Жапондық жүрек (Әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170709150409963_small.jpg

Қарағайдың бұталарында бір-бірімен жарыса секірген тиіндерге ұнтақталған жаңғақтар шашып, олардың таласа-тармаса жүгіргендерін қызықтаған   Ажар, еркелей жымыңдаған жұлдыздар кешкі  аспанда жамырап шықса да  саябақтың түкпіріндегі орындықта тапжылмастан отыр.

 Каидзиро. Кітаптарда жазып, кинода көрсетілгендей бір көргеннен көңілі құлай кеткен жоқ.  Жәй, қызметтестердің арасындағы  сыйластық қана.  Ажар соған сенімді еді. Сезімін алғашқыда ұяла білдірген Каидзиро ғана олай ойламаған сияқты.  Дене бітімінің нәзіктігіне қарамастан, табанды жігіт болып шықты. Ұзын бойлы, иығымен көк аспанды тіремесе де бойшаң,  жауырыны қақпақтай, ер тұлғалы, қасы-көзі қиылған ханзаданы аңсап, қиялдап жүргенде  жұқалтаң өңді, жұқалтаң денелі  жігітті қалайша ұнатып қалғанын да білмейді. Ізеттілігі ме, білімділігі ме, болмаса мәдениеттілігі ме, әйтеуір біртіндеп өзіне тарта берді. Оны бір күн көрмесе, дауысын бір күн естімесе, табиғатынан сабырлы Ажарды тану мүмкін болмай қалады. Осыншалықты сезімге берілгішпін деп бұрын-соңды ойлап көрмепті.

Каидзиро. Тілі бұратыла бергесін, қазақшалап оны Кенже деп алған.  Ат арытып жете алмайтын, қиян түкпірдегі теңіздің шетінен келген жігіт. Сыпайылығын ұнатты ма, әлде жүрек қылын таба білді ме, ол жағын қыздың жүрегі түсінбей-ақ қойды. Көне қорғандарды зерттеумен айналысатын жанның осында келгеніне үш жыл.  Қыз-жігіт болып, бір-біріне сезімдерін білдіріп жүргендеріне де үш жылдай болыпты. Жігіт дейді-ау, орда бұзар жастан бес-алты  шақырым асып кеткен азамат.  Өздері аралас-құралас құрбы-достарының арасында сіңісе бастаған  дәстүрге сай, кеше  жүрегін ұсынып,  өмірлік жары болуын өтінген. Ажар бастапқыда қуаныштан бір орында тұрақтамай, Каидзиро-Кенжені шөпілдетіп сүйе берген. Бұған салса, бүгін-ақ неке сарайына барып,  әдемі, нәзік саусақтарына неке жүзігін салуға бар. Бірақ...  жауынды күні төбесі жабылмай қалған үйдің қабырғасынан аққан тамшылардай,  қуанышының сәт сайын селдірей беретінін сезбеген де, білмеген де еді. Оған себеп,  Кенже екеуінің арасында болған әңгіме. 

Қанша дегенмен жасы отыздарға келіп қалған бойжеткен, қанша жерден ұстамды боламын дегенімен,  бір бүтін боламыз  ғой  деген ой қамшылады ма,   бала жетектеген, сәбилерімен шүйіркелескен  құрбыларына қарап,  түн баласы армандап, қиялға беріліп кететіні  себеп болды ма, үйлену  туралы  Кенженің  сөз салуын атап өткен кеште  «Бір қызымыз, бір ұлымыз болады, иә» деп қойып қалғаны. Бұндайды болашақ күйеу күтпеген сияқты, жұқалтаң өңі қызарақтап, сасқалақтап қалды. 

«Жүгенді  Кенженің өзіне бермей, қыз басыммен қойып қалғаным ыңғайсыздау болды-ау» деп ойлап та үлгерген.

Жалдамалы пәтерге жеткенше екеуі де үнсіздікте болды.

- Оны, енді, кейінге қалдырсақ,- пәтерге жетісімен бар айтқаны осы болды болашақ күйеудің.

Ажар таңырқай қараған. Несіне кейінге қалдырады, әлде, бөтен елдемін деп, өзін сенімсіздеу сезінгені ме? Еліне қайтар уақыты да таяп қалды, өзімен бірге ерте кетпекші еді ғой Ажарын.

