Белесебет мінген билік немесе қазақстандықтарды белесебетке отырғызудың бес себебі

/uploads/thumbnail/20170709082620879_small.PNG

Өркениетті елдердің үрдісіне ілескен Қазақстанда веломания қарқын алатынға ұқсайды. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында велотұрақтар мен арнайы жолдар пайда болды. Жуырда Алматыда қала басшысы Бауыржан Байбек Almaty bike жобасы аясында велостансаларды іске қосу салтанаты өтті. Осылайша Астана мен Шымкент қалаларында сәтімен жүзеге асып жатқан белесебеттер желісі енді Алматыда да болатын болды. Халықты велосипедке көбірек отырғызу туралы ойды мұның алдында мемлекет басшысы да бірнеше мәрте қуаттаған болатын.

Естеріңізде болса, 2014 жылдың сәуірінде Астананың дамуына қатысты өткен жиында Елбасы: "Қоғамдық көлікті дамытып, жазда көбірек велосипедпен жүру керек. Осыған қатты мән беріп, түбі осыған келуіміз керек», деген болатын. Осыған орай, халқы велосипедпен ең көп қатынайтын Ұлыбритания тәжірибесінде халық арасында көліктің осы бір түрін кеңінен таратудың маңыздылығын сараптап көрелік.  
Ағылшындар –  велосипед үстіндегі ұлт. Қазақтар ше?

      ...Әдетте автокөлiктi паркингке қою үшін орын таппай қиналатыныңыз бар. Мен оқыған Норвичтегі Шығыс Англия университетiнiң жастары болса, белесебетті қаңтаруға орын таппай әуреге түседі. Әуреленгені де сол паркинг орны бос болмағасын, тал-дарақ пен көпшілік орындықтарға сүйеп, құлыптай салатынын көз көрді. Осынау шағын детальдан-ақ британ жұртының велосипедті баяғыдан арлы-берлі қатынайтын негізгі көлік түріне айналдырғанын аңдайсыз.
Задында ағылшындарға «велосипед үстіндегі ұлт» деген теңеу жарасар. Көшеде қалың көлік нөпірінен бөлек, екі аяқты педальға артқан белсебетшілер қозғалысын жиі көз шалады. Британ корольдігінде белсебет тебетіндердің тұтас мәдениеті, өз дәстүрі, салты қалыптасқан. Үй мен жұмысқа дейінгі қашықтықты арзан, әрі денсаулыққа пайдалы   көлік түрімен еңсеру тұтастай алғанда, жылдар бойына сәнге айналып, көз үйреншікті құбылыс болып кеткелі қашан?! Бүгінде велосипед – британ корольдігі еркіндігінің символы да іспеттес. Себебі де түсінікті. Велосипедшілер үшін күні бойына алтын уақытыңды ұрлайтын, бағдаршамдар арасында сағаттап қозғалтатын  кептеліс ұғымы бейтаныс. Автокөліктің арасымен еркін қозғалуға болады. Бұл бес себептің алғашқысы. Кез-келген жерден кедергісіз жүріп, діттегеніңе кейде автомашинадан бұрын жеткізетін велосипед британдық ғұмыр салтының ажырағысыз бөлшегі боп біте қайнасып кете барған. Заманауи тілге салсақ, «bike» тізгіндеу британ аралдарында кешегінің ғана емес, бүгінгінің де жарасымды трэнді. Май Кавеннет есімді Лондондағы велосипед қозғалысы көшбасшысының пікірінше, Британияда жұмысқа бұл мініспен жүру әрі сән, әрі танымдық тұрғыда да пайдалы. Өйткені, межеленген жерге барғанша жолшыбай маңайды танып-біліп, көңілдің күйі көтеріліп, уақытыңыз тиімді өтеді. Бұл екінші себеп.
Педальді көліктің танымалдығы артқаны соншалық, Лондон қаласында бүгінде «белесебетшілерге» арналған тақтайдай тегіс екі хайвэй (highway) даңғыл жолдар ашылыпты. Соның арқасында байкерлер Британ астанасының бір түкіпірінен екіншісіне еш кедергісіз, көп уақыт шығындамай еркін жете алады. Қазақстанда да хайвэй дәрежесіндегі болмаса да белесебет тебуге арналған белгіленген жолдар әзірге Астана, Алматы, Шымкентте ғана бар.
Алайда бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Белесебет тізгіндегендердің артуына орай бұл веложолдар еліміздің әр түкпірінде де пайда бола бермек санаймын. Үшінші себебіңіз де осы.      
                           Велосипед – саясаткерлер мінісі

