Қыраттардың қырқасында, арықтардың арқасында, сайдың табанында, көгалды жердің алабында арқырай түсіп, іштегі дүлей бірде буырқана бұрқасындап, бірде саябырси сабасына келіп, келешегіме мүмкін күмәнмен, мүмкін үмітпен қарап, көк жүзіне көз тігіп, қиялым онан да алыс үздігіп, жаратқанға жалбарынбасам да көкірегіме күн қондырып, екі қолымды айқара тастап, көкке ұшардай емес, туған жерді құшардай, саусақтарыма ілінгенді уыстай қысып, есіме еміс-еміс түскендерді ексімдене таразылап, бірде өкініштен өртеніп, бірде көңілді сәттен гүл теріп; тісімді қайрай құшырланып, ауыздығымды шайнай ашуланып, өзім мен өзім бәрінен бөлек, елден ерек, бұра тартар болмысымды бұйдалап, екінің бірімен қабыса бермейтін мінезімді қидалап; көк тәңірісінен кешірім сұрап, барлық пенделердің алдынан ойша өтіп, жабырқай қоймасам да, жанарыма жұлдыздарды қондырып, жүрегіме айдағы нұрды тұндырған, кірпігіме қайдағы мұңды ілдірген жүдеу жүзіме Алланың назары түскен шығар...
Ол бірде осылай тебіренді. Толық ашылмаса да, айтар сөзінің үштен бірін ауызынан естідім, жартысын жанарынан оқыдым, қалғанын жүрегінен тыңдадым. Тыңдадым да, «Алланың ерекше назары түскен адамға өнер қонады» деп Мұхаммед пайғамбарымыз айтыпты дегенді жадымда қайта жаңғырттым. Сол құдіретті хадисте Мұхаммед пайғамбарымыздан сахабалары: «Сізден кейін өмірге пайғамбар келе ме?» деп сұрағанында, «Жоқ. Менен кейін дүниеге пайғамбар келмейді. Мен соңғы пайғамбармын. Менен кейін ақындар келеді» дегенін де есіме алдым.
Мен әуеліде ол анасынан жөргегіне ала түскен ақындығы туралы айтып тұр ма деп пайымдадым.
– Мен өзім туралы ойламаймын. Өзім туралы ойланған болсам, әлдеқашан Алматы асып кетер едім. Менің ортам сонда. Зиялы қауымның қиялы шарықтаған шаһарда...
Қысыр сөзін қаза қылмай,
Қас табалап, дос күндеп,
Ақындардың ажалындай,
Алматыдан қаштым кеп...
Бірақ сол ортадан сырт қалып, туған жерге тартып отырдым. Не үшін? Күнім үшін бе? Бір басын ит те асырайды. Әлде балаларым үшін бе? Әр әке шама-шарқынша балапандарының ауызына жем салады. Аяқтандырады. Ол кімнің де, қай кезде де қолынан келеді. Осында мен қимайтын не қалды?
Қаладан бақ бұйырмай есіл ерге,
Қай жылы келіп едім көшіп елге.
Қалыңнан қара таппай шешілерге,
Өмірім өтер ме екен осы жерде.
Маңдайын сұқ саусағымен сәл тырналай ойланды да, тағы да құмыға сөйлеп кетті. «Мен телекомпанияны қимайтын шығармын... Өз қолыммен құрып, қаз-қаз тұрғызып, тәй-тәй бастырған, сол үшін өлеңмен де өгейлесіп, өмірімнің жиырма жылын сарп еткен құрғырды қалай қиясың...
Арындап айтып, жалындап сөйлеуге қайым ақын бұл жолы шарасын шайқамай, көпірши түсіп, шымырлап басылды.
Мен көмекейде күмбірлей кептеліп қалған сөздің арнасын ашып жіберсе, «сендерді қимаймын» деп ақтарылатынын сездім.