Ажардың көктемнің алғашқы күніндей жарқырап тұрған көңіл-күйінің бір сәтте қоңырқай тартқанын көріп, Каидзиро-Кенже  сүйіктісінің бұл қылығын түсінбеді. Жұмсақ күлімсіреп, Ажардың бетінен өпті. Каидзиро-Кенжеден қышқыл  шараптың иісі сезіледі.

- Бала деген ол- үлкен жауапкершілік,-деп бастады сөзін.

Ажар басын шұлғыды.

- Материалдық жауапкершілік. Оны өсіріп-жеткізуге, оқытуға қанша қаржы кететінін есептеп көрдің бе?

Ажар басын шайқады.

- Оған өте көп қаржы кетеді. Өте көп. Осы жасқа дейін жиған-тергеннің  түбі көрініп қалуы да мүмкін.

Ажар таңырқай қарады.  Түсінбеді.

- Үйленгеннен кейін біздің елге барып тұрамыз деп шешіп едік қой.

Ажар басын изеді.

- Өзің білесің, бізде жұмыс сендердегі сияқты емес, ұзаққа созылады, әбден қараңғы түскенше. Тіпті, жұмыста түнеуге де тура келетін кездер болады.

- Олай жұмыс істеудің не қажеті бар? – Ажар таңданысын жасырғысы келгенімен, бет-әлпетінен білініп-ақ тұр.

- Көп жұмыс-көп ақша. Ақшаң көп болса, сыйлы-құрметтісің.

- Жұмысты жақсы көресіз бе?

Енді Каидзиро-Кенже таңырқай қарады сүйіктісіне. Жұмысты қалайша жақсы көрмеуге болады?

- Көп жұмыс-көп ақшаның кепілі.

 - Ақшаны соншалықты жақсы көресіз бе?

Каидзиро-Кенже күлімсіреді.

- Тіпті, баладан да артық жақсы көресіз бе?

- Ол жағын ойлап көрмеппін.

Өзін түсінетін,  шынайы жақсы көретін жанға тұрмысқа шығып, ана болсам деп, ұзақ жылдар бойы  армандап келген Ажардың жүрегін біреу аяусыз жаншып жатқандай, сыздап кетті.

- Ақшаны өз  өміріңізден де артық жақсы көресіз бе?

Каидзиро-Кенже күлімсіреп, Ажардың қуарып кеткен бет-әлпетін көріп, басын изеді.

- Кенже, тіпті, сол үшін баладан да бас тартпақсыз ба? Ал ақша  сізді жақсы көре ме?

 -Ол жансыз дүние ғой, ол мені қалай жақсы көруі мүмкін?

- Ендеше, жылуы жоқ, сезімі жоқ  жансыз дүниені неге жақсы көресіз?

- Ол көптеген материалдық игіліктер әкеледі, оны өзің де білесің.

- Кенже,  cонда сіз ақша үшін өмір сүресіз бе?

Онсыз да белгілі нәрсеге Ажардың соншама қадалып қалғанына Каидзиро-Кенже қайран қалды.

- Ал сен ше? Сен не үшін өмір сүресің?

 -Ұрпақ өрбіту үшін. Сіз айтқан сол материалдық игіліктерді балаларды өмірге әкеліп, өсіріп-жеткізуге, оқуына, үйленуіне  жұмсауға болмай ма?

Үйлену демекші, қарызға той өткізетін жігітке бірде-бір жапон қызының тұрмысқа шықпасы бесенеден белгілі жәйт. Осында жүргелі Каидзиро-Кенженің бір ұққаны, мына жақтың жұрты қайтарымы  нешеме жылға созылатын  қарыз алып, той өткізгенді мақтан тұтатыны, тіпті,  өзара бәсекелестік те бар сыңайлы. Өз ұғымына тағы бір қайшы келетін  тұсы, алпамсадай еркектің екі қолын бос қойып, жұмыссыз ербиіп жатуы. Оны былтыр сүйікті Ажары әпке-жездесімен таныстырғанда көрген. Жұмыссыз еркек – сүйкімсіз еркек. Бірде-бір жапондық әйел жұмыссыз еріне бір жылдан артық шыдамайды. «Қош бол, көкем көргенше» деп, іргесін бірден аулақ салады. Ал, Ажардың әпкесінің жеті жыл бойына тырбанып, табыс тауып,  жұмыссыз сандалып жатқан ерін асырап-бағып отырғаны Каидзиро үшін жұмбақ күйінде қалды.  Екі қызын ұзатқан екен, рахаттанып өмір сүрудің орнына масыл күйеуді неменесіне асырап отыр деп қайран қалғаны бар.

