Атамбаевтың улану тарихы

/uploads/thumbnail/20170709074352857_small.jpg

Бүгін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың денсаулығы сыр беріп, Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясына барар жолда Түркияның ауруханасына жатқызылғаны хабарланды. Осы орайда Алмазбек Атамбаевтың дәрігерлер көмегіне жүгініп, елді елең еткізуі бір бұл еместігін естеріңізге саламыз. Qamshy.kz осы уақытқа дейінгі Алмазбек Атамбаевтың уланды деген күдікпен емделу тарихын тізіп шықты.

Атамбаев – президент атанбай тұрып, саяси қарсыластарының шабуылына ұшыраған саясаткер. Ең алғаш рет ол 2007 жылдың 11 мамыры күні уланды. Ол кезде Алмазбек Қырғызстанның премьер-министрі еді. Атамбаев онда өзінің сол кездегі ел президенті Құрманбек Бакиев пен оның әкімшілік жетекшісі Медет Садырқұловпен кездесуден соң бір стақан шырын ішкенін, артынша есінен танып қалғанын айтқан. А. Атамбаев 17 мамыр күні АҚШ елшісі Мари Йовановичке өзіне берілген удың ресейлік екеніне және оның өзін өлтіру үшін емес, тек ескерту жасау, қорқыту жасау үшін берілгеніне сенімді екенін айтыпты. Сондай-ақ, А. Атамбаев сол оқиғадан соң ресейлік ФҚҚ-ге қоңырау шалып, өзіне қарсы ештеңе жасамауларын сұрап, өзінің «ресейшіл премьер-министр екенін» айтқанын да ашық мәлімдеген.

Өзін улауға қатысы бар басты күдіктілер ретінде А. Атамбаев Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Феликс Кулов пен Қазақстан президентінің сол кездегі күйеу балаларының біреуін атаған. Бұл әңгімені олан әрі даурықтыруды қаламаған А. Атамбаев Түркияның «Гүлхан» әскери-медициналық академиясында емделіп, кейін өңешін тазалатқан.

Қырғызстандағы 2009 жылғы президент сайлауы кезінде де Атамбаев уланды деген шу шықты. Маусым айының соңында кезекті бір жиында ол «бойын игеруі қиындап, сөйлей алмай» қалған. Ол жолғы улануға жүйке-параличтік у себеп болғаны хабарланған еді.

2011 жылдың күзінде өткен президенттік сайлауда А. Атамбаев жеңіске жетіп, 1 желтоқсан күні инауграциясы өткен болатын. Осыдан кейін де Атамбаевтың денсаулық жағдайына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылды. Тек 2013 жылы қайтадан Түркияның сол кездегі президенті Абдолла Гүлдің шақыруымен «Гүлхана» әскери-медициналық академиясында ем алғанын білеміз.

Одан бөлек А. Атамбаев 2014 жылы Мәскеудегі клиникалардың бірінде тізесіне ота жасатты. 2015 жылы қараша айында бірқатар БАҚ А. Атамбаевтың Бейжіңге барып емделгені туралы жазды. Бірақ, бұл ақпарат ресми органдар тарапынан расталмады.

Қырғызстанның А. Атамбаевқа дейінгі президенттерінің улануы туралы ашық ақпараттар тараған жоқ. Тек, экс-президент Құрманбек Бәкиевтің отбасылық кмкілжің кезінде туған ұлы Максим Бәкиевтің аяғынан атып жарақаттағаны туралы WikiLeaks жазды.

Дайындаған: Дархан Мұқантегі

Связанные Статьи