МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫНА ҚАРСЫ ШЫҚПАҚ ПА?

/uploads/thumbnail/20170709080854606_small.JPG

Бір қызық жағдай болып тұр. Жыл сайын күзде «старт» алатын саяси «сезон» Қазақстанның саяси жүйесіндегі бұған дейінгі ережелерге етене деуге келмейтін оқиғалармен басталып отыр. Атап айтқанда, соңғы бірнеше шақырылымында «қалталы парламент», «қуыршақ парламент» деген түрлі жағымсыз атаққа қалған мәжіліс депутаттары (бәрі емес, әрине) ерекше белсенділік танытуда. Өткен жолы үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевті елдің осы уақытқа дейін жиналып қалған сыртқы қарызы мен күн өткен сайын ортайып бара жатқан Ұлттық қор үшін сықпыртып алды. Қаһарына мінген қалаулылар басқа да шенеуніктерді аяйтын емес. Депутаттардың бұл батылдығын ел палата төрағалығына Нұрлан Нығматуллиннің келуімен, келгенде де жай келмей, депутаттық корпустың салмағын арттыру жөнінде Елбасының тапсырмасын алып келуімен байланыстырады. Қызық деп отырғанымыз да осы Нығматуллиннің айналасында болып отыр.

Екі күн бұрын Нұрлан Нығматуллин мәжіліс жанынан депутаттық этика жөніндегі кеңес құрылатынын, ол кеңес Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп депутаттық этика ережелерін бұзған қалаулыларды жазалау жөнінде ұсыныстар әзірлейтінін айтты. Депутаттық «стажы» біраз әріптесін жолда қалдыратын Қуаныш Сұлтанов жетекшілік ететін кеңеске Сауытбек Әбдірахманов, Құралай Қаракен, Евгений Козлов, Екатерина Никитинская, Шавхат Өтемісов, Тұрғын Сыздықов енген. Осы жеті депутат де-юре халық сайлаған, де-факто партиялар ұсынған тізім бойынша жайлы орынға жайғасқан өзге әріптестерінің мәлімдемелерін май шаммен қарап, депутаттық сауалдарына сараптама жасамақ. Парламент төрінде дөрекілік пен заң шығарушы органның беделіне нұқсан келтіретіндей қылық танытқандар жазаланбақ. Жазаны жүзеге асыруға Орталық сайлау комиссиясы да араласатынына қарағанда ол жаза тіпті, депутатты мандатынан айыруға дейін баруы мүмкін.

Міне, мәжіліс спикерінің осы бастамасы әлдебіреулердің шамына тиген сияқты. Кеше «Жақсы» деген бір сайтта «Депутаттық этика» - жаңа хикаяның басы» деген мақала жарияланды. Мақалада Зайроллаұлының «заңы» сынға алынады. Автор Ж. Құсайынның ойынша, мұндай норма енсе, қалаулылардың ел аманатын ақтарып, шындықты шырқыратуына зор кедергі болатын көрінеді. Республиканың әр түкпірінде терактілер жасалып, педофилдер құтырып тұрған мынадай маңызды сәтте депутаттар этика сақтап отырып қалса, кеш қалады екен де, қоғамды «шайпау әйелдің қарғысы» мен «билік баспалдағында жолы болмаған өкпелі ағайлардың нәтижесіз айғайы» шарлап кетеді екен. Ал, осындайда, көптің көзін ашып, ақиқаттың алдаспаны болуы тиіс депутат мырзалар «аузын буған өгіздей ләм деуден қалмақ».

Автор бұл айтқандарына нақты мысал ретінде 2008 жылы қазақ пен қырғызға ортақ жазушы Шыңғыс Айтматов дүниеден өткенде Мәжіліс депутаттарының жұмысын бір минуттық үнсіздік жариялаумен бастағанын айтады. Сөйтіп, депутаттарымыз ешбір моральдық та, саяси да этика талаптарына жалтақтамай, бауырлас халықтың біртуар жазушысына құрмет ретінде бір минуттық үнсіздік жариялап кеп жіберіпті. Міне, мәселе қайда жатыр?! Егер сол кезде этика деп ежіктеп отырса, депутаттар көршіге көңіл айтудан қалады екен. Мақалада халық қалаулыларының аузына қақпақ болатын бірқатар шектеулер енгізілгелі жатқан мына тәртіпке дейін де болғаны айтылады.  

