал қолдамасаң қазақтың таралымы көп бір басылымына қатер төнді. Бұндай екіұдай пікірге ұшыраған мен ғана ма?
6. "Мақала авторының пікірі редакция ұстанымын білдірмейді" деген жақсы әрине, бірақ, ішкі ой-сана цензурасы қайда қалады?
7. Гитлер мен Сталинді салыстыра дауласып, "Гитлер адамды аз өлтірген" деген не сөз? Осындай пікірлер өріп жүр. Бір адам өлтірсе де қылмыскердің аты қылмыскер емес пе... Жер жаһандағы 80 млндай адамды жойған (Гитлер 37 млн. Сталин. 40 млн) екі есердің "анаусы жақсы" деу біздің ой-өрісімізден хабар бермей ме?
8. Сөз жоқ "Аңыз адам" қазақ баспасөзінің өңгелермен бәсекелес бола алатынын дәлелдеді. Қазақы БАҚ шатқаяқтап әзер жүрген уақытта әр басылым біз үшін қымбат. "Аңыз адам" бізге КЕРЕК! Бірақ болашақта атына лайық нағыз АДАМДАРДЫ ғана басса....