«Хабардың» «Компроматы» да көңілден шықпады

/uploads/thumbnail/20170709093351187_small.jpg

Әншілерден басқа айтылар әңгіме жоқ па? Күн сайын осы сұрақты қайталауға мәжбүр боламыз. Телеарналар әншіден басқа адам жоқ дей ме, әйтеуір, бағдарламалары да әншілер жайлы, жүргізушілері де әншілер. «Хабар» арнасындағы кезекті жаңа бағдарлама да сол таптаурын тақырыпқа тағы жабысыпты.

1

Қайда қарасаң да (теледидарды айтамын) әртіс. Олардан асқан беделді, сұранысқа ие жан жоқ.  Жалпы, әншілердің өзіне айтар өкпе-назым нөл. Олар шақырусыз қалмас үшін шақырғаннан қалмайтын адамдар. Бар болғаны сол ғана. Мәселе – шақырғыштарда.

2

Кеше кешке жақын «Хабар» арнасын қосып қалдым. Сөйтсем, жолым болып тұсаукесерге тап болыппын (шын мәнінде 25 қыркүйек күні көрсетілген санның қайталауы екен, кейін білдім). Көрерменге жол тартқан су жаңа бағдарламаның атауы – «Компромат». Атауына қарап ерекше бір дүниені күткенім рас. Дәл не нәрсе екендігін дөп басып айта алмаймын. Әйтеуір әншілер жайлы кезекті шоу деп ойламағаным анық.

3

Өз басым музарттық Сәкен Майғазиевті қатты құрметтеймін. Бір рет телефонмен сөйлескеннен ақ жақсы адам екендігі байқалды. Бірақ мен оның «Тоқалы бар ма? Әйеліңізбен ұрсысасыз ба? Шынымен де мінсіз адамсыз ба? Аңсаған қандай армандарыңыз бар?»  сұрақтарына берер жауабын білгім келмейді. Бұл сұрақтарға жауап іздейтін, әншілерден сұхбат алатын арнайы газет-журналдар бар. Арнайы тіпті музыкалық арналар бар. Қалаған кезде сол басылымды сатып алып оқимын не «Гәккуге» ауыстырамын. «Хабар» Агенттігі прайм-тайм уақытында осындай «өзекті» мәселені талқылағанын қаламаймын.

4

Қазақ сын айтқаннан, мін тапқаннан басқа ештеңе білмейді деп мені біреулер сынап отырған шығар. Оныңыз да дұрыс. Өз кезегімде қоғамға шынымен де керек тақырып туралы толғанбай, қалам тартпай, жеңіл шоу жайлы пікір білдіріп отырған өзіме ашулымын. Бірақ, экранға телміріп тәрбие алып жатқан халықты ойласам үндемеске болмады. Дарынды жастарға бағыт-бағдар беріп, бағын ашып, жұлдызын жарқыратып, өнердің үлкен сахнасынан көрінуге жолдама беру («Жанды дауыс», «Музарт live») – бір басқа, пәленбай минут бойы бір әншіге қитұрқы сұрақтар қою, соны мақсат тұту – бір басқа.

5

Компромат дегеніміз белгілі бір адамның жасырып қалғысы келген дүниелерін дәлел-дәйек болатын қағаз, фотосурет, бейнематериал арқылы жалпыға жария ету. Сондықтан компроматты өнер адамдарына емес екі сөйлеген, уәдесінен тайған (тау басындағы коттеджін салдыртып алып құрылысшыға нәпақасын бермеген), әдепсіздік, дөрекілік танытқан (алдына жұмыс сұрап келген қаршадай қызды кофе ішуге кафеге шақырған) халық қалауларына, бизнесмендерге ұсыну қисындырақ болар ма еді?! 

Жазира Байдалы

Оставить комментарий

Связанные Статьи