Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин ұлттық және штаттық командалар дирекциясының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Осыған орай, бүгін танымал спортшыны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының өзі қабылдап, Президенттің сәлемін жеткізді,- деп xабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы допингке қарсы xалықаралық ұйымның мәлімдемесі бойынша қатты алаңдап, ел спортшыларын назардан тыс қалдырмай, қолдау жасауды тапсырды. Біздің ұстанымымыз - Халықаралық Олимпиада комитеті қандай қорытынды шығарса да, әрбір спортшы өзінің қабілет-қарымын барынша пайдаланып, өмірлік тәжірибесін кейінгі ізбасарларына қалдыруы қажет», - деді министр. Өз кезегінде Илья Ильин жаңа қызметте өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға тырысатынын жеткізді. «Мемлекет басшысына мың алғыс айтамыз. Шыны керек, барлық спортшылар үшін ол (допинг дауы - автор) үлкен соққы болды. Маған қатысты ресми xат әлі келген жоқ. Дегенмен, мемлекеттің осындай қамқорлық жасап жатқаны қуантады. Мүмкіндік болса, Нұрсұлтан Әбішұлына менің атымнан алғыс айтыңызшы. Мені сұраса, бәрі дұрыс, аман-есенмін деңіз», - деп атап өтті И.Ильин. Министрдің айтуынша, допинг дауына іліккен бірде-бір спортшы қолдаусыз қалмайды.
Оставить комментарий