«Қамшы» порталы мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты Ұзынағаш ауылында болған қылмыстық істі жіті бақылап, оқырмандарын ақпараттандырып келеді. Жақында ғана, аталған қылмысқа қатысты тергеу ісі аяқталып, қылмысқа қатысты үшінші күдікті бар екені белгілі болған еді. Тергеу аяқталғанына байланысты Қамшы тілшісі қасақана өлтірілген марқұмдардың туысқандарына жолығып, аяқталған тергеу жұмыстарын, Ұзынағашта болған «кісі өлімі» оқиғасының жаңа қырларын біліп қайтты.
Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын.
Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.
Қамшы тілшісінің тергеу жұмыстары туралы сұрағына марқұмдардың туыстары төмендегідей жауап берді:
Тұрсын Әмірбайұлы:
Бұл істі заң органдары тексергеніне, әрине, рақмет айтамын! Біз, сондай болса қылмыскердің екі-ақ адам екеніне әлі сенбейміз.
Біріншіден: Олардың мал базардан шығып, 4-5 малды базарда саттым дегені өтірік. Оны ешкім көрмеген. Ол жердегі жігіттер малдың көліктен түсірілмей базардан шығып кеткенін айтады. Қайтыс болғандар базардан шығар алдында үйімен телефонда сөйлесіп, малды түгел бір жерге апарып беретінін айтқан. Осы жағы әлі ашылған жоқ.
Екіншіден: Мылтықтың иесіне әлі ешқандай заңдық жауапкершілік қузалмады. Мылтығын неге басқа біреуге береді? Мылтықты неге адам атуға береді? Қылмыскердің үйінен неге рұқсатсыз мылтық шығады. Ұсталғандар алғашында мылтықты басқа біреуден алдым деген. Кейін немере туысқан ағасынан алған боп шықты. Үйінен тағы бір мылтық шығып жатыр. Қалың мылтықты жинап алса да үлкен қылмыс ашылмай тұр. Біздің жігіттеріміз үйінен ақша алып қайтуға тиісті болған. Бұларды зорлап апарған болуы керек. Оған екі жігіттің шамасы қалай жетеді қастарында адам болмаса? Қылмыскер өзі «джип» көлігі келгенін айтады, ол көлік неге барды? Не қылған көлік???
Қылмыскер Талғат: «алдымен 8 бас малды түсіртіп, айдатып апарып Мұқиятты аттым, одан соң 12 басты түсіртіп Жарқынды аттым, одан соң барып Қаділбекті аттым» деген. Біздің жігіттер ешқашан сатқан малын бөліп-бөліп түсірген емес, түсірсе бірден бәрін түсіріп береді. Иен далада мылтықтың дауысы шығып жатқанда жігіттер «өлудің» кезегін күтіп тұратыны ешқандай да ақылға сыймайды.
Бұдан қылмыскерлердің қылмысты ойдан құрастырғанын білуге болады. Бұл зорлықпен жасалған қылмыс. Жанында топтық адам бар. Мылтықпен қорқытып апарды ма? Әлде қалың адам қоршап тұрып бірден атты ма? Қылмыскерлердің айтқан жауабына біз сенбейміз. Сотқа дайындалған сегіз томдық тергеу жұмысының көп бөлігіне разы емеспін. Ең разы болмайтын жерім малдың мал базардан шығатын тұсы, 41 паспортты да полицияға берген болса, 5 бас мал қайда кетті? Қайда апарды? Қандай қылмыскерге берді? Ол жағын айтпаған. Біздің жігіттерге «ақша бердім» деген. Ал олар ешқандай да ақша алмаған.
Үшінші қылмыскер Бақыт деген әлі бостандықта жүр. «Қадылбекті атқандарын көріп, қорқып қашып кеттім» депті. Көре тұрса неге тиісті орынға мәлімдемейді? Ол да қылмыскердің бірі ғой.
Біздің жігіттер сақтанып жүретін жігіттер болған. Екі адамның айдауына түсе қоймайды. Бұл қылмыстың ұйымдасқан топтық қылмыс екені ақиқат. Бұдан бұрын да бұндай ақшасы жоқтарға барып, малды түсірмей кеткен. Сараптамада Мұқияттың аяқ киімі жыртылғаны, Қаділбектің басынан қатты соққы алғаны белгілі болды. Бұлардың көптеп жағаласқаны белгілі. Мен мемлекетімізге, заңға сенем. Сондықтан да:
Біріншіден, осы топтық қылмыс түгелдей ашылмай, біз, разы емеспіз.
Екіншіден, марқұмдардың туыс туғандары атынан қылмыскерлерді түгелдей атуын, көздерін құртып, өлім жазасына кесуін талап етеміз!
