Әкеге хат (Өлеңдер)

/uploads/thumbnail/20170709090142705_small.jpg

Нұрбол Мұратбекұлы 1996 жылы желтоқсанда ҚХР-да туылған, қазіргі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті, Семей мемлекеттік университетінде өткен «Жастар жырлайды» ақындар мүшәйрасының және бірнеше аймақтық пәндік олмпиада жүлдегері.

Әкетай, алыстасың меннен жырақ, 

Санаңды торып жүрме толған сұрақ. 

Жігітсің деп жібердің елге мені, 

Сол күні қалған еді анам жылап. 

 

Шүкір, бүгін мендегі думан бөлек , 

Өз елінде қалған жоқ қарғаң жүдеп. 

Сізден алыс демесем бүршік жарды, 

Жат елдегі тұншығып солған жүрек. 

 

Бұл өмір сырғып өтер санап беді??

Беліңізге қойыпты сұрақ белгі. 

Уақыттың ағысы сынап сені, 

Қырықты да қызғанып сұраппа енді. 

 

Мен туғанда болды деп қолғанатым, 

Сүйіншіге мінгізген қолдағы атын

Әкетай, көмбелерден көрінбедім, 

Тұлпар құрлы құным жоқ малданатын. 

 

 

Маған ақыл берсе алла жырақтатпай, 

Әр сөзің сезіледі-ау жүрекке оттай. 

Сол құлақпен тыңдаған ақылыңды, 

Оң құлағым жүр бүгін сұрап таппай. 

 

Берсеңші деп қаламның күшіне ерік, 

Көрініп жүрсің әр түні түсіме еніп. 

Шұрқыраған көңілдің сәні кетті,

Сағынышта жүрмейді кісіге ерлік. 

 

*     *      *

Әзірге Қайратым жоқ "кісінерлік ". 

Сағынышта жүрмейді кісіге ерлік. 

 

Алматы

Қан көшеден көрінетін айбаты,

Беу,беу шіркін! алып шаһар Алматы.

Бауырыңда бауыр етім қалғандай,

Менде сені сағынбас ем албаты. 

 

Алатауды еркелетіп күн көктен, 

Құшағыңды құлпыртты ма гүл көктем? 

Жолдарыңды кейде қатты сағынам, 

Қолтықтасып сұлулармен бірге өткен. 

 

Бейтаныстау, әрі маған таныс тым, 

Бұл қалада тірлік үшін алыстым. 

Бұл қалада сан пендеден безініп, 

Сан жүректің лүпілімен қауыштым. 

 

Айхай, шіркін! күндер өтіп сағымдай, 

Асқарыңда арманым тұр алынбай.

Тарыдайда таппай сеннен мейірім, 

Жек көрсемде, жүре алмаймын сағынбай. 

Беу,беу,шіркін! алып шаһар АЛМАТЫ. 

 

Мұң

Қолында наркескен,

Тірсектен қан кешкен.

Өр тұлға бабам – ай,

Кешірші, кеше гөр!

Шығардық арды естен.

 

Ақ найза үшінде,

Ақ білек күшінде.

Қорғасаң еліңді,

Қорғасаң жеріңді,

Ессіз бұл ұрпақты,

Есірту үшін бе?!

 

Елім деп шеп құрар,

Ұлдарың бек туар.

Кешірші кешегі _

          Бабамның әруағы.

Бүгінгі батырың,

«Алып қой» деп тұрар,

«Бір өзім» деп тынар.

 

Шарапқа марқайып,

Кетседе жүзіннен,

Ұят пен ар тайып.

Қызыңның шаттығы _

          Қалған жоқ ортайып.

Жалаңаш күйімен,

Ырғалып биімеен,

Жүр міне марқайып.

 

Кешірші кеше гөр,

Менің өр бабам – ай!

Есірген ұлыңды,

Еріккен қызыңды...

 

 

Сағыныш

Мамық түні маужырап сары күздің,

Сағынышы сарғайтып сары қыздың.

Аруақтанып отырам өлең жазып,

Қонбаған бақыт жайлы әлі біздің.

 

Сары қыз - сағынышым, құралайым,

Кіршіксізім, періштем, туар айым.