«Bike» бұқара халықтың ғана емес, саясаткерлер мен мемлекет қайраткерлері жиі тебетін танымал көлік. Оны өз үлгісімен аса танымал етуге Лондонның экс-мэрі Борис Джонсонның да қосқан үлесі зор. Шашы жалбырап, сөмкесін асынып, көшеде велосипед теуіп бара жатқан жолшыбай кісіні көрсеңіз ә дегенде әлемге әйгілі мегаполистің «әкімі» келе жатыр деген ой санаңызға еш кіріп-шықпайды.
Шенеунік туралы барлық қасаң стереотипті бұзып-жарған Борис мырзаның кезінде Лондон көшелерінің әр тұсында 400 велопаркингтен тұратын жалдамалы велосипед желісі ашылғаны да есте. Осы жаңашылдығы үшін халық бұл велосипедттерді «borisbikes» (бористің велосипедттері) атап кеткені де белгілі. Араға аз ғана жыл салып, британ астанасында бұқаралық қолданысқа енген велосипедттер желісі алғаш рет Қазақстан астанасына да жетті, ізінше Шымкент, Алматы қалаларында пайда болғаны қуантарлық жәйт. Белесебетшіл Борис сияқты елімізде де педаль тепкен әкімдердің бейнелері ғаламтордың көзайымына айналды. «Borisbike» сияқты Алматы мен Шымкент әкімдер кезінде салынған велосипедттер шетелдіктер арасында «Baibekbike» және «Gabibike» аталып кетті.     
 Астана, Шымкент, Алматы әкімдерінің велосипед мінген фотосуреті мен видеолары ғаламторда ең көп көрілгендердің қатарында. Шаһар басшыларының бұл әрекеттері қос қолдап құптарлық игі бастама екені айқын ғой. Дейтұрғанмен, велосипедке жиі отыратын Алматы мен Шымкент əкімдерінің көбіне "арзан пиар" деп күдікпен қарап, сынауға дайын тұратын жағымсыз қасиет те қылаң береді. Өз пікірімше әкімдер күні бойына тек белсебет мініп жүруге міндетті емес. Қажетіне қарай қызметтік көлікті де қолданады. Мұндағы басты мақсат, əкімдер бастап, қараша халық қостап елімізде белсебетті мініс ретінде танымал етіп, трэндке айналдыру. Осы тұрғыдан алғанда қала басшыларының велосипедке отыру үрдісін қараша халық жалғастырып, ұласпалыға айналдырса ең үлкен олжа сол болмақ. Төртінші себеп те осы.
«Bike» – байлардың да көлігі

 «Байк британия байларының да негізгі көлігі» тұжырымы әдетте қымбат көлікті тасыған дәулеттің символы ретінде қабылдайтындар үшін  ә дегенде түсінуге тым ауыр тиеді, сірә. Расы сол, соңғы жылдары мұндағы байшыкештер арасында жаппай болмаса да ішінара велосипедпен қатынауды зор мәртебе санайтындар жиіледі. Меніңше, бұған бірнеше себеп болуы мүмкін.   Әуелі ағылшынның ауқаттылары көлік пен сәулеті келіскен зәулім апартаменттерден шаршаса керек. Әрі ол моветон ретінде қабылданады. Екіншіден, белесебетке мінген өз бейнесі арқылы халық арасында бедел жинап, ысырапшылыққа бөккен, асып-тасыған дәулетке әбден бой үйреткен бизнестегі бәсекелестерін ұялту не астарлы мұқату мақсаты да бар  болуы мүмкін. Барынша қарапайым жүрген бақуатты адамды қараша халық та жақсы көретіні бар ғой. Байлар арасындағы белесебетке деген сүйіспеншілік халықтық  көлік түріне деген бағаның қымбаттауына әкеп соқтырған екен.
Британдық ритейлердің мәліметіне сәйкес, «премиум» санатындағы байк бағасы 16,5 доллардан асып кеткенге ұқсайды. Байқасаңыз, бұл Қазақстандағы орташа эконом-класс көлік бағасынан 3 есеге жуық қымбат. Соған қарамастан байлар арасында «байк» мінуді зор мәртебе көретіндер қатары артып келе жатқанға ұқсайды. Әдетте байлар арасында «байкпен» жүретіндердің жасы 35 пен 40-тан асқандар. Ағылшын тілінде тіпті, мұндай статустағы адамдарға арналған «орта жастағы лайкрадағы адам» (MAMIL – middle aged man in lycra) аталатын айқындауыш аббревиатура да пайда болыпты. 
«Лайкра» әдетте велоспортшылар киетін денеге жабысып тұратын синтетикалық материал екені белгілі. Лайкра киюдің әуесқой велосипедшілер арасында кең тарауына бір тараптан күллі әлемде кәсіби велоспорттың өркендеуі себеп көрінеді. Қазақстанда да Англиядағыдай велоспорттың кеңінен қанат жаюы белесебет тебушілердің қатарының артуына сеп болары анық. Ендеше «Astana» велокомандасының жетістіктері мен жыл сайын әр қалада дәстүрге айналған велошерулер елімізде белесебет тебуді сәнге айналдырудың бесінші себебі.
Велосипед – шұғыл қызмет көлігі

