Түрлі жаңа технологиялар арқылы бүгінде бау-бақшаны жайқалтып отырған азаматтар аз емес. Соның ішінде қаржы мәселесінің шешімін Қазақстандағы БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы аясында арнайы грант арқылы шешіп, шаруасын жолға қойған түркістандық кәсіпкер алдағы уақытта көптеген жобаларды іске асырмақ ниетте. деп хабарлайды,-Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Таратып айтсақ, Түркістан қаласына қарасты Оранғай ауылындағы «Биоген» қоғамдық қорының меншігіндегі жерде «Климаттың құрғақшылығы жағдайларында «жасыл» су үнемдеу технологияларын ілгерілету мақсатында ұсақ шаруа қожалықтары кооперациясының оң тәжірибесін көрсету» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған ауылда 0,78 га жерге тамшылатып және жаңбырлата суаруды пайдалана отырып, 20 парниктен тұратын инновациялық жүйе енгізілген. Парниктерде бүгінгі таңда қызанақ пен бұрыш жайқала өнім беріп тұр.
«Жылына екі рет өнім аламыз. Осы жоба аясында грантты жеңіп алып, жұмысымызды жылдамдатудамыз. Қазір алғашқы өнім бітуге таяды. Енді көп ұзамай келесі маусымға дайындық жасаймыз. Ауыл шаруашылығындағы бақша өнімдерін өсіруде осындай гранттар болып тұрса, кәсіпкер шаруалар өнімді молынан алады деп ойлаймын»,- дейді шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкер С.Мақашев.
Парниктерде қызанақ пен бұрыштың түрлі сорттары өсіріледі. Олардың дені жолға төзімді тұқым түрлерінен. Бастысы экологиялық тазалықты ұстаған кәсіпкер алдағы уақытта осындай таза, сапалы өнімдердің дәмін еліміздің өзге аймақтарына көбірек таттырсам деген ниетте.