Иә, оның бізді қимайтыны рас. Компаниядағы елу адамның артында бас-аяғы екі жүздей жанды құраған отбасылар бар. Оларды аң-таң қылып, аңтарылтып, кім-көрінгенге жұмыс сұратып жалынтып, телміртіп кетуге қимайды. Оның ары, бойындағы бары, әкеден қалған тәрбиесі, анадан алған мейірбандығы, ауылдан ере келген қазақшылығы, үлкеннен ұстанған ұлағаты, ағадан көрген мәрттігі, ініден үйренген пәктігі бұлай істеуге бәрібір жібермейтін еді.
– Аман бол! Сен ауырма, сен қайғырма. Сен босама. Сенің арқаңда қаншама адам нәпақа тауып, бала-шағамызды асырап отырмыз.
– Қойыңызшы, аға.
Көзінше көтермелеп сөйлегенді ұнатпайтын, ондай сөз естісе, алақан толы сары майды қос уыс құмшекерге былғап жегендей жүрегі жылымшыланатын, онысын тыжырынған жүзінен байқатып алатын інім маған бұдан артық батып ешнәрсе айта алмады. Бірақ, сонау 2003 жылдың өзінде компанияның жаңа ғимаратының сахнасын жөндеп жатқанымда қызықтап тұрған оның кенет «басым» деп қабырғаға сүйеніп, отыра қалғанын мен ғана көрген едім. Кейіндеу осы бір оқыс сәт тағы да қайталанғанда, ол басқа бөлмеде жүрген мені жанұшыра іздеп келіп, «Аға, басым ауырып, көзім қарауытып кетті» деп жаныма отыра кеткен... Жүздің ішінен мені іздеп келген оны жылыұшырай жұбатып, басының ауырғанын көңіліммен бастым.
Сол сәтте оның ауырмағанын тілеген едім. Сол тілектің сәті келгенде төркінін аңғарттым.
Ол «Алланың назары түскен шығар» дегенде, өзінің бір телерадиокомпанияның төрағасы болғанына тәубе еткені екен.
«Жаманға шөп ереді, жақсыға сөз ереді». Бастық бағыныштыларының бәріне бірдей жақпайды. Сондықтан ашып айтпаса да, қашып айтатын, бірінің-бірі тамырын басып айтатын, көңілсіздеу, күңгірт күңкілдің болып тұруы заңдылық. Егер ол запыран болса, жинала-жинала жанартауға айналуы мүмкін. Ал, жәй наз болса, бұлттан кейінгі көктемнің күніндей жаймашуақтанып кетеді. Біздің компанияның ауызбіршілігі бұзылмай, ынтымағы ыдырамай, береке-бірлігі ірімей, татулығы тұтастанып, қаймағы шайқалмауы осы басшысына деген ойларының наздың төңірегіндегі еркелік болса керек.
«Басшысы қандай болса, қосшысы сондай» дегендей, ұжымның да ұйытқысы басшының мінезімен сабақтас.
– Мен қолтырауын сияқтымын, – дейді ол кейде әңгіме арасында әзілге бұрып, – жемтігін жеп қойып, артынан өкініп жылайды екен.
Түсінікті. Ашуы айналғанша ғана, жібек орамалдай жаныңа жайлы тиетін басшыны ұжымы да түсініп қадірлейді. Себебі ол қанша ашуланса да, сөздің адамы, не бір жүйелі сөзді теріп алып, жілік-жілігіңнің жігінен өткізіп жатса да, жеке басыңның құндылығына шаң қондырмайды. Азаматтығыңның, адамдығыңның ауласын ластамай, көңіліңнің айдынына кірбіңнің қылын түсірмейді. Мың метр биіктіктен арқырай құлайтын Венесуэланың Анхель сарқырамасындай құйын-перен құйылады да, тастан-тасқа секіре буырқанып, айтарын айтып болып, ағысы баяу өзенге, одан майда көпіршікті мақпал көлге айналып барып, тыншиды. Лақ ете қалады, арынды судай артын тазалап өтеді. Жеке басыңнан аулақ, жұмысың туралы айтып жатқасын, жабырқап қалсаң да, бойыңды тез жинап, езілмеген еңсеңді тік ұстап, ескертуді есіңе алып, кемшін тұсыңды тіктеп, кемшілікті бітеп кетесің.