   Британияда белесебет күнделікті үй мен жұмыс арасында қатынаудың құралы ретінде пайдаланатындармен бірге, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіруші сынды шұғыл қызметтегілер арасында да кең қолданысқа ие. Тәжірибе көрсеткендей, кей жағдайда зардап шеккендерге кептеліс кесірінен көшеде кідіріп қалған кәдуілгі көліктен гөрі, велосипедпен жүрген дәрігерлер тезірек жететін болған. Мәселен, автокөліктің қатынауы қиын сауда орындары, жаяу жүргіншілер ортасы мен халық көп жиылатын орындарда велодәрігер аса қажет. Өлім қаупі туындап тұрған аса шұғыл шақырылымдардың 97% велодәрігерлердің үлесіне тиген дейді санайғақ. Полицейлерге де белесебет аса қолайлы. Қашқан қылмыскерді белесебетпен қуғаннан оңайы жоқ. Тіпті, өту қиын, баспалдағы көп кедір-бұдыр жерлерден орағытып өтетін бұл мініспен құқық қорғаушының жұмысы әлдеқайла жеңілдейтіні айтпаса да түсінікті. Діттеген жерге мейлінше жедел жету үшін полицейлер мен дәрігерлер құзырына электрліжетегі бар тау белесебеттері берілген. Олардың доңғалағы да табанасты тесілуден сақтандыратын арнайы шиналармен жабдықталған.
Велосипед – туристердің де көлігі

Туристік турлары аса танымал британ корольдігінде велосипед арқылы саяхаттау жоғары деңгейде жолға қойылған екен. Ғасырлардан сыр шерткен қамалдар мен империя рухы сіңген сарайларды, Кэмбридж, Оксфорд сынды көне оқу орындарын жаяу жүргінші аралап біте алмас. Тиісінше,   көрікті, көзайым жерлерді белесебетпен аралап шығудың ғанибеті көп. Қазақстанда да қазір туристік сапарлардың түр-түрі шығып жатыр. Әсіресе, ұлан-ғайыр атыраптың ғажайыптарын паш етер этнотуризмнің келешегі мол. Алматы облысындағы Сақ қорғандары, көне Түркістан қаласы, Тараздағы көне ғимараттар, шығыстағы Берель қорғандары, Маңғыстаудағы Оқпан таудың маңайы, Жетісудің жайлаулары, Оралдағы бөкей ордасы сияқты тарихи жерлерге белесебет турлары ұйымдастырылса, бағзыдан сыр шерткен мекендерді жақынырақ танып-білуге септігі тиер ме еді?!                +

      Түйін. Жалпысында автокөліктен көп зиян келетіні белгілі. Ауаны ластағаны өз алдына, зор кептеліске себеп болатыны тағы бар. Сол үшін өркениетті елдерде көлік қозғалтқышы мен көлеміне қарай салықты көбейту тәжірибеге мол енген. Ал, Қазақстанда салық сомасы əлі де болсын салыстырмалы түрде арзан. Осы себептен де елімізде велосипедке жұмысқа қатынайтын көлік ретінде емес, анда-санда бой сергітетін ермек ретінде ғана қарайтын көзқарас қалыптасқан. Бұл көзқарасты өзгерту уақыттың, қала берді билік пен халықтың еншісінде.

Қанат ӘУЕСБАЙ, Bnews.kz

Оставить комментарий

Связанные Статьи