«Мәселенің мәнісі мынада екен. Қазір Парламентте «депутаттық этика» дейтін ішкі тәртіп құрылған. Біз сайлаған депутаттың қандай да бірмәселеге қатысты  өз бетінше пікір білдіруге, сауал жолдауға, мәселе көтеруге құқы жоқ. Ол үшін депуттатық сауал алдын ала (1 немесе 2 апта бұрын) спикердің төңірегіндегі сүзгі-бақылауға жөнелтіліп,  «Нұр Отан партиясының имиджіне нұқсан келмейтін» деп аталатын пункттің тұсында паршаланып барып мақұлданады. Егер халық сайлаған қалаулы ағай (немесе апай) бұл «этикадан» аттап кетер болса, депутатты мандатынан айыруға дейінгі жазаның түрі бар. Енді әлгі процестің ұзақтығына назар салыңызшы. Сіз бүгін болған жайтқа қатысты мәселе көтеру үшін, өткен аптаның басында «кезекке тұруыңыз» керек екен. «Сіз кешіктіңіз, депутат мырза!». Нонсенс! Осындай қылбұрау, осындай шектен шыққан тәртіп пен бақылаудан соң, депуттаттар тым өткір мәселеге барудан қалғандай. Күн тәртібіндегі жанып тұрған проблемалар біздің депутат мырзаларды «айналып өтуге» мәжбүр. Кім коллективте жаман атты болғысы келеді? Кім депутаттық мандаттан қапелімде айырылғысы келеді?», - деген автор билік партиясының ішкі сырын да ашып тастапты. Біле білген адамға бұл да мемлекеттік қызметтің (депутаттарға да тән) этикасына томпақ тірлік.  

Түсінгеніміз, көктемдегі жер дауы шыққанда жалғыз «халықтық коммунист» В. Косаревтің ғана көсілуі, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты кейбір мәселелерде «ақжолдықтардың» даусының ғана қаттырақ шығып кетіп жүргені содан екен. Көп депутаттың аузын өз төркіні - «Нұр Отан» жауып келіпті. Ал, мына Н. Нығматуллин мен Б. Имашевтің этика жөніндегі кеңесі онсыз да іштен тынып жүрген қалаулылар үшін тамұқтың тап өзі болмақ-мыс.

Енді осы депутаттарды этика нормасының көмегімен «тезге салудың» жаңа жүйесі кімге жақпай қалуы мүмкін? Әрине, сол депутаттардың өзіне. Өйткені, бұл жерде жапа шегетін, жазаланатын, тіпті, мандатынан айырылатын депутаттардың өзі. Онда да сол бас партияның фракция мүшелері болуы әбден мүмкін. Олай дейтініміз, «демократия декорациясы» үшін сайланған «Ақ жол» мен ҚХКП-нің 14 депутатын, Ассамблеядан барған 9 қалаулыны Мәжілістен қууға ешкім де мүдделі емес. Сілкілесе сол «Нұр Отанның» 84 депутатын сілкілейді. Оның үстіне бұл партияның сайлауалды тізімінде 127 үміткердің есімі болған. Мәжіліске маңайлай алмай қалған резервтегі 43 кандидаттың шақырылым соңына дейін парламент партасына бір отырып кетуден дәмесі жоқ дей алмайсыз.

Бұл мақаланы Н. Нығматуллинге наразылық деп бағалауымызға себеп болған тағы бір жәйт – палата спикерінің ондағы жұмыс топтарына қоғамдық белсенділерді көптеп тартып, терроризм мен экстремизмнің алдын алу, теріс діни ағымдармен күрес шараларына қоғамнан көмек сұрауы. Осыған дейін тұтастай саяси жүйені ашық сынап келген саясаткерлер О. Жандосов, З. Батталова мен құқыққорғаушы Е. Жовтистен басқа парламенттегі жұмысшы топтарына тәуелсіз саясаттанушы А. Сарым, радикалды діни ағымдардың саяси мүдделерін әшкерелеп жүрген дінтанушы Қ. Жолдыбайұлының кіргені қаралып жатқан заң жобаларына қоғамның назарын аудартып, бізде парламент деген де орган бар екенін елдің есіне түсіріп отыр. Қашанғы депутаттың жұмысын белсенділер атқарып, айлығын басқалар ала береді? Бәлкім, көзге түсіп, салмақты ой айтқан сол сарапшылардың да қатарынан бір-екеуін  депутат ету керек болатын шығар...

Міне, саяси қолданысқа «депутат этикасы» деген ұғымды енгізгелі отырған бастамаға қарсылық тууына себеп болды дейтіндей болжамдар – осылар. Әйтпесе, Мәжілістен С. Әбділдин, А. Айталы, Т. Тоқтасынов, С. Әбдірахманов кеткеннен кейін халық қалаулыларының бетің бар, жүзің бар демей батыл мәлімдемелер жасағанын көре алмадық. Этикаға сыймайтындай бас жарып, көз шығарғандар да болмады. Ал, жақында ғана «қазақта мемлекет болмаған» деп қойып қалған Қ. Сұлтановтың қылығын әдепсіздік десе, оны этика жөніндегі кеңеске басшы етіп қоймас еді. «Жерге неге дәрет сындырып жүрсіңдер?» деп шу шығарған Б. Тілеуханды меңзесе, ол кісі оны парламент ғимаратынан тыс жерде айтты. Демек, еш қалаулының әдепсіздігімнен әбігерге түсем-ау деп қауіптенуіне негіз жоқ. Соған қарағанда қатаң талапқа қарсы шығушыларды алаңдатып отырған сөз бостандығы емес, басқа мәселе сияқты.

Дархан Мұқантегі

Оставить комментарий

Связанные Статьи