Шымкент қаласының тұрғыны Мамырхан Нұрлыбай таяуда ұйымнан 12 млн теңге несие алып, мал бордақылау кәсібін бастады. Келешекке жоспарланған тағы бір жобаның бірі – мал сою бекетін салу. Бұл – табысты екі есе арттырудың төте жолы. Ол үшін мұздатқыш болу керек. Жұмысшылардың жуынатын, киінетін орыны болуы тиіс. Бұл мақсатта тағы да несие алуды көздеп отыр.
– Мал соятын орталық ашу – көптен бергі арманым. Бір жылда 350-400 бас мал тұратын болса, қаражатты айналдыруға мүмкіндік бар. Базарға барсаң етті 1400-1500 теңгеден аласың. Егер жоба іске асатын болса, халыққа тиімді болар еді. Халықтың бәрінің жағдайы келе бермейді ғой. Мал сою бекеті қаржыға байланысты. Қосымша 1,5 гектар жеріміз бар. Оны да демалыс орны етіп, кез келген адам сейіл құрып кете алатын жағдай жасасақ. Яғни, биелерді қатар қойып, қымыз орталығын ашу. Қазір саумалдың бір литрі – 900 теңге болып жатыр. Неге осыны қарапайым халыққа қолжетімді
етпеске?! – дейді өзі.
ҚАСАПШЫЛАР ҚАЛАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТIП ЖҮР?
Мамырхан Нұрлыбай Бәйдібек ауданында туған. 1988 жылы ең алғашқы кооператив құрғандардың қатарындағы азамат. Содан кейін 1991 жылы облыс бойынша жерді мақсатты игеріп, егін еккендердің бірі.
Кәсіп осылай басталды. Жылқының қасиетін ертеден білгенбіз. Өйткені, біздегі жылқылардың көбісі Жабы, Адай және Қарабайыр жылқылары. Неғұрлым жылқы үлкен болса оның етінің құнары нашарлау келеді. Орталау болып, тығыз болған жылқының еті тәтті болады.
Осыны айтқан кәсіпкер азамат қасапшылар мәселесін де қозғап өтті. «Мен қасапшыларды көремін. Адал сойып жүр. Баяғыда КСРО кезінде жылқы, ет соятын орынға кіріп бара жатқанда бұқалардың маңдайынан бір ұратын. Құлатып барып, бауыздайтын. Қаны толық ағып біткеніне мән бере бермейтін. Қазір олай емес. Өзіміздің дәстүріміз бойынша, мұсылмандық рәсімде сойылады», – дейді.
Мал союдың мәдениетін жетілдіру керек. Елімізде еттің сапасы жақсы. Қолдан жасалған дәрумендерден гөрі табиғи түрде семіртуді қолай көреміз. Негізінен, бидай жеген малдың еті тығыз болады. Шаруақор Мамырхан аға осындай ойларымен де бөлісті.
Мал бордақылау бағытында өнімді еңбек етіп келе жатқандардың бірі – «Мүталиева» жеке кәсіпкерлігі. Жанар Мүтәлиева Бадам-2 елдімекенінде етті бағытта кәсіп ашып, дөңгелетіп отыр. Олардың жоспары – жылына 10 тонна ет өндіру. Мамыр айында 36 ай мерзімге 5 млн теңге несие берілген. Яғни, кәсіпкерлер қосымша 23 бас жылқы сатып алыпты. Қазіргі таңда жылқы малын бордақылап, алдағы уақытта оның басын көбейтпек ниетте.
Малды әйел бауыздамайды. Малды міндетті түрде ғұсылы бар адам бауыздайды, сойып, етін бұзады. Мал бауыздар алдында бата жасалып, тәкбір айтылады. Арам өлген малды мұсылман баласы жемейді. Адамның қаны бұзылады, жүрегі қараяды. Діннің ләзәтінен айрылып, адам қылмысқа жүрегі селт етпейтін сезімсіз, имансыз, инабатсыз халге түседі. Малдың етін бұзу аса маңызды шаруа. Өйткені, бір мүшенің еті бір мүшеге кетпеуі керек. Бұл табаққа салғанда қонаққа көрініп қалса ұят болады. Қандай қонаққа қандай табақ тартылатынын, қандай мүше салынатынын міндетті түрде келін енесінен үйреніп алғаны жөн.
Тағабай ҚАСЫМ
http://shymkala.kz/
Оставить комментарий