Оңтүстік Қазақстан облысында мақта терімі басталды

/uploads/thumbnail/20170709105437102_small.jpg

 

Оңтүстік Қазақстан облысында мақта терімі басталды. Қазіргі таңда Мақтарал ауданы мен түркістандық диқандар өнім жинауға кірісті. Жерді өңдеудің жаңа әрі тиімді тәсілін қолданудың арқасында өңірдегі 109 мың гектардан астам жерге себілген шит бітік шыққан.

Бірінші терім қолмен жиналады. «Ол өнімнің сапалы әрі ысырапсыз жиналуына мүмкіндік береді», - дейді диқандар.

Хайрулла Рустамовтың жеке қожалығында алты гектар жері бар. Оның басым бөлігіне көкөніс пен бақша өнімдерін егіпті. Одан мол өнім алған. Енді мақтасын теруге кірісті. Сәуірде себілген шиттің көсегі толық ашылыпты. Жерді өңдеудің тиімді тәсілін қолданып, агротехникалық талаптарды қатаң сақтаған диқан гектарынан 35 центнерге дейін өнім алып жатыр.

Хайрулла Рустамов, шаруа:

- Бағасы естуімізше, келісі 150 теңге айналасында болады. Бұл шығынның бәрін өтейді. Қалтаға да жақсы қалады. Көсегі де жақсы, 9-11-ге дейін салған. Бұрын 6-7-ден аспаушы еді. Шиті ірі салмақты. Терімшілер де қуанып теріп жатыр.

Шаруа жиын-терімді биыл жылдағыдан бірнеше күн ерте бастапты. Өйткені мақтасы ерте ашылған. Ақ алтынға жауын тисе сарғайып, сорты төмендеп кетеді. Сондықтан оны суыққа ұрындырмай жинап алу қажет. Бірінші терімге ауыл адамдарының күшін жұмылдырып жатыр. Әр келісіне 15 теңгеден ақы төлейді. Маусым кезінде осылайша жұртқа қосымша жұмыс тауып береді.

Дилмира Разиқова, Ихан ауылының тұрғыны:

- Таңертең осы жерге ертелеп келеміз. Биыл мақта жақсы. Күніне 100 келіге дейін теріп жатырмыз. Кішкене жүрсең болды, қап жақсы толады. Келісін 15 теңгеден тереміз. Осы жерден напақа тауып, бала-шағамызға киім-кешек аламыз.

Терім жұмыстары Мақтарал ауданында да басталды. Ақ алтынның басым бөлігі егілген Мырзашөл өңірінде биыл өнімділік біршама төмен болатын түрі бар. Өйткені шіліңгір шілденің аптапты ыстығында бірқатар мақта алқаптары қуаңшылыққа ұрынды. Себебі Қырғызстан мен Тәжікстан және Өзбекстан арқылы ағып өтетін «Достық» каналындағы су деңгейі төмендеп, егістік алқапқа дейін жетпей қалды. Салдарынан 28 мың гектар жердегі мақта қанып су ішпеді.

Кеңесбек Алпысбаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Біздің облыстағы ең негізгі егіс егілетін – Мақтарал ауданы. Өздеріңізге мәлім, шамалы су тапшылығы болған. Бірақ бұл мәселеде осы ауданда терең қопсыту тәсілін ендіру нәтижесінде және де минералды тыңайтқыштарды уақтылы қолданудың арқасында өз шешімін тапты. Дегенмен де бұл мәселе бойынша біраз проблема бар.

Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі ақ мақтаның негізгі отаны саналады. Өңірде биылғы жылы 109600 гектар жерге мақта шиті себілген. Өнім жаман емес. Шығым да жақсы. Тіпті кейбір жерлердегі мақта адам бойына жетеді. Шаруалар қара күзге дейін оны төкпей-шашпай жинап алуға тырысып жатыр. Бастысы ауа райы бұзылып кетпесе болғаны.

24.kz арнасы

Оставить комментарий

Связанные Статьи