Тәңірім тілегіме сені берсін,

Басыма басқа бақыт сұрамайын.

 

Мұңымды айтып көктегі айға әдемі,

Мамық түннің аймалап майда лебі.

Есіміңді жазамын тасқа қажап,

Жетелеп апарасың қайда мені?!

 

Табиғатқа болған соң сырым мәлім,

Сағыныштың ұқтырды сырын, мәнін.

Ақ бұлақта ағады толқын -толқын,

Секілді сенің сұлу бұрымдарың.

 

Сағыныштың сағымға тоналғаны- ай,

Алшақтық болған емес маған да оңай.

Қырмызы қырдың гүлін тере алмадым,

Ұшырдым жыр бұлбұлын саған қарай.

 

Ата жұрттағы ой

Көк белесте құт іздеген арланмын,

Жүрегінде тулап аққан арман – мұң.

Қадам бастым қаламшасы болмаққа,

Ата қоныс бақ дарыған ордамның.

 

Ата қоныс бізге мақтан бақ қоныс.

Жер шарыннан іздемеймін басқа өріс.

Ата жұртта ұлтан болып кетсемде,

Соның өзі дәл мен үшін мақтаныш.

 

Ата жұртқа жол тартқанда кімде-кім,

Еске алар нақ тарих іздерін.

Қанды тарих тасқа жазған тізбегін,

Кешегі өткен «қайың сауған, алқа көл».

Көргендеймін сол сұлама сүрдегін.

Өзегіме тамылы өксік орынап,

О,ата жұрт, белдеріңнен іздедім,

 

Келіп кеше қан көшеден өткенде,

Бір сырлы ой туылған еді көп менде.

Өз елім деп өріс іздеп келгемін,

Бұдан басқа еш бір талап жоқ менде.

 

О,ата жұрт ойға түстім мен талай,

Сәбилігім содан артқан марқалай.

Құт мекенді құлай сүйген үшінде,

Келдім міне ұлы арман арқалай.

 

Сәби кезім батысқа сан қараймын,

Күйін естіп күй таспадан адайдың.

Жидебайда жүргендей боп қалуым,

Романын оқығанда Абайдың.

 

Сол сарынды ойлай-ойлай мұң кешем,

Дәм тарттыда мұнда келді пешенем.

Ұлы Абайды көргендей боп марқайдым,

Жүргенімде Абай атты көшемен.

 

Сүрдек тарих,шұбап ойда із қалың,

Топырағыңда ойға батып мызғадым.

Сезінгендей болдым содан кешегі,

Жүрек – қанжар желтоқсанның ызғарын.

 

Ата жұртым азаматпын от кеуде,

Ант ішейін құшағыңнан кетпеуге.

Мейлі қандай күй кешседе өмірден,

Ата жұртын ұмыта алмас еш пенде.

 

Күн кешсемде ел ішінде иірім,

Ата жұрт деп бұрылушы еді бүйірім.

Адасқан бір құлын келіп қосылды,

Қайта тауып мекені мен үйірін.

 

Осы ойымды құт мекенге беттетіп,

Алмасамда жер шарыннан еш несіп. 

Ата жұртым,елім үшін, ұлт үшін,

Берсемде кем өз денемнен ет кесіп.

 

Арман көшім бұлдырайды алда сан,

Отан сені жүрегіме орнатам.

Атым өшсін уәдем сол ата жұрт,

Көк туыңа тамшыдай тер қоспасам

 

Тау-тұғырым

Мен таулықпын,

Тау тұғырым,

Ұлы таудың ұлымын,

Ұлы таудан ұққанмын,

Ұлылардың ұғымын.

Кекілінен самал сыйпап ұлының,

Жел тербеген қыздарының бұрымын.

 

О. Киелім!

қасиетті қорғаным,

Сая бағым орманым.

Тастарыңнан жаттап баба тарихын,

Самалыңнан дарқандығың даритын,

Жас жанымды қайсарлыққа жанитын.

 

Жапалақты жарты жолда қалдырған,

Қыраныңда қанаттарын талдырған.

Көз жеткісіз сенің асқар шыңдарың,

Әз бойыма өршіл мінез тудырған,

Ұлы арманның көбелегін қудырған.

