Созақ ауданында бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда. Себебі, еті де, терісі де бағалы қой үлкен сұранысқа ие екені айтпаса да түсінікті. Қаракөл шаруашылығы - еліміздің шөл және шөлейітті аймақтарының экономикасында ерекше орын алатын Қазақстанның қой шаруашылығындағы келешегі мол саланың бірі. Оның басты өнімі эстетикалық жағынан құнды болып есептелетін қаракөл елтірісі, сондай-ақ қой еті, ірі талшықты жүн өндіру болып табылады. Ал бұл қой тұқымы ұзақ қашықтықта жайыла алады (тәулігіне 10-15 шақырымға), ішілген судың жоғары минералдануын және ауа температурасының күрт ауытқуын жақсы көтереді.Оның үстіне қаракөл қойы тұқымы әлемдегі ертеден келе жатқан мал тұқымдарының бірі болып табылады.
Сондықтан, бұл қой тұқымын сақтау және оның басын көбейту шөлді-шөлейтті аймақтар үшін өте қажет.
Ал сала мамандары көзiн тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған терiскейлiктердiң қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөнiндегi жұмыстары өз нәтижесiн бере бастады. Бүгiнде Созақ ауданында екi бiрдей шаруашылық – «Құмкент» және «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативi қаракөл қойын өсiрумен айналысады.
Тамыз айында «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативi 1238 бас қаракөл тоқтысын Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне экспортқа шығарып, тиiмдi бағада сатты. Шетелдiктердiң қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшiсi жыл соңына дейiн тағы да бiрқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отырғанын айтады.
«Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/
Оставить комментарий