21 мамыр ҚЖО-ның әдебиетшілер үйінде ақын, Түркі дүниесі жыр фестивальдерінің дипломанты Дәулетбек Байтұрсынұлының «Алла, сенің арқаң» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті төрағаның орынбасары, ақын Маралтай Райымбек құттықтау сөзбен ашып берген соң, ары қарай поэзия кеңесінің Төрағасы, ақын Әділғазы Қайырбеков кеш тізгінін қолына алып жүргізіп отырды. Ақын шығармалары туралы Т.Тәшенов баяндама жасады. «АнАрыс» баспасынан шыққан «Алла, сенің арқаң» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі жасалды. Ақын Р. Ниязбек, сыншы Б. Сарбала, жазушы С. Елубай, Ж. Ахмади, С. Әсіп, А. Ашири әдебиетші ғалым А. Ісімақова, М. Ахет пікір білдіріп, ойларын ортаға салды. Бүгінгі таңдағы мінәжат жанрының өкілі болып қалыптасып келе жатқан ақын туралы атап өтті.
Кеш барысында туысқан түркі мемлекеттерінен: Түркия, Әзербайжан, Қырғыз елінен құттықтаулар болды. Жоғары оқу орындарынан, газет-журнал мекемелерінен арнайы құттықтаулар оқылып, сый-сияпаттар ұсынылды. Ақын өлеңдерінен композиция жасалып, қойылым көрсетілді. Соңында өзі де екі өлең оқып, кешке келген қонақтарға рахмет айтты. Қырғызстан Жазушылар одағы «Нұр Борбор» шығармашылық Академиясының шешімімен «Молда Бағыш» атындағы Халықаралық әдеби сыйлықты (Молда Бағыш Сарыбайұлы(1888-1937)) берді. Оның алтын дипломын, медалін және ақшалай сыйлығын Қырғыз Жазушылар одағы Төрағасының бірінші орынбасары, ақын Нұрлан Қалыбеков тапсырды.
