«Жұмыспен қамту-2020—жол картасы» бағдарламасы аясында өңірімізде жұмысқа тұрып, отбасын асырап жатқан жандар аз емес.
Облысымызда шағын және орта кәсіпкерлікті берік қолға алған жастардың қатары күн санап артып отыр. Мәселен, Түлкібас ауданында 70-тен астам азамат «Жұмыспен қамту-2020 - жол картасының» шарапатын көріп отыр. Айту керек, бағдарламаға қатысушылардың 50 пайызы - жасы отыздан енді асқандар. «Жас келсе іске» демекші, бұрын жұмыссыз жүрген жастар енді тірлікті өндіріп істемек. Көңіл-күйлері жоғары.
Және тағы бір айта кетерлігі, Түлкібас ауданында Майра Қыдыралиева жақында жиһаз цехын іске қосты. Өзінен бөлек, екі азаматты жұмыспен қамтып отыр. Екі жыл бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Өтініші шілде айында қанағаттандырылып, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы 3 млн. теңге несие алды. Ендігі меже – жарты жылда кеткен шығынның орнын толтырып, табыс көлемін ұлғайту.
Майра секілді арнайы сертификатқа ие болған жандардың қатары биыл 100-ден асқан. Оның 77-сі 202 миллион теңгенің несиесін алып, өз кәсіптерін бастады. Көпшілігі мал басын арттырып, қора-жайларын кеңейтуді көздейді. Ауылды жерде егін және мал шаруашылығымен айналысқан өте тиімді. Себебі, жер бар, су, шөр бар. Ең бастысы, ниет болса болды. Істеймін деген адамға мемлекет шектеу қоймайды.
Түлкібас ауданында бүгінде жұмыссыз жүрген жандардың саны 1300-ден асады. Мемлекет қолдауы арқасында бұл проблема алдағы екі-үш жылдың көлемінде түбегейлі шешілмек.