***
Еркін Бейсекей:
Біздің тергеу барысындағы жұмыстардың көбіне көңіліміз толмайды. Тергеу жұмысы біткеннен кейін, біз, іспен түгелдей танысып шықтық. Істің сегіз том болып, сотқа жіберілгені туралы прокуратурадан бізге қағаз келді. Сот қараша айының 15-теріне таман болады. Сотқа дейінгі тергеуге көңіліміз толмаған жайттар:
Бұрын сотталушы Сүлейменов «қаруды Валерия деген орыстан сатып алдым» деп айтқан болатын. Қазір тергеу ісінде басқаша болып тұр. Басқаша болатын себебі, оның Сүлейменов Жанай деген ағасы бар екен. Бұрын полиция қызметкері, полиция бастығы болса керек. Қазір ауыр сырқатпен ауруханада жатыр дейді. Сотталушы Сүлейменовтің қаруы сол полиция болған ағасының қаруы болып отыр. Сүлейменов Жанай ауруына байланысты тергеу тоқтатылған. Тек жауаптар алынса керек. Бұл қылмыстың ұйымдасқан қылмыс екені көріне бастады. Осы уақытқа дейін Байқасымов Бағдат деген жігіт мүмкіндігі бола тұра қылмысты мәлімдемеген. Оған да қылмыстық іс қозғалды. Үкімет басынан да, құзырлы органдар басшысынан да сұрайтынымыз, осы қылмысты толыққанды ашып берсе, қылмыскерлерге әділ жаза кессе екен!
***
Адал Зарлыхан:
Заң тергеп тексеріп жатыр. Қылмыскерлердің жауабы үш түрлі болып тұр. «Мал базарда тұрғанда малдың төртеуін базарда саттық» деген. Мал базарда жүрген ағайындар мен таныстар базарда марқұмдардың көлігінен ешқандай да мал түспегенін айтып отыр. Екіншіден, Жарқынның әкесі сағат бірден жиырма минут кеткенде ұлына хабарласқанда «бірде бір малды түсірмегенін» айтқан. Бірақ, «Қырғызстан шекарасына таяу жерге алып бара жатырмыз. Бірде бір малды түсірмедік» деген.
Сотталушы Талғат қазір тергеуде мойындаған сөзінде «Мұқият марқұмды 8 тайыншаны түсіртіп алып, талға қарай айдап бара жатқанда аттым» деген. Ал, Мұрат болса, «Талғат екеуі менің көлігіммен барып, Бақытқа кезігіп, қайта келе жатқанда шалға сөйлесіп келейік деп түсіріп алып қалып, атып тастап келіпті. Қолында таяғы бар» деген. Екеуінің сөзі екі түрлі болып отыр.
Үшінші сотталушы болса, Талғат алдымен келіп өзіне жолыққанын айтады. Астында аты бар болған. Қылмысқа қатысы жоқ болса неге шауып барып заң органына мәлімдемеген? Қылмыскердің қылмыс ішінде бар екені анық.
Ал, Талғаттың әйелі болса қару-жарақты жасырған екен. Ол жауабында: «18-і күйеуім үйде болды» деген. Ал, Талға үйде болса біздің бауырларымызды кім өлтірді?
Тергеу жауаптарының өзінде осындай әртүрлі жауаптар болып жатса, істің шикі екені белгілі емес пе? Менің інілерім ешқашан сатқан малын бөлек-бөлек түсіріп сатпайтын. Берсе бір жерге, бір адреске түгел апарып беріп жүрген. Малды шашу шашқандай таратып жүруі мүмкін емес. Заң органдары осындай ойдан құрастырылған «мойындаудың» шынайы бейнесін ашып, қылмыстың әділ бағасын берсе деймін!
***
Айта кетер болсақ, Аталған қылмысқа байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Алматы облысында қылмыскерлер ұсталғаны белгілі болды, тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл халықты алаңдатып отырғандықтан, бұл жайында бізге мәлімет берсеңіз» деп, Қалмұхамбет Қасымовқа істі толықтай өз бақылауына алуын тапсырған болатын.
Тіпті, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: ««Алматы облысында үш ағайын мал үшін өлтірілді, 9 бала жетім қалды. Бұл қасірет. ІІМ мұқият тергеу жасап, кінәлілердің бәрін жазаға тартатынына сенемін», - деген еді.
Біз де, Жоғарғы биліктің өзі назар аударған қылмыстың толықтай ашылатынына сенеміз. Алдағы уақытта «Қамшы» порталы іс барысынан үзбей хабар беріп отыратын болады.
Қамшыгер: Ерлан Төлеубай
Оставить комментарий