ҮРЖАРДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСЫНА 10 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ЖҰМСАЛҒАН ЗАУЫТ ҚАҢЫРАП ТҰР (ВИДЕО, ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170709064949043_small.jpg

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында «Бәтуа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011 жылы республика бойынша қайталанбас әрі жалғыз пластикалық PVC құбыр шығаратын зауыттың құрылысын бастапты. Серіктестік таратқан ақпарат бойынша зауыт құрылысына 2011-2014 жылдар арасында, яғни үш жылда 6 млрд. теңге отандық (инвестиция мемлекет тарапынан салынды ма, банктен несие алды ма, әлде жеке адамдар қаржы құйды ма белгісіз), 3,5 млрд. теңгеден аса шет елдік инвестиция тартылады. Зауытта 200-ден аса жұмыс орны ашылады. 

Бұған қоса зауыттың жұмысын қолдау мақсатында 2015 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Бәтуа» ЖШС электр қуатымен қамтамасыз ету үшін   ВЛ-35 кв. қуатты ПС 35/10 кв электр станциясын салу үшін 387 млн. теңге бөледі. Бұл қаржы толық игерілген кезде қосымша 73 жұмыс орны ашылуы тиіс болған.

Құрылысына 10 млрд. теңгеге жуық инвестициялық қаржы құйылған, 273  жұмысшысы бар  еліміздегі жалғыз зауыт өз өнімдерін шығарып, пайдаға кенеліп, елдің бәрін қарық қылып отыруы керек еді.

Алайда, өкінішке қарай «Алаш жолы» халықтық қозғалысы мүшелері анықтағандай кезінде облыс әкімдері әрбір есебінде айрықша атап өтіп, Шығыс Қазақстандағы болашағынан зор үміт күттірген ең ірі инвестициялық жобаның соңы дәл біз ойлағандай болмай шықты.

Арнайы сапармен барып, «Бәтуа» ЖШС атақты зауытын көріп қайтудың сәті түсті. Өз көзімізбен көрген және түсірілген фото-видео материалдарға қарасақ 10 млрд. теңгеден аса қаражат жұмсалған зауыттың орнында бір отар қойдың қорасындай ғана құрылыс нысанын байқадық. Ол құрылыс ғимаратының ішінде қаншалықты құнды, миллиардттаған теңге тұратын құрал-жабдықтардың тұрғанын анықтау мүмкін болмады, бірақ зауыттың көп жылдан-ақ жұмыс істемей тұрғанын бірден аңғаруға болады.

Жан-жағы қоршалмаған, аумағын шөп басқан, бір де бір күзет те, жұмысшы да жоқ шағын ғана зауыт ғимаратына, қаңырап бос жатқан жерге қарап бұл зауыт құрылысына ондаған миллиард теңге жұмсалғанына сену аса қиын-ақ. Оны әрине тиісті органдар тексеріп, ақ-қарасын ажырата жатар, алайда Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің бірнеше баяндамасында айрықша атап өтіп, «облыстағы ең ірі инвестициялық жоба» деп көрсеткен,  қазіргі облыс басшысы Даниял Ахметов 387 млн. теңге көлемінде көмек қолын созған зауыттың осылай қаңырап, аумағы қоқысқа толып жатқаны, 273 түгілі 2 адамның да жұмыспен қамтылмағаны әрине өкінішті-ақ.

Ең негізгісі,  6 млрд. теңге отандық, 3,5 млрд. теңге шетелдік инвестиция қайда кетті? Оны зауыт құрылысына салғандар зауыттың жұмыс істемей тұрғанына неге алаңдамайды? 2015 жылы мемлекеттен берілген  387 млн. теңге қалай игерілді?

Осы сұрақтың бәріне Шығыс Қазақстан облысы әкімінен, облыстық прокуратурадан, Инвестиция және даму министрлігінен жауап күтеміз.    

Бір облыстың бір ауданындағы бір серіктестіктің әрекеті осындай болса жалпы республика бойынша жағдайды елестетудің өзі қиын. Осыдан барып Қазақстандағы бизнестің неге дамымай жатқанын, жұмыссыздықтың неге артып бара жатқанын, халықтың әлеуметтік жағдайының неге нашарлап бара жатқанын аңғаруға болады деп ойлаймын.

Жалпы басқа облыста да осындай жағдайлардың орын алуы әбден мүмкін. Ондаған, тіпті жүздеген миллиард теңге жұмсалып, қаңырап тұрған зауыттар мен фабрикалар туралы ақпараттарыңыз болса ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жариялаңыздар немесе «Алаш жолы» халықтық қозғалысына ақпарат беріңіздер, ағайын.

Айдын Егеубаев,

«Алаш жолы» қозғалысының белсендісі

Астана-Семей-Үржар-Астана

Связанные Статьи