Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкiметтiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде жүктеген мiндеттерiн сапалы әрi мерзiмiнде орындаудың маңызы зор. Облыс әкiмдiгiнiң аппараттық мәжiлiсiнде өңiр басшысы Бейбiт Атамқұлов Елбасы тапсырмасы орындалу керектігін айтты.
Мемлекет басшысы Үкiметтiң негiзгi жұмыстарының бiрi жаппай кәсiпкерлiктi ынталандыру және халықты жұмыспен қамту болуы тиiс екенiн атап өткен-дi. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында 5 өңiрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» пилоттық жобасы iске қосылған. Осы орайда Елбасы Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп, ауылдық жерлерде кооперациялар ұйымдастыру бойынша барлық шараларды қабылдауды тапсырғаны белгiлi. Сол себептi облыс әкiмi Б.Атамқұлов ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру мәселесiне ерекше тоқталды. Ауыл шаруашылығы кооперациялары өнiмдi өткiзу және қайта өңдеумен айналысады. Бейбiт Бәкiрұлының айтуынша, бұл тапсырма, әсiресе, Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби және Ордабасы аудандары үшiн өзектi. Б.Атамқұлов аудан әкiмдерiне осы бағыттағы жұмысты қолға алуды жүктедi. Тұрғындардың арасында кең көлемдi түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп, ауыл шаруашылығы кооперацияларының тиiмдiлiгiне шаруалардың көзiн жеткiзу керек. Өңiр басшысы Түлкiбас ауданы көршiлес Жамбыл облысымен сүт және сүт өнiмдерiн өткiзу жөнiнде ынтымақтастық орнатуы керектiгiн атап өттi.Облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садырға аймақтық даму жоспарын әзiрлеудi тапсырды. Сонымен қатар, осындай жоспарлар бiр аптаның iшiнде барлық аудан, қалаларда қабылдануы керектiгiн ескерттi.
Мемлекет басшысы Үкiметке алдағы 5 жылда игерiлмей жатқан 600 мың гектар алқапты айналымға қосу жөнiнде тапсырма берген болатын. Осыған орай өңiр басшысы облыс аумағында игерiлмей жатқан егiстiк алқаптарды айналымға қайта қосу мен ағын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешудiң маңыздылығына тоқталды. Егiстiктi ағын сумен толық қамтамасыз ету үшiн облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкiмдiктерiмен бiрлесе отырып, апатты жағдайдағы су қоймаларын жөндеу мен жаңаларын салудың жоспарын әзiрлеудi тапсырды.
– Егiстiк алқаптарды суландыру мәселесiн шешуде су қоймаларын салудың маңызы айрықша. Бәйдiбек ауданында үлкен су қоймасы салынып жатыр. Биыл оның құрылысы аяқталуы керек. Отырар ауданында да бұл бағытта жұмыс жүргiзiлуде. Облыстық басқарма барлық аудандарда осындай мүмкiндiктердi зерттеп, жоспар әзiрлеуi тиiс, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/
Оставить комментарий