Бибігүл Төлегенова: Ән сайысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығы қарсаңында өтеді

/uploads/thumbnail/20170709084637974_small.PNG

Бүгін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы қарсаңында өтетін Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық сегізінші байқауына байланысты журналистер арналған баспасөз жиыны өтті. 

Конференцияға VIII халықаралық вокалистер байқауы әділқазылар алқасының төрайымы – СССР халық артисі, Социалистік еңбек Ері, СССР және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академика Бибігүл Төлегенова, Ресей Еңбек сіңірген артисі Тамара Новиченко, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас қатысты. 

Жиында Бибігүл Төлегенова: «Бұл байқау 16 жылда үлкен дәрежеге жетті. Біз ешкімді үгіттемейміз. Бәрі өз қалауларымен келеді. Биыл Алматы мен Астана қаласынан қатысушылар көп. Әдетте, олар белсенді емес еді. Қуаныштымыз. Тағы бір айтарым, ән сайысы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығы қарсаңында өтейін деп жатыр. Бұл жас таланттардың жеңіске деген құштарлығын екі есе арттыра түспек», - деді.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров байқаудың маңыздылығын атап өтті. Ал Ресей Еңбек сіңірген артисі Тамара Новиченко байқау деңгейінің басқа елдермен салыстырғанда өте жоғары екенін айтты. Бұған дейінгі байқауларға тұрақты қатысып жүрген артист қазақстандық жастардың зор даусы мен талапшылдығына тәнті болғанын да жасырмады. 

«Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының басқарушы директоры Лима Диас қатысушыларға сәттілік тілеп, өнер мен мәдениетке қашанда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Бүгін баспасөз жиынына дейін Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында өтетін Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық VIII байқауына қатысушылардың жеребе таңдау рәсімі болды. Негізі қатысуға 61 адам өтініш жазған. Алайда түрлі себептермен келе алмай қалғандар бар. Жеребе таңдау рәсіміне 53 өнерпаз қатысып, тыңдалым кезіндегі ретін анықтады.

Еске салсақ, іріктеу кезеңі және ақтық сайыс Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония залында, ал ашылу және жабылу салтанаты Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. 

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Бибігүл Төлегенова вокалистерінің халықаралық байқауы тек қана өнер сайысы емес. Ол Алматы қаласы мен қонақтары асыға күтетін ән мерекесіне айналып кеткен. Конкурсқа 1984 жылдың 1 қазаны мен 1997 жылдың 1 қазаны аралығында өмірге келген өнерпаздар қатыса алады. 

Конкурстың Бас серіктесі – «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Ал ұйымдастырушы – «Мирас» қоғамдық қоры. Сондай-ақ, вокалистердің халықаралық сегізінші байқауын өткізуге Алматы қаласы әкімдігі қолдау білдірді

Связанные Статьи