Ақтөбеде өңірді дамытудың «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясындағы ауқымды жобалар іске асуда

/uploads/thumbnail/20170709082155453_small.jpeg

Тарихы терең, жері бай, елі дархан Ақтөбе өңірінде жаңа индустрияландыру жобалары жүзеге асырылуда. Бұған Елбасының «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» тапсырмасының тың серпін беріп жатқаны анық. Өңірде өркенді істердің көкжиегі кеңейе түсуде. Уақыт талабы-қазіргі күрделі кезеңнің тығырықтарынан шығу үшін ілгері дамудың жаңа мүмкіндіктерін тауып, жаңаша жұмыс жасау болып отыр. Бұл үрдісті Ақтөбе облысының экономикасы мен әлеуметтік саласындағы терең өзгерістерден де көруге болады.

Арайланып атқан әрбір таңнан жақсылық пен ізгіліктің, жаңа өзгерістердің лебін күтетін бір адами шынайы сезім ақтөбеліктердің де бойына тән-жақсы қасиет екені даусыз. Ақтөбе атауына лайық қала күннен-күнге көркейіп келеді. Жасыл желекпен, майысып өскен балғын гүлдермен көмкерілген ежелгі шаһардың келбеті жаз айында мүлдем құлпырып, жайнай түсуде. Уақыттың демімен, жаздың самал лебімен келген өзгерістер өңір тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатыр. Сөзімізді ресми деректермен дәйектер болсақ, 2016 жылы өңірде үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 13 жоба пайдалануға беріледі деп күтілген. Солардың жүзеге асып жатқандары баршылық. Қазіргі уақытта облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына сомасы 812,3 миллиард теңге болатын және 13,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 94 жоба еніп отыр. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы сомасы 562,2 миллиард теңге болатын 79 жоба іске қосылып, 7,3 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұлар халықтың тұрмысына оң әсерін тигізуде.

Қазір Ақтөбе облысында кәсіпорындар қуаттылығын 100 пайызға жеткізу жолдары қарастырылуда. Жалпы, 2010 жылдан бері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобалары бойынша 1,1 триллион теңгенің, оның ішінде биыл 5 айда 68,5 миллиард теңгенің өнімі (өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 15,7 пайызы) өндірілді.

2016-2019 жылдар аралығында өңірде 15 жоба пайдалануға беріліп, 5,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес, 15,9 миллиард теңгенің 13 жобасы пайдалануға беріледі. Алғашқы жартыжылдықта бір жоба, яғни қуаттылығы жылына 111,6 мың тонна болатын аз тоннажды мұнай өңдеу зауыты пайдалануға берілді.

Үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылатын үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама жобаларының қатарында жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын үй құрылысы комбинаты да бар. Бұл өз кезегінде болашақта импорттық материалдарды ығыстыру есебінен тұрғын үй бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Ин-дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарының кәсіпкерлері белсенділік танытуда. Өз кезегінде Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында бұл жұмыстар ойдағыдай емес. ширақтық жетіспейді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ұсынылатын жобаларды іріктеу керектігін де ұдайы алға тартып келеді. Оның айтуынша, қанша жоба болса да олар болашақта өңір экономикасының дамуына серпін беретін, облыс тұрғындарын тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз ететін тиімді инвестициялық жоба болулары керек. Сондықтан бұл бағытта саннан гөрі сапаға баса назар аудару қажет.

Ақтөбе өңірінде жаңа заманға лайық сәулетті құрылыстар мен әлеуметтік нысандардың жиі бой көтеріп, қаланың да, ауылдың да көрік, келбетіне ерекше тән, жарасымды өң беріп жатқанын байқау еш қиын емес. Мысалы, өңірдің бас қалласында құны 1,3 млрд теңге болатын Жастар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы құрылыс жөнінде облыс әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 2016 жылға өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Құжатты өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен аталмыш акционерлік қоғамның Бас директоры Ван Цзюньжэнь бекітті.

Меморандум аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Ақтөбе қаласындағы Жастар сарайы құрылысын қаржыландыру бойынша міндеттеме алды. Жалпы ауданы 9,5 мың шаршы метр болатын 3 қабатты Жастар сарайы ғимаратының құрылысы Ақтөбе қаласының орталық бөлігінде, Әбілқайыр хан даңғылының бойында, Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябаққа қарсы бетте басталды.
Көпсалалы кешен жастардың шығармашылық бастамалары мен мәдени шараларды дамытуға арналған. Мұнда семинарлар, конференциялар, кездесулер, бұқаралық интерактивті шаралар өткізіледі. Мұндағы 1,5 мың орынға есептелген көрермен залы концерттерді, кинокөрсетілімдер мен көркем қойылымдарды кезінде еркін тамашалауға мол мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 1,3 млрд. теңге. Нысан 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУ КАРТАСЫ

Өңірде өткен «Кедергісіз кәсіпкерлік» форумы барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының прокуратурасы және аймақтық кәсіпкерлер палатасымен кәсіпкерлік картасын жүзеге асыруда өзара әрекет ету жөніндегі меморандумға қол қойды.

