Алматы облысы Жамбыл ауданында болған қайғылы оқиға жанына батпаған қазақ жоқ шығар. Ел аман, жұрт тынышта, адал еңбегімен отбасын бағып жүрген үш бірдей азаматтың қандықол қылмыскерлердің қолынан мерт болуы кімді болса да алаңдатады. Мұндай сорақылықтың арам ойлы қаскөйлердің өздерін жазасыз кететініне сенімділігінен болатыны да түсінікті. Заң қатал емес дей алмаймыз. Қылмыскерлер бірі қалмай жауапқа тартылып, қылмыстың алдын алу шаралары дұрыс жүргізілсе, жағдай басқаша болар ма еді? Бір аптаға жуық қан жұтып, қайғырған жұрттың соңғы үміті үзілді. Жоғалған азаматтардың қазасы туралы қайғылы хабарды шарасыз қабылдады.
Қоғамдық резонанс туғызған осы оқиғаға қатысты сан алуан пікірлер, болжам, жорамалдар да айтылуда. Оның бәрі орынсыз дей алмаймыз. Тек ойымыз, ісіміз аталған қылмыстың толық ашылуына, әділ шешім шығып, кінәлілердің заңға сай жазалануына ықпал етсе дейік. Осы орайда әлеуметтік желіде қанды қылмысқа қатысты жазылған бірқатар ел азаматтарының пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.
Ауыт Мұқибек, ақын:
Өте өкінішті жағдай болды бұл! «Дүниесі құрсын, жігіттердің өз бастары аман болса екен!»-деген тілегіміз орындалмады. Алланың жазуына пенденің қылар айласы жоқ! Жандары Жаннатта болсын үш азаматтың!
Үш бірдей жігіттің, үш отбасының арқасүйерінің тапа-тал түсте жазықсыздан-жазықсыз қанышерлердің қолынан қаза табуы, әрине, оңай шаруа емес! Бәріміздің де тісіміз шықырлап, жұдырығымыз түйіліп отыр. Халықтың қобалжуы да заңды. Дегенмен, бұл оқиғадан саяси астар іздеудің, бөлініп, жарылудың қажеті жоқ. Ақшаға құныққан қаскөйлер үшін сенің кім болуың, қайдан келуің маңызды емес. Оларға бәрі бір. Обал-сауап дегенге қарамайды. Құдай мұндай бәле-қазадан кім-кімді болса да сақтасын деп тілейік!
Ең бастысы, туысқандарға, жерлестерге сабырлылық тілеймін. Болмас іске болаттан берік болайық! Құдайға шүкір, Қазақстанның құқық қорғау органдары бар. Міне, қылмыскерлер қолға түстіпті. Ары қарай бұл қылмыстың беті ашылады, қанышерлердің жазасы беріледі...
Опат болған бауырларымың отбасына көңіл айтам! Азаматтардың Алла алдынан жарылқасын!
Қуандық Шамахайұлы, журналист:
Қылмыскер қанішерде ұлт та, ұят та болмайды. Оларға керегі оңай олжа. Сен оралмансың ба, алыссың ба, жақынсың ба қарамайды. Ақша үшін ондайлар қасындағы сыбайласын да өлтіре салады. Сондықтан оның астарынан түрлі себеп-салдар іздеудің қажеті жоқ. Қылмыскер ешкімді аямайды дегенді түсінейік.
Біз бірлік танытып əділетсіздікпен аяусыз күрессек қана сырқат қоғамды сауықтырамыз. Азғындық атаулыны үлкен-кіші демей əшкерелеп сынайық. Жемқорлық жайлап арсыздық белең алған қоғамды жаппай жаңарту, түбегейлі өзгерту үшін демократиялық озық құндылықтарды орнықтыру, халыққа адал қызмет етуді үкімет органдарынан қатаң талап ету бəрімізге парыз.
Серік Боқан, ақын:
Бұл өте астары терең қанды оқиғаны әсте жай қалдыруға болмайды... Үш күн бойы көз алдындағы оқиғаға селт етпеуі күдік тудырады. Астарлы қылмысты ашуға күш сау керек әрбір әділетті жақтайтын азамат!