Кемшілікке, кісімшілікке төзбейтін адуын мінезді, қыңыр қылықты, кейде тіпті ілікке себеп іздеп тұратын інім бойындағы осы кемшіліктерін бе, әлде өзіне тән ерекшеліктерін бе, қырықтың қырқасында қалдырып, елуге ағалықпен келді. Сол сәттер кейде «сағындырып» қылаң беріп қалғанымен, бұрынғыдай қытымыр аязды емес, жомарт күздің желкеміндей денеңді тоңазытады. Қимылдап кетсең – жылынасың. Біз үшін қимыл-жұмыс.
Ісіңе кірісесің. «Жұмыс дегеніміз – өмір» деп білетін ол бізді жұмыссыз қалдырмайды, жұмыссыз қалдырудан қорқады. Сондықтан өндірістік тәжірибеден өтуге келген жастар, оқи жүріп-ақ телеарнада қызмет атқарады. Кейбір саладағылар жұмысқа «түйіншек» беріп кіреді екен дегенді естіп қаламыз. Сол сыбыс біздің ұғымымызға сыймайды. Түсініксіздеу. Өйткені бізде бір тиын беріп жұмысқа тұрдым деген жанды көрмеппін. Осындайда айта кетейік. Бірде біреу басшыға ақша ұсыныпты.
– Жұмысқа қабылдасаңызшы, мынау сыйлығым деп ақша ұсынып тұр. Шошып кеттім. Маған пара неге керек? Жетпегені осы еді... Компания өзіміздікі емес пе? Жұмысты жанып істейтін талантты, қабілетті маман болса, менің оған «пара» беруім керек шығар...
Бәз біреулер арқалы ақын, білікті басшы Қызылорда қаласындағы «Қоғам ТВ» телекомпаниясының құрылтайшысы Шаһизада Әбдікәрімовтің дәулеті өзіне жетіп артылады, анау-мынаудың болмашысын қайтсін дейтін де болар. Қалай десе де біз қызметке көз қыспайсыз кіретін, ақшаға алқынбайтын, тапқаныңнан үлес бер деп қыстамайтын, дәнігіп-дәметпейтін мекеменің біріміз. Иә, белді бір компанияның құрылтайшысының қаржысы өз жауырын жабатын да болар, тіпті асып та жатқан шығар. Бірақ біз өзіміздің штаттық кестеде келісілген жалақымыздан бір тиын да шығын шықпайтын болғасын және кестеге сай жалақымыз әр ай сайын бір күн де кешіктірілмей қолымызға тигесін басқасына бас ауыртпаймыз. Басқасына бас ауыртпайтындардың жұмыстан өзге алаңы да болмайды. «Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз» дегендей, кейде әл-ауқатымыз күрделеніп, күрмеуі қиындап, жалақының кешігу қаупі туындаса, «сары бала сары сөмкесін алып кетті» деп өз арамызда қалжындайтындайымдай, басшымыз достарынан уақытша қаржылық көмек сұрауға, немесе жұрттың кешіктірген бізге берешегін тездетпекке сапарға шығатын. Тілегін тілеп қалған біздер бас-алты күннен соң кестеге сай жалақымызға толық қол жеткізетінімізге сенімді болатынбыз. Кейін іріленіп, іргеленген кезімізде де ара-кідік банктен ақша келе қоймай, уәделі мерзімнен өтіп кетер күдік қашса, сары сумкамен емес, көлігімен кәсібі бар достарына «сәлем бере» кетеді. Рас, қазір біздің де аларымыз аз емес. Қалай дегенмен, айлығымыз уақытында қолымызға тиіп, бір жырғап қалғанның жөні бөлек екен.
Бізді айлықтан тарықтырып көрмеген жаны жайсаң ініміздің қолы ашық. Жомарт. Тапқанын басып жейтін қарақұс емес, шашып жейтін ақсұңқардың тұқымы. Алыстан Қызылордаға қонақ болып келген қаламгерлердің көбінің оны іздейтіні сол ақжайқау жомартығынан, еріне лайық келініміздің қонақжайлығынан шығар. Жомарт болғанмен, дарақы емес. Әр тиынның салмағын біледі. Сондықтан біздің ұжым қазір еліміздегі тәуелсіз телеарналардың кеуде қатарында.