Ел Президенті кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударып келеді. Біздің облыста тіркелген 130 мың кәсіпкерлік қызмет субъектісі облыстағы белсенді халықтың 32 %-ын құрайды. Мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерге түрлі қолдау көрсетуде. Әсіресе, жұмыссыздыққа жол бермеу мақсатында жұмыс орындарын ашып жатыр.

Әкім өңірде 200 гектар алқапта индустриалды аумақ бар екенін, онда инновацияық және болашағы бар жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдай қарастырылғанын еске салды.

Картаның көмегімен өңірдегі кәсіпкерліктің даму жағдайын, шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болатын себептер мен жағдайларды анықтауға, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салық салу және сыртқы экономикалық қызметтегі мәселелерді айқындап, оларды шешу жолдарын іздестіруге болады.
Облыс жетекшілігі Картаны жүзеге асыруға мейлінше көмектесуге уәде берді.
Шара соңында Картаны жүзеге асыруға жауапты органдар өкілдерінің қатысуымен Ынтымақтастық және өзара түсінушілік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

ЖОЛ - ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ

Облыс әкімдігінде өткен республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы сервисті дамыту жөніндегі кеңес барысында өңірде 1916 жылы 12 жаңа жол бойында қызмет көрсету нысандарының іске қосылатыны белгілі болған еді. Тіршілік тамыры - жол бойында болатын бұл жаңалық облыс жұртшылығын қуантып отыр.

Қазіргі таңда өңірдегі жалпы ұзындығы 1894 шақырым болатын республикалық маңызы бар жолдарда 106 қызмет көрсету нысаны жұмыс жасайды, олардың қатарында 34 жанар-жағармай құю бекеті, 63 тамақтану орны, 25 қонақ үй және 22 техникалық қызмет көрсету бекеті бар. Аталған нысандардың басым бөлігі ҚР Ұлттық стандарттары бекіткен А, В, С, D категорияларына сай келмейді.

Жол бойы сервисті дамыту мақсатында нысандарды автомобиль жолдары бойынша орналастыру картасы әзірленіп, нысандар құрылысына қажетті орындар анықталады. Арнайы Картада көрсетілгендей, жол бойы нысандарының 2020 жылға есептелген құрылыс жоспарына сәйкес, облыс аумағында 46 кешен құрылысы қажет. Биыл жалпы құны 1,15 млрд теңге болатын, 130 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 12 жаңа нысан ашылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде Әйтеке би, Мәртөк және Хромтау аудандарында нысандар қолданысқа берілді. Олардың барлығы да «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында орналасқан.

Жоспарларды жүзеге асыру үшін облыста жол бойындағы сервис нысандары құрылысы бойынша алгоритм әзірленді. Жер телімі алынғаннан бастап, нысанды іске толық қосқанға дейінгі процедуралар көрсетіледі. Сонымен бірге, «бір терезе» қағидасы бойынша Кәсіпкерлікті дамыту орталықтары жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Жергілікті билік тарапынан жол бойындағы сервисті дамытушыларға өзге де қолдау шаралары көрсетіледі.
Сонымен бірге, кеңес барысында жол бойындағы сервис нысандарын модернизациялау, сондай-ақ жол бойы сервистері кешендерін құру бойынша мәселелер қаралды. Ол үшін аудан әкімдіктері мен Ақтөбе қаласында ірі жанар-жағар май құю бекеттері маңынан жер телімдерін бөлу туралы ұсыныс жасалды. сонымен қатар авто жанар-жағар май құю бекеттері құрылысына телімдерді бөлгенде кәсіпкерлік қызмет субъектілерін де жұмылдыру көзделген.

Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл тетік болашақта облыс бюджетіне түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін де жақсы жолға қояды. Жалпы алғанда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жүзеге асыру барысы жақсы қарқынмен жүргізілуде. Оны одан әрі жақсарта түсудің де зор мүмкіндіктері бар. Түсіндіру жұмыстарын күшейту керек, инвесторлардың назарына жеткізе білу керек, мемлекетпен ынтымақтастық орнату арқылы болашақта қандай табыстарға кенелетінін де айту керек, - дейді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі болашағы бар жаңа жобаларды әлі де анықтай түсуді қажет деп біледі. Қазіргі уақытта өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерін энергия үнемдейтін жобаларға да қолданып көру мүмкіндіктері қарастырылуда. Мемлекеттік мекемелер, құрылыс және көшені жарықтандыру, Ақтөбе қаласының жолдарындағы көлік ағынын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жобалары бірте-бірде өмірге еніп келеді. Ой, мақсат, іс бірлігі бар жерде өмір үнемі қозғалыста болады ғой. Ақтөбеде адамды ізгі мұратқа бастайтын осындай батыл қадамдар бар.

Оставить комментарий

Связанные Статьи