Дін істері комитетінің өкілі «Диапозон» Ақтөбеде 5 маусым күні болған терактіге қатысқан радикалдардың қалайша теріс ағым жетегінде кеткенін айтып берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Комитеттің діни сараптама басқармасының басшысы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, Ақтөбедегі радикалдар бірнеше топқа бөлінетін көрінеді. Ол мысал ретінде маусым айының басында теракт жасаған Таңатаров пен Айтуған тобын келтіре отырып, аталған топтар қатарын қалай толықтыратынын айтып берген.
«Мен түзеу мекемесіне барып сөйлескен сотталған жігіттердің бірі адамдардың радикалдарға қалай қосылатынын айтып берді. Бұл оның өзінің басынан кешкені болуы да мүмкін. Біреудің келіншегі ауырып қалып, ақша керек болған. Қарыз сұрағанда ешкім бере қоймаған. Бірақ, таныстары арқылы оған біреулер хабарласып 40 мың теңге ұсынған. Кейін ол қарызды қалай қайтарудың жолын да айтқан. Ол үшін әлгі адамдармен бірге бұрын қолданылған қалта телефондарын арзанға сатып алып, сатумен айналысу керек болады. Тіпті, жұмысты бастау үшін бастапқы капитал ретінде 100 мың теңге ақша және береді. Осылайша жұмыс басталып кетеді. Біраз уақыттан соң оған діни лекциялар жазылған аудиожазбалар береді. Сөйтіп, ол жігіт радикал топтың құрамына өтеді. Олар негізінен мешітке көп бармайды, өз пәтерлерінде жиналып, уағыз тыңдайды. Таңатаров пен Айтуған тобы да осындай», - деген Б. Мырзаев.
Маман радикалдар қатарын толықтыру үшін қиын жағдайдағы кісілерге көмектесу әдісі пайдаланылған. Келесі әдіс – адамдардың эмоциясына әсер ету, оларды «әділетсіздіктерге» қарсы қойып, «зардап шеккен адамдарға» аяшулылық туғызу.
«Радикалдар өз мүшелерін Сирияда мұсылмандар жазықсыз қырылуда, ал, олардың әйелдерінің ары тапталуда деп алдайды. Сосын барып елдің эмоциясына әсер етеді. «Мұсылмандарға біз араша түспесек, кім араша түседі? Ана дүниеде сендер мұсылмандардың бетіне қалай қарайсыңдар?» дегендей сөздер айтады. Шет қалған адамдар о дүниеде тозаққа барады деп қорқытады. Осындай уағыздарға діни білімі жоқ адамдар иланады. Олар радикалдардың жетегінде кетеді. Олармен сөйлескенде бір кездері Ақтөбе облысына келіп, уағыз жүргізген ресейлік содыр Саид Буряцкийдің ықпалы қатты болғанын білдік», - дейді комитет өкілі.
Оставить комментарий