Іргелі болудың ілгегі ақшада емес, оның бай қиялында. Соны жүзеге асыра білу қабілетінде.
Мәдениет саласында қызмет істеп жүрген кезім. Бір іс-сапарда кездесіп қалдық. Қолымыздағы сол кезде сирек кездесетін бейнекамераны көріп өз ойын жеткізді.
– Мына камераны пайдалану керек. Сіздердің салаларыңыз мәдениет пен өнерге қатысты болғандықтан Сыр бойының жырау-термешілерін жазып алып, Түркия, Өзбекстан сияқты елдердегі ағайындарға пұлдау керек.
Оның ұсынысын жүре тыңдамай, құлағымызды түре тыңдаған біздер сол жобаны жүзеге асырдық. Базар жыраудың 180 жылдығына орай Қармақшы ауданында өткен І Республикалық жыршы-термешілер конкурсында аудио-бейне кассеталардың сауда-көрмесін ұйымдастырып, жер-жерден келген меймандарға ақылы қызмет көрсетудің үлгісін ұсындық.
Менің өлең деп өрекпіп тұратын марқұм Серік Өтеуов пен Ысқақ Пірманов сияқты бала күнгі достарымның досы болғандықтан, бірнеше жерде дастарқанда үлпәттасып жүрген қиялы ұшқыр ақынға қалалық мәдениет бөлімінің сол кездегі басшысы, інім Руслан Рүстемов екеуміз бірге барып, талай театрландырылған мәдени-көпшілік шаралардың идеясын алғанбыз.
Мәдениет саласы демекші, сонда қызмет атқарып жүргенімде бөлімге басшы болып келген бір қарындасыммен пікіріміз үйлеспей, мүддеміз қабыспай, сарсаңға түскен бір алакеугім кеште Шаһизада келіншегімен келе жатыр екен, көшеде кездестік. Жағдай сұрасқан сұңғыла інім жүдеу көңілімді жүзімнен аңғарды.
– Бізге келіп айтсаңызшы. «Жарамыз».
«Тентектен тез жауап» деп біздің үйдегі жеңгесі айтқандай, жеделдетіп жібергісі келді. Бірақ, қапелімде ештеңе жарыла қойған жоқ. Мен ініме шағымданбадым. Жұмыстан шығып, Сырдария аудандық мәдениет үйіне кеңесші-режиссер қызметіне кеттім. Алты айдан соң бір айтулы шарада тағы кездесіп қалдық.
– Аға, мұнда неғып жүрсіз?
– Жұмыстамын...
– Сөзді қойыңыз. Бізге келіңіз. Ең болмағанда, елу шақырым ел аспай, үйден кіріп, үйден шығасыз.
Мен мәдениет саласынан ерте кеттім. Бойымдағы қажырымның бәрін беріп, енді соның рахатын көріп, өсірген, тәрбиелеген іні-қарындастарымның арқасында шәниіп отырамын-ау деген кезде, сол бір қарындасымның қызық қылықтарының салдарынан отыз жылдан астам еңбек еткен жерімнен амалсыз алыстадым.
Телеарнаға кеш келдім. Журналист мамандығым болса да. Беретін жастан гөрі, алатын жасқа жақын елуімде інімнің арқасында телеарнаның табалдырығын имене аттадым. Өзімді қадірлеген жанның құрметіне селкеу түсіргім келмеді. Басым көпшілігі жастар ұйысқан ұжымда алаңсыз еңбек еткім келді. Обалы не, бұрыннан да сәлемі түзу журналистер қауымы жайма-шуақ, жылы қабылдады. «Ағалап» алдымнан шығып, мәре-сәре болып жатыр.
– Міне, енді біздің ұжымда да елуге келген ел ағасы бар...
Менің келгеніме осылай қуанды.
Қазір сол «Қоғамның» қамқоршысы Шаһизаданың өзі де асқаралы алпысқа келіп қалыпты. Байқамай...
Тілеген Бекарыстанов,
Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясының шолушы-редакторы.
Оставить комментарий