Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мұнайлы өлке үлкен жетістіктермен қарсы алмақ

/uploads/thumbnail/20170709082716348_small.jpg

Республикамыз бойынша қарыштап дамып келе жатқан аймақтардың бірі – Атырау облысы. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мұнайлы өлке үлкен жетістіктермен қарсы алмақ. Өңір экономикасының негізгі тірегі мұнай-газ секторы екені даусыз. Сонымен қатар облыста түрлі саланы қамтитын ірі кәсіпорындар бой көтеріп, шағын және орта бизнес пен ауылшаруашылығы саласы қатар дамыды. Осының арқасында соңғы жылдары өңір экономикасының даму бағыты айқындалып келеді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсі.


2015 жылы Атырау облысында өндірілген жалпы аймақтық өнім 4 триллион теңгеден асып түсті.  Ал 25 жыл бұрын бұл көрсеткіш 900 есеге аз, яғни 4,5 миллиард теңгені ғана құрайтын. Мұнай-газ секторында ғана ғана емес, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ауылшаруашылығы салаларында республика бойынша баламасы жоқ жобалар жүзеге асырылды. Осының арқасында аймаққа сырттан тасымалданатын тауарлар ығыстырылып, ішкі нарық жергілікті өнімдермен қамтамасыз етілді.   
«Бұған Президенттің тапсырмасын орындау бағытындағы «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы үлкен септігін тигізіп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орта және шағын бизнесті, инфрақұрылымды дамытуға бөлініп жатқан қаражаттардың арқасында Атырау облысы көкөніс, картоп, сәбіз пияз және басқа түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр»,- дейді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге облыстар секілді мұнайлы өңір де қиын кезеңді бастан кешіргені белгілі. Ал 25 жылдан соң аймақ танымастай өзгерді. Халық қазбалы байлықтың игілігін көріп отыр. Әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялар бірқалыпты даму үрдісі бар Қазақ еліне еш күмәнсіз инвестиция салып, шетелмен біріккен кәсіпорындар жемісті жұмыс істеуде. 
Облыстық мәслихаттың депутаты Александр Думлер: «Президент: «Алдымен экономика, содан кейін саясат деген болатын». Алдымен экономикалық жағдайды тұрақтап алудың растығына бүгінде анық көз жеткіздік. Тәуелсіздік дегенді ең алдымен әрбір тұрғынның жақсы өмір сүруі, мемлекет қамқорлығын сезінуі деп білемін» дейді.
Бүгінде Атырау облысы өзге аймақтармен салыстырғанда көптеген сала бойынша көшбасшы саналады. Соңғы жылдары жүзеге асырылған тың жобалар өңірдегі шағын және орта бизнестің серпінді дамуына айтарлықтай үлес қосты. Атап айтқанда азық-түлік, ауылшаруашылығы, машина жасау, мұнай-газ өндірісіне сервистік қызмет көрсету саласындағы серпінді жобалар аймақ экономикасының өрлеуіне ұйытқы болып отыр.
«Бүгінгі күні кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау жасалып отыр. Бизнес өкілдері алып сатарлықпен айналысып қана қоймай, өнім өндіруді және өнімді экспортауды қолға алды. Бұл 25 жылда Қазақстанның қол жеткізген табысы. Бүгінде Атырау облысында 50 мыңнан аса кәсіпкерлік субьектісі бар, ол кәсіпкерлер 120 мың адамды жұмыспен қамтып отыр»,- дейді облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы Алия Бекқожиева.
    

Облыс аумағында индустриялдық карта және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша 2 триллион теңгенің 52 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалар негізінде 5,5 жаңа жұмыс орны ашылмақ.  Сонымен қатар 37 миллиард доллар қаржы салынған Теңіз кенішін игерудің болашақ даму жобасы жылына 12 миллион тонна шикізат өндіруге мүмкіндік береді. Жаңа жоба құрылысы аясында қосымша 20 мың жұмыс орны ашылатын болады. 

Связанные Статьи