Тіліңе ие болмасаң ірі көлемде айыппұл төлейсің. Енді әр азамат ғаламторда жазған сөзі үшін заң алдында жауап береді, деп хабарлайды Bnews.kz. Бұл жөнінде Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің мәлімдемесінен белгілі болып отыр. Ол өз сөзінде: «Заң ең алдымен ғайбат пікір немесе жалған діни ақпарат таратқандарға қатысты. Күдікті жазбалар алдымен арнайы сараптамадан өтеді. Егер біреуге жала жауып балағаттағаны анықталса, авторы жауапқа тартылады және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Болмаса 3 ай қоғамдық жұмысқа тартылады», - деп атап көрсеткен.
Тіпті интернеттегі жазбаның астына адамның ар-намысына тиетін негізсіз пікір жазғандарға 1 миллион теңгеге жуық айыппұл салынбақ. Еліміздің Қылмыстық кодексіне осындай жаңа бап енгізілгелі жатыр. Яғни, ақпараттың жалған екенін біле тұра қасақана қауесет таратқандар бірінші кезекте жазаланады. Егер пікір білдіруші қателескенін мойындаған жағдайда немесе таратқан мәліметі шын мәнінде дәлелденген болса сот жоқ. Сондай-ақ, Меркель әлеуметтік желілерде жиі сыни көзқарас білдіретіндерге де тоқталды. Бас прокурор орынбасарының айтуынша, жеке пікір қалдырған адамның сөзі дәйекпен негізделсе жауапқа тартылмайды. Ал, белгілі біреуден шағым түссе тексеру жүреді.