Өлiкке күлу (Әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170709070537932_small.jpg

Кикучи Кан

(1888-1948)

жапон жазушысы

Екi-үш күн бойы жауған күзгi жаңбыр басылған. Таңғы аспан шайдай ашық.

Эдо өзенiнiң жағалауында тұратын Кэйкичи әдеттегiдей сағат онға таман үйден шығып, Хигашигокэнчоудағы аялдамаға асықты. Ол жаңбырлы күндi жек көретiн. Бүгiнгi күздiң бұлтсыз таңы жақсылық әкелердей, жүрегi бiртүрлi дүрсiлдеп кеттi.

Ол бiрден Эдо өзенiне жеттi. Көпiр үстiнде адам толы екен. Бөгет маңында да кiсi көп. Жиналғандар өзенде ағып бара жатқан бiрдеңенi бақылап тұр. Кэйкичи жүрiсiн жылдамдатып, топқа жетуге асықты. Адамдар жағалаудағы бөгетке, көпiрдiң жақтауына үймелеп алған. Тiптi саны барған сайын көбейiп барады.

Ол топқа жақындады. Жұрт бiрдеңенi қызу талқылап тұр.

— Әне! Қайта көрiндi, көпiрдiң дiңгегiне iлiнiп қалды, — деп, жақтауға таянып, өзеннен көз алмай тұрған бала артындағы сығылысқан топқа хабарлады.

— Не болды? — деп сұрады Кэйкичи жақындау тұрған орта жастағы әйелден.

– Бiреу суға батып кетiптi, – деп, әйел қабағын шыта жауап қатты. 

Кэйкичи бұл жауапқа қанағат­тан­ған жоқ. Оның үстiне Кэйкичи – естiгенiн дереу көруге ұмтылатын адам. Сөйтiп, ол өлген адамды көру үшiн қалың топтың арасына ентелей кiрдi. Бiрақ бұл топ әжеп­тәуiр тығыз едi, жаңа келгендi оңайлықпен сыйдырмады. Кэйкичи кимелеп жүрiп, көпшiлiктiң ортасына өттi. Бiрақ алдында тағы екi-үш адам бар, солардың арасынан сығалап жатып, жағдайды шамалап аңғарды. Өлiк Кэйкичи тұрған жағалаудың дәл түбiндегi иiрiмде екен. Жағалауда бiр полицей мен бас­қарманың екi-үш жұмысшысы жүр.

Жиналғандардың саны өсе түстi. Мыңдаған адам көпiрдi басып қалды. Алдыңғы жақтағылар көргендерiн артындағыларға жет­кiзiп тұрудан жалығар емес:

— Еркек пе, әйел ме?

— Әйел сияқты ғой...

— Суы таяз өзенде де өле ме екен?

— Суға түнде түссе, тоңып өледi, су суық қой.

Бiр сәтте көпiр үстiндегi тобыр мен жағалауға жақын тобыр:

– О-о! — деп ду ете түстi.

Әр тұстан “Әйтеуiр тартып шығарды-ау!” деген дауыстар естiлдi. Жұмысшы ұшына iлгек таққан сырықпен мәйiттi су бетiне тартып шығарды.

– Әйел екен! — деп, тобыр қайта шулады. Көпiр дiңгегiне аяқ тiреген жұмысшылар мәйiттi еппен ғана жағаға алып шығуға тырысуда.

Тобырдың қызығушылығы шектен шығып, бұрынғыдан да зор айғайға басып, шулай бастады. Бiрақ Кэйкичи су бетiне шыққан мәйiттi әлi көре алмады.

Кенет судың шолп еткен дыбысы естiлдi де, тобыр ду етiп күлдi. Кэйкичи алғашында жұрттың неге күлгенiн түсiнбедi. Бiрақ күлудiң себебiн тобырдың у-дуынан түсiн­дi. Бiр сәтке су бетiне көтерiлген мәйiт iлгек ажырағанда суға қайта шолп ете түскен-дi. 

– Мықтап ұста! Ақымақ! — дедi тобыр жұмысшыға.

Жұмысшы өлiкке iлгектi қайта тастауға тырысып жатыр.

Тобыр:

– Бұл жолы дұрыстап ұста! – деп айғайлады. Сол сәтте су тағы да шолп еттi де, бұрынғыдан да зор күлкi естiлдi. Мәйiт суға қайта батып кеттi. Жұмысшылардың немқұрайды әрекетi мен жеңiл ойлы тобырдың өлiктi күлкiге айналдырғанына Кэйкичидiң жан-жүрегi езiлдi.

Көпшiлiктiң өлiкке күлгенi кешi­рiмсiз. Тiрi адамдардың өлгендi осынша мазақ етуi... Өзендегi бұл көрiнiске күлу Кэйкичи үшiн адамның өлгенiн мазақ етумен бiрдей едi.

Бұл жолы мәйiт iлгекке дұрыс iлiнген сияқты.

— Сондай ыңғайсыз жерден тартып... Басқа амал жоқ па? Тас баспалдақ жаққа тартсаңшы, — деп, тобыр iшiнен бiреу айғайлады. Жұмысшы мәйiттi сырыққа iлген күйi тас баспалдақ жаққа қарай жылжыта бастады.

Тас баспалдақ Кэйкичиден 1 кэнге де жетпейтiн жерде. Жағалаудағы полицей мәйiттi шығарып алу үшiн баспалдаққа жиналғандарды дүркiрете қуды. Кэйкичидiң алдында тұрған кiсiлер ығысқан соң бәрi анық көрiне бастады.

Кэйкичидiң мәйiтке көзi түскенде, көкiрегiн қайғы кернедi. Әйел­дiң шашы артқа жайылған, балауыздай аппақ қолы артына қайырылып, мықты жiппен байланыпты. Баспалдаққа сүйреп шығарылған мәйiттен әйел өмiрiнiң қайғы-қасiретi есiп-ақ тұр... Жан-дүниесi егiлген Кэйкичи көз жасын тежеп, бетiн көлегейлеп, әлгi жерден тез-тез басып кетiп қалды. Мәйiттi әбден тамашалаған жұрттың да құмары қанған сыңайлы, олар да тарай бастады.

Кэйкичи сол сәтте келе қалған электр пойызға отырды. Бiрақ әлгi көрiнiс көз алдынан кетер емес. “Өмiрде қорланғаны аздай-ақ оны өлгеннен соң да қорладық-ау...” деп күйiндi Кэйкичи.

Жапон тiлiнен аударған Шарафат  Жылқыбаева

Связанные Статьи