 

Көз сап сенің дара тұлға төсіңе,

Қайтқандаймын ата ақылын түсіне,

Тауға қара:

Аласаға асқақтама деп айтқан,

Атам бүгін оралады есіме...

 

Ұмыт деме...

Ұмыт деме, ұмытамын бәрінде,

Жүрегіңнің жолы болса сан тарам.

Айтшы сәулем сені ойлаудың мәні не?!

 

Махаббат ол отаспайтын басқаға,

Жүрегіңді еткен жалғыз астана.

Жалғыз тарам жол ғана.

 

Махаббаттың құдыретін түсінбей,

Болашақтың жасадың ба ісін кей.

Жүрегіңе тұтқын болдым біраз күн,

Бірақ мені көрме сәулем мүсіркей.

 

Шын сүйгендер қосылмайды деп жүрміз,

Қосылмасақ қосылмайық мейлі біз.

Ғашық болып өлу қандай мәртебе,

Бірақ біздің ұқсамайды жөніміз.

 

Бәрі бітті,

Жоқ-ау енді айтары,

Жүрегімді ұялама,

Өз ортаңа қайт ары.

Менің кеудем пәк махаббат ордасы,

Емес елдің асыр салған байтағы,

Қу сезіммен отаспайтын қайдағы.

 

Мен бір жанмын ізгілікті сүйетін,

Ахихатқа басын еркін иетін.

Арамдықта таудай пайда жатсада,

Бұзбай келген,

                       Бұзбай келген ниетін.

Бақытты бол, бақытты бол өмірде,

Осы менің адал жарқын ниетім.

 

Махаббатқа бұрған жандар ат басын,

Мейлі менде жалғыздықпен ат қалсын.

Ұлы сезім құдыретін түсінбей,

Қаға көрме жүрегімнің қақпасын.

 

Соңғы кездесу

Біз тағы кездестік,

Мүмкін бұл жол ең соңғы.

Алатаудай маңғазданып тұрдым мен,

Биік ұстап еңсемді.

 

Маған сүйеп басыңды,

Гүл төбені нұрға бөлеп,

                      Жырға бөлеп,

Бір керемет ән салдың.

Сосын тағы ...

                     Бақыттымын дедің де,

Түнгі аспанға алахайлап жар салдың.

Әттең, әттең...

Күліңгірлеу шаттыққа,

Еш күдіксіз шаттандың.

 

Біздегі бұл бақыттарға баянсыз,

Тұрды аспаннан үнсіз ғана ай қарап.

Самал тербеп еркелеген бұрымың,

Жатты менің дидарымды аймалап.

 

Айға білеп қолыңды,

Өлең оқы дедің маған,

Даусыңды сағындым.

Өкпелімін мынау тілсіз ғаламда,

Жазғанына өмір атты сағымның.

Бірді – бірге арман еткен,

Махаббаттың майданына шағындым.

 

Аз ойланып отырдымда,

Қоштасайық деп бастадым бір өлең.

Сенің сұлу дидарың,

Неге бұлай жүдеген?!

Теріс қарап отырдыңда бұртиып,

Қарамадың қолыма,

Айлы аспанға білеген.

 

Неге дедің, неге дедің...

Қос жанарың мөлдіреп.

Бұрын соңды қинағаным азындай,

Жанарыңа жас толтырдым енді кеп.

 

Мен сені де,

                      Оны дағы ұнатам,

Енді қалай жазалайсың өзің біл.

Бар қазақтың қыздарына жыр жазам,

Түсін бірақ, сүю емес сезім бұл.

 

 

Ұнату ол,

            Жай бір сезім кіршіксіз,

Ал, шын сүю бір басқа.

Ғашықтыққа ғажайып,

Әнде басқа,жыр басқа.

Бақытыңды тапқан кезде баянды,

Кімдер кепіл сен маған,

Алғыс айтып, оқала тон жаппасқа.

Кімдер кепіл мұңға толған жанарың,

Жазғы таңдай шұғыласын шашпасқа.

        *               *             *

Айхай арман,

Бұлдыраған ертеңі.

Махаббат – ай,

Бұлдыраған ертеңі.

