Мақсат Ілиясұлы,заңгер: Арандатудан сақ болайық!

/uploads/thumbnail/20170708152121623_small.jpg

РЕСЕЙ "АҢЫЗ АДАМ" МӘСЕЛЕСІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСИ ҚЫСЫМ ЖАСАУ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫРЫП ОТЫР. АРАНДАТУДАН САҚ БОЛАЙЫҚ.

Маған әр облыстан телефон шалып, "Мұхтар Шаханов "Аңыз адам" журналын қолдау тобын құрамыз деп еді, сол топқа қалай мүше бола аламыз? Біз өз облысымызда журналды қолдау митингісін өткізсек қалай болады? Митингі өткізу үшін рұқсат сұрау керек пе?" деген сұрақтар қойып жатыр. "Қазақ тілін білмейтін, журналды оқымаған орыс шалдар мен әкімшіліктен тендер алып жүрген Әбдішүкіров, Пашевич деген біреулер неге ауған соғысы ардагерлерінің атына кір келтіреді? Оларға жалпы ауған соғысы ардагерлерінің атынан сөйлеуге кім құқық берді? Олар Алматы қаласының ортасында рұқсат етілмеген, қарулы митинг өткізсе, біз де дәл сондай митинг өткізейік. Соның ішінде бірге болыңыз, заңгерлік қолдау көрсетіңіз" деген жігіттер де табылып жатыр. Қадірлі азаматтар, бауырлар! Қазақ баспасөзіне ғана емес, жалпы Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төніп отырғаны рас. Бірақ, көшеге шығып, өрт шығарып, төбелес ұйымдастыру қазаққа емес, ең алдымен сол арандатушылықты ұйымдастырып отырған ресейшілдерге керек. Сондықтан сәл сабыр сақтап, ресми органдардың әрекетінің аужайын байқап көрейік. Қазір араша түсу үшін тек Президенттің атына топ-топ болып әр облыстан хат жазуға болады. Қоғамдық ұйымдар белсене ат салысса болады. Заң бұзушылықты ең алдымен ресми органдардың өздері бастап отырғанына қарамастан, барынша заң шеңберінде әрекет еткен жөн. Ал егер шынымен "Аңыз адамды" заңсыз жауып, Жарылқап Қалыбайды ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы бойынша ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру қауіпі туындаса, сол кезде жаппай шеруге шығу мәселесін көтеру керек деп ойлаймын. Жай ғана бір журналда шыққан мақаланы, яғни, болымсыз ғана оқиғаны үлкен халықаралық саяси мәселеге айналдырып отырған Жарылқап емес, ең алдымен Ресей Федерациясы. Ресей Сыртқы істер министрлігі арнайы нота жіберу арқылы біріншіден, тәуелсіз Қазақстанның ішкі ісіне араласып отыр, екіншіден жалған ақпаратты саяси күш көрсету құралына айналдырды. Сондықтан, арандатудан сақ болып, саяси да, құқықтық та сауатты әрекеттер жасайық дегім келеді.

Мақсат Ілиясұлы, заңгер

Связанные Статьи