Елiмiзде соңғы жылдары мал шаруашылығына үлкен көңiл бөлiне бастады Мәселен, осы саланы өркендетуге байланысты «Агробизнес – 2020» бағдарламасы қабылданды. Мұнан өзге де көптеген бағдарламалар қолға алынуда. Бұларды iс жүзiне асыруда ғылыми мекемелердiң де рөлi зор.
Бүгiнде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндiрiсi ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары осы бағытта жұмыстар жүргiзуде. Облыс әкiмдiгiндегi кезектi жиында етi жұғымды, терiсi бағалы қаракөл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды.
– Мал шаруашылығын өркендету бағытында Қазақстанда еттi, сүттi iрi қара мал, жылқы шаруашылықтары бойынша палаталар бар. Қазақстан жерi қой өсiруге өте тиiмдi болғандықтан, қой шаруашылығы палатасы құрылған, – дедi Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндiрiсi ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Әбдiрахман Омбаев. – Ендi бүгiнгi жиынның мақсаты – қаракөл шаруашылығы бойынша палатаға бiрiгу. Бұрындары бес-алты облыс тiкелей қаракөл шаруашылығымен айналысқан. Осы облыстарды қамтып, жайылымын қаракөл шаруашылығына пайдалану бағытындағы жұмыстар жасалуы тиiс. Қаракөл қойы шөлдi, шөлейттi аймаққа жақсы бейiмделген. Күнiне 20-30 шақырымға дейiн жайылып, өзiне керектi қорегiн тауып жейдi.
Кезiнде Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 17 түрлi қаракөл түстерiн шығарған екен. Осы тектiк қор әлi де сақталуда. Жуырда Созақ ауданында 1200 бас қаракөл қойы Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне тиiмдi бағада сатылды. Қажылық кезiнде майы аз, етi басым бұл қойдың етiне деген сұраныс жоғарылайтын көрiнедi.
Баян ДАРҒОЖИНА. «Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/
Оставить комментарий