 

 

ХАТ

Жүзі таныс, жүрегі жат қалқа қыз,

Саған арнар асыл жырым бар менде.

Бар күнәні уақытқа артамыз,

Шертіле алмай сырым кетсе шерменде.

 

Қуанар ем төбем көкке жеткендей,

Бір қарасаң мен жаныңнан өткенде,

Бірақ қайдан қарамайсың, білмеймін

Жанарыңды біреу тұтқын еткенбе?

 

Қалыңдатып жүрегімнің жарасын.

Көтерткенше көңілімде сезім бой.

Жанарыңа жалынышты еткенше,

Жақсы еді ғой жүрсең маған көрінбей.

 

*   *    *

 

Деме қайғым шаттығымнан асыпты,

Деме өмір тосырқатты жасытты.

Сен кешегі Сәлиханың жалғасы,

Сәменімен болған бірақ бақытты.

 

Айналмаған күні бүгін елеске,

Тарихтың тағылымы тек есте.

Ғасыр аттап бүгін қайта туылғын,

Еңлік – Кебек рухы біз емеспе?

 

Не деседе ел сөзіне ермеген,

Адалдығын арамдыққы бермеген.

Сен Жібексің, жаны таза ,ары ақ,

Мен Төлеген Бекежанды көрмеген.

 

Іздемеген шет әлемнен алыстан,

Ақ үмітім ойда жоқта танысқан.

Сен Ләйласің керік қасты ақ жүзді,

Жұматайға он сегізде қауышқан.

 

Жүрсің бүгін меннен алыс жырақта,

Жанарыңды мұңға малма жылатпа.

Мен Мұхтармын, сен Гүләнда кешегі,

Ойда жоқта бөлінбейтін бірақта.

 

Сен жайлы жыр жаза алатын тынбастан,

Заманына бола алатын тың дастан.

Мен кешегі мұңлық ақын Естаймын,

Сен Қорлансың уәдесі жалғасқан.

 

 

Мені ақын дедің бе ?

Немесе ініге хат

Жақсы ақынсың дейсің бе мені бауыр?

Бұл сөзіңе кінәлар сені дәуір.

Ақын болу білгенге ауыр азап,

Ақын болу – ұлы жол сенімі ауыр.

 

Іңкарлығым болғаны үшін өнерге,

Ақынсың деп көтерме әсте мені өрге.

Екі сөздің басын қосу, қарағым,

Таңсық емес қазақ дейтін ұлы елге.

 

Ұлы сөзбен ой айтбасаң қымбатты,

Ұйқас табу қиын емес тым қатты.

Ұсақтарды тұлға тұтып осылай,

Нар қазақтың арқасына мұң батты.

 

Желкен болып «елім» деген кемеге,

Жастар жақсы ұқсап туса көнеге.

Таңдайыңмен ақын болу қажатсіз,

Тағдырыңмен көрсетпесең өнеге.

 

Ақын болып сілтесең қолыңды айға,

Елге адалдық істеген кезіңді ойла!

Бұхар бабам кесе айтып елдің мұңын,

Абылайды қалтырған кезінде ойға.

 

Түнгі сыр

Беу, қара түн құшағыңа ап сен мені,

Аласташы шерге толған кеудені.

Бұзған болса тыныштықты сендегі,

Кешіре гөр ақын деген пендені.

 

Қол созғандай алтын айға көктегі,

Бұл өмірдің таусылар ма тек – тегі?

Болып жүрмін бұл тірлікке өкпелі,

Бақытына басқаның телмірттің бе деп мені?

 

Өтемін бе осы мұңды арқалап?

Айхай,тірлік, жауабын бер күттірме.

Қара түнде армандауды, аңсауды,

Көтерер деп маған міндет еттің бе?

Айхай, тірлік, күттір ме?

 

Жолаушы қыз

Алматы кеші. Шілде айы.

Бармайтын мен де ұдайы.

Ауылға туған жол алғам,

Сағынтып майса қурайы.

 

Пенде едім сезім тоналған,

Қауышты маған бір арман.

Айдай сұлу келбетті

Бізбен бірге бір ару,

Бір сапарға жол алған.

 

Ұрлана қарап сыртынан,

Жүрекке ғажап сыр тұнған.

