Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Тамақ өнеркәсібі саласындағы жабдық пен технологиялар» - AgroProm Shymkent 2016 көрмесі өтіп жатыр.
Көрмені ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Оңтүстік» индустриялдық аумақты басқару компаниясы» ЖШС қолдауымен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
Мақсат – агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, жаңа технологияларды және жабдықтарды таныстыру, шағын және орта бизнесті дамыту.
«Мұндай көрмелер тамақ секторы ірі өндірушілерінің арасындағы бизнес байланысты нығайтуға, жалпы индустрияда тәжірибе алмасуға сеп болады. Қазір біздің өңірде тамақ өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылуда. Етті қайта өңдейтін 43, сүтті қайта өңдейтін 38, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Инвесторлар тартылып, өзге де жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда», - дейді ОҚО кәсіпкерлік индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев.
Көрмеде азық-түлік, сусын, жеміс-жидек, ет және шұжық өнімдері арқылы тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген 60-қа жуық компания қала тұрғындарына өз тауарын ұсынды. Олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Жамбыл, Алматы өңірлерінен келген компаниялар да бар.
Бірі әрі бірегейі – көрші Жамбыл облысының 80 жылдық тарихы бар «Меркі сыр зауыты».
«40 түрлі сүт өнімін шығарып, 140 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Зауыт ашылған күннен бастап тұтынушыларымызға тек табиғи өнім ұсынып келеміз. Қаржылық жағдайға қарамастан жұмыс тұрақтылығын сақтап қалдық. Ал бағасы халықтың қалтасына тиімді. Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары да біздің өнімдеріміздің тұрақты тұтынушыларына айналғанын қалаймыз», - дейді директоры Дастан Айтөленов.
Қала тұрғындары мен қонақтары отандық өнім өндірушілердің тауарын арзан бағада сатып алуларына болады.
Оставить комментарий