Лауазымды мемлекеттік қызметкерге делдал арқылы пара берді деп айыпталған Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Амангелді Сопбеков осы аптада облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Бұл туралы Qamshy.kz Nur.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат сессия алдында өтетін мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында да болған (А.Сопбеков мәслихаттағы әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі).
Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті шілде айында облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековты сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұстағанын хабарлаған болатын.
Аталған органның ресми ақпаратында оның қарамағындағы қызметкері арқылы облыстық білім басқармасының лауазымды қызметкеріне қосымша мемлекеттік грант бөлу үшін 3 миллион теңге көлемінде пара бергені айтылды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Сопбековтың кейінірек үйқамаққа алынғаны туралы ресми емес ақпарат таралды.
Енді міне, араға екі ай салып, Амангелді Сопбеков мәслихаттағы депутаттық міндетін атқаруға қайта кірісті. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда қазіргі уақытта депутаттың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа өткен көрінеді.
Амангелді Сопбеков мәслихаттың кем дегенде үш шақырылымның депутаты. «Ақжол» партиясының өкілі. Соңғы сайлауда ол Шардара ауданынан түсіп, жеңіске жетті. Дегенмен дода мәресіне жақындап қалған кезде жайсыздау жағдайды бастан кешкені рас.
Биліктің партиясынан түскен кандидаттарға қиындау қарсылас болатындарды жарыс жолынан жаппай шығарып тастау науқанының құрбаны болатын білген ол сайлау комиссиясының отырысы өтіп жатқан ғимаратқа белгісіз сұйықтықты алып кіріп, өз-өзін өртемек болған көрінеді. Аты-жөні нақты аталмаса да осындай фактінің орын алғаны Бас прокуратураның мәліметінде келтірілді.
Сайлаудан кейін депутаттың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдарын жүргізу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылғаны белгілі болды. Бір айдан кейін оның қысқартылғаны жергілікті телеарналардан айтылған еді. Бұл жолғы қылмыстық істің немен аяқталатыны белгісіз.
Оставить комментарий