Сұлуға теңеу таба алмай,

Жібіді менің өр тұлғам.

 

Жарқырап жатты қара жол,

Жетсе ғой шіркін саған қол.

Көркіне мас боп отыр ем,

Жымиып қана қарады ол.

 

Бір сезім билеп ақынды,

Сырластым барып батымды.

Сезбейсің бірақ мүлде сен,

Жүрекке жаздым атыңды.

 

Аз күндік мынау тұрмыста,

Сұлуды сүю қылмыспа ?!

Сырласқан шақта сол қызбен,

Сезілді маған жол қысқа.

 

Келбеті-ерен, мінезі оның бай дала,

Күлкісінен нұрланатын айнала.

Қалдырды да махаббаттың шыжымын,

Қоштасарда қол бұлғады жай ғана.

 

Еш дәрменсіз қарап тұрмын соңынан,

Күзетемін елге қайтар жолыңнан.

Бізді бөлсе Үрімжінің көшесі,

Оқасы жоқ Алматыда жолығам.

 

*       *         *

Көрінбедім дедім де мыңнан дара,

Мекен болмай жаныма қыр мен қала,

Өкпелі боп жүрген ем өміріме,

Жүрегімде ұялап мұң мен нала.

 

Місе тұтпай тірліктің бай ағынын,

Тұншықтырыпжүргенде баяғы мұң.

Күле қарап жолықты бір ақсақал,

Ұшыменен жер тіреп таяғының.

 

Тоқтатпаған қария өмір көшін,

Құштарлығын көрсетті өмірге шын.

Салған әні барады сәнге бөлеп,

Сүреңсіздеу қаланың іңір – кешін.

 

Соңғы өмірдің ұмытып қаралысын,

Қанағатсыз, пендеміз тағамыз сын.

Бақытсыздың бақыты қиырда емес,

Бағалай білгенінде бағалысын!

 

Тілсіз өткен тұла күн

Мен туған жер шығыстағы Түркістан,

Туған мекен талай арыс тектілер.

Бар бүгінде Оспандардың жалғасы,

Ел намысын өз намысым деп білер.

 

Мен есейдім, тартып мініп ат жалын,

Ғашық болдым өзім туған далаға.

Бүгініме себеп болар сол шығар,

Оқу үшін әкелді әкем қалаға.

 

Болғандықтан білімділер ордасы,

Тау ұлына қаладағы сынақ көп,

Қытай тілін білмейді деп кекетіп,

Мұғалымдар жүрді мені сынап көп.

 

Қазақпын ғой менде текті намысшыл,

Жетеледім өзімді - өзім қамшылып.

Алдым кейде жігерімді жасытып,

Жанарымнан мөлдір бұлақ тамшылып.

 

Демалысқа оралдым мен кешікпей,

Жауын жеңген алып тұрға батырдай.

Еркеледім еш алаңсыз сол күні,

Бірақ әкем ұйқысыз таң атырды.

 

Мейірімді әкем кенет өзгеріп,

Деді маған: тілі өлген – тірі өлік,

Алпыс тілдік ана тілін білмеген,

«Әй, бейшара, қалшы деді тірі өліп».

 

Анам жүрді болып маған жанашыр,

Өзіңсің ғой апарған деп қалаға.

Енді неге кіналаймыз жазықсыз,

Неге бұлай сөйлейсің деп балаға?

 

Содан барып басып ашу – ызасын,

Қой деді ұлым қаланы да көз көрді.

Мен қазақша сөйлеу үшін қазаққа,

Мені ауылдан оқытуға сөз берді.

 

Содан бері ауды жылдар оншақты,

Мені ұятты қылмайсың деп сен елге.

Хан да болма, би де болма, құлыным,

Қазақ бол деп жіберді әкем мені елге.

 

Қазір менде байлық, бақыт болсада,

Бес атамның басы жатқан белдер кем.

Қазақ болып қалу үшін ұрпағым,

Аруағына атамның аттанарда сөз бергем.

 

Тиын қуған тексіз ұрпақ мен емес,

Келгенім жоқ атақ – мансап алуға.

Ету үшін әкемді де алңсыз,

Келгемін тек қазақ болып қалуға.

Оставить комментарий

Связанные Статьи