«Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің жолын кесу мен алдын алудың заңнамалық және институционалдық шаралары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысқан саясаткер Мұхтар Тайжан құзырлы орган басшыларына осындай сауал тастады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Экстремизм, терроризммен күрес мәселелерін талқылаған жиында саясаткер жастардың теріс ағымдар жетегінде кетуінің басты себептері ретінде кедейшілік пен мемлекеттік саясаттағы әділетсіздікті атады.
«Лаңкестіктің басты негізі – кедейшілік пен жұмыссыздық. Терроризммен күресте Үкімет басшыларының жауапкершілігі зор. Елде кедейшілік болмауы керек. Өйткені, еліміз – бай. Қазақстанда бар-жоғы 17 миллион ғана адам бар. Сондықтан, біз дүние жүзіндегі ахуалдың өзгеруіне байланысты Үкіметтен басқа экономикалық саясат күтеміз», - деді М. Тайжан.
Жастардың экстремистік идеяларға еруіне білім беру жүйесіндегі кемшіліктердің, қоғамдағы әділетсіздіктің де себеп болып отырғанына назар аудартты.
Сондай-ақ, М. Тайжан жер реформасына наразылық білдіріп, акциялар ұйымдастырған белсенділерді қудалау мәселесіне де тоқталды.
«Жаңа Зәуреш Батталова ханым дұрыс айтып кетті. Мысалы, Макс Боқаев пен Талғат Аянның төрт ай қамауда отырғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, әлі сот үкімі жоқ. Оларды үй қамаққа ауыстыруға болады ғой. Мысалы, үлкен жемқорлыққа барған «ЭКСПО» басшылары сот шешімін үйлерінде күтті, ал, бұл жігіттер неге сотты үйде отырып күтпейді?», - деген М. Тайжан белсенділер сотталып кетсе, ол шешім ешкімге абырой әкелмейтінін, мемлекет рақымшылық танытуы керектігін еске салды.
Оставить комментарий