Каидзиро-Кенже Ажардың иығынан құшақтап өзіне тартты. Бір сәтте мұң торлай қалған  көздерінен өпті.

- Ажар, сен мені түсінетін шығар деп үміттеніп едім.

- Білесіз бе, бізде бар байлықты ұрпақтың игілігі үшін жиып-тереді. Біздің елде, ұрпақсыз жанды қуарған ағашпен теңейді.

- Өзіміз үшін, өз қызығымыз үшін өмір сүрсек те ештеңеден құр қалмаймыз ғой.

Каидзиро-Кенже бір сәт үнсіз қалды. Алыста, тым қашықта  қалған еліндегі  әріптестерінің арасында үйленіп, отбасылы болғандары да баршылық. Бірақ, балалы болуға асыққандары некен-саяқ.  Ажары, көрікті де сүйкімді сүйіктісі   бұны бір айтқаннан, сәл ғана емеуріннен түсінетін еді,  бұны жан-дүниесімен жақсы көретініне сенімді еді.  Қажып-талып, күні-түні компьютерге тесіліп,  шаршаған миын сабалап, ел қатарлы өмір сүрсем деп тірнектеп жиып, бар тапқан-таянғанын қиялындағы ұрпақтарға қалайша шашуға болады? Ажарының неге өзін түсінбейтінін, түсінгісі келмейтініне бір сәт қапаланып та қалды..

Өмірлік серігім болар, иық артар азаматым деп бүкіл тағдырын,  жан-жүрегін  уысына ұстататын  жанның  неліктен бұлай ұсақталғанын Ажар түсінбеді.

Каидзиро-Кенже ас бөлмесіне барып, тоңазытқышта тұрған жарты шөлмек шарап пен екі бокал әкеп, қызыл шарапты сыздықтата  құйып, бокалдың бірін Ажарға ұсынды.

- Кенже, - Ажардың дауысы тым мұңды шықты.- Сіздің елге бармай, біздің елде қала берейікші.

Каидзиро-Кенже Ажарды танып-білген кезінен бері дәл осыншалықты мұңайғанын көрмеген еді. Дауысы да қашанда ашық-жарқын шығатын. Ал, қазір...

- Бұл елде біздегі сияқты мол қаржы табу мүмкін еместігін өзің де білесің ғой.

- Менің бала сүйгім келеді.

Ажардың жәудірей қараған көздері жасқа толды. Дауысы да дірілдеп кеткен.

- Бәлкім, бұл жерде аса байып кетпеспіз, бірақ бақытты ғұмыр кешетініміз анық.

Байлық болмаған жерде қалай бақытты болмақшы, бұл Каидзиро-Кенженің санасына жетпеді.

Баласы жоқ, қабырғалары қаңырап тұрған үйде қалай бақытты болмақ, бұны  Ажардың санасы  қабылдай алмады.

Жапондық жүрек Ажарға, қазақ қызына, сүйіктісіне деген ыстық сезімінің серпілгеніне елітіп, тәтті ләзаттың тұңғиық тылсымына бойлай еніп, құлашын сермей қалықтай жүзіп, махаббаттың жұпар ауасын құшырлана жұтып, жүрек түкпіріне адами сәуле түсіп, өзіне бұйырған осынау бақтан басы айналғанымен, капиталистік санасы жүрегім ұрпағым деп соғатын, сол ұрпағы үшін жинаған малын шашатын қыр елінің таным-түсінігін қабылдай алмады.

Каидзиро-Кенже күрсініп, бокалдағы шараптан үнсіз ішті.

Ажардың әдемі боялған кірпіктерінен тамған мөлдір тамшылар  бетін айғыздап, өңіріне тамып жатты.

Бақыт Байтыбаева

Оставить комментарий

Связанные Статьи